Былтыр салынбаған мәдениет үйі Биыл салына ма?..

506 Views

Бейсенбі күні аудан әкімі Ерболат Садырқұлов пен Көгершін ауылдық округінің әкімі Ержан Айдарханның 2021 жылдың қорытындысы бойынша халық алдындағы бірлескен есебі өтті. Есепті жиын аса бір дау-дамайға толы болған жоқ. Енді Көгершінде газ бұрыннан бар. Мешіт те жаңа. Ауылдық әкімдік ғимараты да «жұпыны» еді. Оның да мәселесі шешілді. Қазір әкімдік басқа ғимаратқа ауыстырылып, нысан күрделі жөндеуден өтті. Ауыз судан проблема жоқ емес, бар. Жаз мезгілінде Абай, С.Таурқұлов, Н.Биғазиев, Т.Рысқұлов көшелерінде ауыз су мүлде ақпай қалады. Бұл көшенің тұрғындары тау аңғарынан келетін ағын суды ұмытқалы қаша-а-а-а-а-аа-а-н?.. Рас, дәрігерлік амбулатория жаңадан салынды. Халық игілігіне жарап тұр. Мектеп те күрделі жөндеуден өтті. Балабақша да бар. Бірақ, бұрынғы балалар бақшасын мемлекеттің меншігіне алып, кәдеге жаратса ғой, шіркін!.. Мәдениет үйінің ғой тегі, жыры бітер емес. Былтырғы есепті жиналыста «биыл салынады» деген. Биыл да «биыл салынады» деп отыр. Көрейік енді. Қос әкімнің баяндамасында да айтылды бұл мәселе. Аудан тарапынан тиісті атқарылатын жұмыстардың барлығы істеліпті. Яғни, 90 орындық мәдениет үйінің жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, ұсынылған. Мемлекеттік сараптамадан өтіпті. Қаржылай қолдау тапса, биыл Көгершінге жаңа мәдениет үйі салынады, бұйыртса. Спорт нысаны да дәл солай.
Бізді қуантқаны, Көгершіндегі Абай көшесіне 2021 жылы асфальт жамылғысы төселді. Дана Абайдың 175 жылдығында төселмеген асфальт өткен жылы төселді ғой, әйтеуір. Оның үстіне, балалар бақшасы да осы көшеде орналасқан. Оған да шүкір. Асфальт төселді, ең бастысы. Биыл М.Әмреев, С.Есенов көшелеріне асфальт төселінеді екен. Жалпы, «биыл Көгершінде көшелердің мәселесі 100 % шешіледі» дейді. Тау тұлғалы Тұрар Рысқұловтың есім-сойымен аталатын көшеге асфальт төселмейтіні өкінішті, әрине. Аудан әкімі осы көшеге барып, өз көзімен көрсе дейміз.
«Асарлатып үй салу» жобасы бойынша да кей ауылдардың екінші үйді тапсырғанын көз көрді. Жазып та жүрміз. Ал Көгершіннің әкімшілігі ауыл тұрғыны, 7 баланың анасы Мадина Қуантаеваға «жаңа жыл қарсаңында» деп атойлатып былтыр тапсырды үйді. Оған да тәубә. Аудан әкімі бұл жұмысты биыл жалғастыру керек екенін айтты. Ауылдық округтің әкімі бұл істі де ұйымдастыруы керек, меніңше. Есепті жиналыс соңында Көгершін ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Серік Өтегенов сөз сөйлеп, ауыл әкімінің де, аудан әкімінің де жылдық есептеріне «қанағаттанарлық» деген баға берді.
Жоғарыда да айттық. Мақала түйінін де сонымен қорытындылайық. «Көгершіндіктер ауылға мәдениет үйі салынса?» дейді. Жауап та берілді. Бәріне уақыт төреші ғой. Ауыл әкімі де, аудан әкімі де келер жылы да «биыл салынады» деп отырмаса болғаны.

М.Аятберген.

Поделиться ссылкой: