Айқайлай-айқайлай қасқырдан да ұят болды

758 Views

Бұл апта айшықты оқиғаларға толы болды. Олай деуімізге толықтай негіз бар. Неге дейсіздер ғой?! Себебі, аптаның алғашқы күндері аудан әкімінің есеп беру кездесулерімен басталды. Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысы тізілген Ерболат Садырқұловтың есепті баяндамасын алғашқылардың бірі болып Көкдөнен, Ақбұлақ, Қорағаты ауылдық округтерінің тұрғындары тыңдады.
Көкдөнендік тұрғындардың есепті тыңдауға деген ықыласы ерекше екен. Мэлстей сазгер шыққан жердің жергілікті жұрты жиынға ерте жиналды. Біз барғанда олар бір-бірімен әңгіме дүкен құрып, аудан басшысына жолдайтын сауалдарын пысықтап жатты. Бұл нені білдіреді? Бұл – ауыл тұрғындарының ауызбіршілігін, айран­дай ұйып отырғандығын аңғартады. Бұқараның бірлігін біз бұдан бұрын да көргенбіз. Ерсендей ері Швециядан алтын арқалап келгенде де ауыл жұртшылығы дәл осындай бірліктің беріктігін көрсеткен. Хош… Енді есепті жиынға оралайық.Белгіленген уақытта аудан әкімі де ауылға келіп жетті. Ауыл ақсақалдарымен амандасып, бірден есепті кездесуді бастады. Жақсылық пен Көкдөнен ауылдарының тұрғындары ең алдымен ауыл әкімі Төлеген Атабаевтың есебін тыңдады. Ауыл әкімі өз есебінде өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, кейбір шешімі табылмай тұрған мәселелерді де сөз етті. Ауыл әкімінен кейін аудан әкімі Ерболат Салқынбекұлы да мінберге шығып, аудан аумағында атқарылған жұмыстар мен жобаларды жіпке тізді. Біз қос әкімнің де баяндамасын басылым бетіне бұрын жариялап қойғандықтан, оған толық тоқтамай, бірден ауыл тұрғындары көтерген мәселелерді айтуды жөн көріп отырмыз.
Тұрғындар арасынан бірінші болып аудан әкіміне сауалдар легін зейнеттегі ұстаз Әнуарбек Тұрманбетов жолдады. «Жақсылықта жер мәселесі өзекті. Ауылдағы жастар үй салып, орнығайын десе, мүмкіндік жоқ. Себебі, тұрғын үй салуға арналған жерге қол жеткізе алмай жүр қаншама жан. Бұл – бір. Екіншіден, біздің округтен Социалистік Еңбек Ерлері, тыл ардагерлері шыққан. Бірақ бүгінде олардың жатқан жері өкінішке орай, қоршалмай жатыр. Меніңше, ата-бабаларымызға деген құрмет осыдан басталуы қажет. Үшіншіден, ауылда жарық мәселесі де бар. Көшеде жарықшамдар болғанымен, жанып тұрғанын көрмейміз. Бұл олқылық балалардың таңғы сағат 7.45-те сабақта отыруына айтарлықтай кедергі. Оның үстіне ауылда қаңғыған иттер де көп. Сондықтан осы мәселелерді басшылыққа алсаңыз. Төртіншіден, ауылдық округтің әкімшілігінде сырттан келіп жұмыс істейтіндер бар екен. Неге осы ауылдың азаматтары өз округтерінде жұмыс істеуіне болмайды? Тым құрығанда, Жақсылықтан бір адам әкімдікке жұмысқа алынса болады ғой… Бесіншіден, ауыл аумағында жол белгілері талапқа сай емес. Кірпіш зауытына баратын жол мен мектеп алдындағы белгілер бірінде жоқ болса, енді бірінде дұрыс орнатылмаған. Ауылда мәдениет үйі, медпункт, спорт кешені жоқ деп айта беруден шаршадық. Облыс әкіміне дейін хат жаздық. Қаржы бөліп, кезең-кезеңімен іске асыруға болады емес пе? Шынымызды айтсақ, мылтықсыз жүрген аңшы секілдіміз. «Айқайлай-айқайлай қасқырдан да ұят болды» – деп зейнеткер ұстаз өз сөзін аяқтады. Қарша бораған сауалдарға аудан әкімі тұшымды жауап қайтарды. Медпункт үстіміздегі жылы салынатынын, әкімдікке де Жақсылықтан бір адам алынатынын жеткізді. Сондай-ақ, жер беру мәселесі жуық арада шешімін табатынын айтты. Ал, бейітті қоршау мәселесі жақында шешілмейтінін жеткізді.
Келесі болып мінберге Кәрім Ағыбаев, Сәтжан Мамырбаев сынды азаматтар кезек-кезек көтерілді. Олар ауданда атқарылған жұмыстарға өз бағасын беріп, кейбір кемшіліктерді атап өтті. Ал Әмзе Тәжіков округ атауын өзгертіп, оны Дулат бабаның есімімен атауды ұсынды.
Дәл осындай форматтағы жиын түс ауа Ақбұлақ ауылдық округінде де жалғасты. Ондағы тұрғындар әкімдер есебін тыңдап болғаннан кейін округтегі емханаларды жөндеуден өткізу керектігін, денсаулық саласындағы кадрлардың жетіспеушілігін, көшелерді жарықтандыру, Қызылшаруа ауылына мәдениет үйін соғу, интернет жылдамдылығының төменділігі, балабақша алдына ойын алаңын соғу, би үйірмесін ашу сынды мәселелерді көтерді.
Ал Қорағаты ауылының тұрғындары ауылға газ кіргеніне қуанышты. Олар осы үшін де аудан әкіміне алғыс айтты. Алғыс арқалаған әкім бірлік бар жерде тірлік болатынын айтып, біріге жұмыс істеуге шақырды. Дейтұрғанмен, «Қорағаты да барлық мәселе шешіліп қойды» деуге әлі ерте. Тұрғындардың айтуынша, онда мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу, электр сымдарының ескіруі, көшелерге жол салу және жарықтандыру мәселелері өзекті екен. Ал, жалпы қорағатылықтар ортақ шешімге келіп, аудан әкімінің жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға берді.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: