ҮМІТ ПЕН КҮДІК: Қос ауылға қашан су келеді?
Жалпы қазақ ысырапшылдыққа бой алдырмайтын халықтардың қатарына жатады. Сондықтан болар, біз, әр нәрсенің мұқтаждығына қарай үнемдеуге тырысамыз. Дәл осындай мұқтаждықтардың тізіміне ауыз суды да жатқызуға болатын шығар. Себебі, су біз үшін «тіршілік көзі» саналады.
«Судың да сұрауы бар» деген тәмсілдің мән-мағынасын Қайыңды ауылдық округіне қарасты Сөгеті мен Мамайқайыңды елді мекенінің тұрғындары жақсы түсінеді. Түсінбей қайтсын енді! Талай жылдар бойы суды бір құдықтан үйге де, қорадағы төрт түлікке де тасып ішсек, бізде олардың жағдайын жақсы түсінер едік. Шынымды айтайын ба?! Су құятын құтыны арнайы арбаға салып, сүйреп бара жатқан мектеп оқушыларын көргенде, бір жұтым судың қаншалықты қадірлі екенін аңғардық.
Санаңызда мынадай мәтіндегі сұрақ тұрған болар. Бізді «Аталмыш ауылдар да не істеп жүр?» дейсіздер ғой. Ендеше тақырыпты тарқата отырайық. Бекітілген кестеге сәйкес, өткен аптаның сәрсенбісінде біз Қайыңды ауылдық округінің әкімі Азамат Асанбайдың елді мекен тұрғындарына арналған есебін тыңдауға бардық. Жиынға жергілікті жұртпен бірге қатысып, олардың талап-тілегіне біз де құлақ түріп көрдік. Алдыменен ауыл әкімінің есебін сөгетіліктер тыңдады. Айтпақшы, айта кетейік, аты аталған жиынға аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Базарова да қатысты.
Есепті кездесуде Азамат Асанбай өз баяндамасын қағазға қарамай-ақ айтып, жыл бойы атқарылған жұмыстарды тізбектеп берді. Ауыл әкімі өз сөзінде ауыл шаруашылық, әлеуметтік, білім, мәдениет салаларына кеңінен тоқталып, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында іске асырылған ілкімді істерді баяндады. Кейіннен сөз кезегін тұрғындарға ұсынды. Бір таңғалғанымыз, сөгетіліктер көп мәселе көтерген жоқ. Керісінше, олардың басты әрі жалғыз проблемалары ауыз су екенін айтып, ауыл тұрғындары атынан Сағын Жадыраев ақсақал сөз сөйледі.
Кездесу аяқталысымен-ақ, біз тұрғындармен жеке тілдестік. Ауыл ағасы Дінмұхаммед Қарақұлов есімді азамат расымен де Сөгетіде ауыз су мәселесі өзекті екенін айта келе, соның кесірінен ауылдан жастар көшіп жатқанын айтты. «Ауылымызда медпункт те, мектеп те жұмыс істеп тұр. Көгілдір отынымыз да бар. Бірақ, біздің басты мәселеміз – ауыз су. Үйге де, малға да бір құдықтан тасып ішеміз. Оның өзі бір жарым сағатқа ғана рұқсат етіледі. Бау-бақша егуді, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалануды қойғанымыз қашан?.. Шамасы он жыл болды-ау, осы мәселені көтеріп келеміз. Бірақ, еш нәтиже жоқ. Аудандық және облыстық басшылар осыған назар аударса дейміз», – деп жаңа ғана жиналыс өткен ауылдық клубтың мәселесіне бірден ойысып, ауылда жаңа мәдениет ошағы да бой көтерсе деген тілегімен де бөлісті.
Түскі он екілер шамасында әкімнің есеп беру кездесуі Мамайқайыңды ауылында жалғасты. Ондағы тұрғындар да ауыз су мәселесін сөз етті. Сондай-ақ, тау суын ауылға жеткізу шараларын да жан-жақты қарастырды. Жиында мектеп ауласына қауіпсіздік шараларын қарастыру, жұмыссыздық, медпункттің жұмысын бір ізге қою мәселелері талқыланды.
Жиын соңында ауыл әкімі қос елді мекендегі ауыз су мәселесі жуық арада шешімін табатынын айтты. Дәл қазіргі таңда тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын да сөз етіп, бар күш-жігерін осы мақсатқа жұмсайтынын жеткізді.
Жәнібек СҰЛТАН.