Талантпен таныстырамыз
Аға буын өкілдері «Қазір оқушылар оқымайды» деген пікірді көп айтады. Біздіңше, оқитын оқушылар бар. Соның бірі – Ұлан Сейітхан. Ол Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің 11 сыныбында оқиды. Ұлан жақында редакция поштасына өзінің досы, құрдасы Ерсен Станбек туралы эссесін жіберді. Оқыдық. Тамсандық. Сіздің де ұнатарыңыз анық. Ендеше, «Ерсің сен!»-ді оқып көріңіз, алдияр оқырман!
ЕРСІҢ СЕН!
(эссе)
Қазақ айтады: «Ынта болса адамда қиын іс жоқ ғаламда»! Ерсенде ынта, жігер, намыс бар. Оған мен куәмін.
Екі жыл бұрынғы оқиға ойға оралады. Ерсен екеуміз кешқұрым өткен-кеткен әңгімені еске түсіріп, құрғақ сөзді лаулатып отырмыз. Менің «қисық» сөздерімді тыңдап отырған досымның езуінде күлкі. Шамасы, айтқыштығыма езу тартады немесе анығында қызық ол үшін. Жұмбақтап отырғаным не сыр деп отырған боларсыз. Айтайын. Түнеукүні аттан құлағаным бар. Соны бейнелеп отырмын: «Айғырмен тас жолда шауып келе жатып, шаттан қамшымен ұрмасым бар ма? Сол кезде ат тулай жөнелді, үстінде отырған мен оңқамнан түстім. Асық оңқа түседі ғой, дәл солай. Жамбасымда жан жоқ секілді, сыздағаны сонша, екі көзден жас парлап ақты. Жан деген тәтті ғой, шіркін. Ауырғаны сонша, дауыс шығарып жылап отырмын. Сол сәтте өзімнің дауысымнан шошып кетіп, дыбыссыз режимге өттім».
Осы оқиғаны айтып болған соң, Ерсен жуан үнімен: «Мен чемпион боламын» демесі бар ма? Спортқа ебі бар екенін көріп жүрмін. Алайда, «чемпион боламын» дегені түйеден түскендей естілді.
– Жүзуден бе? (Ерсен жүзу, қол күрес, үстел теннисін меңгеріп алған)
– Бұйырғаны…
– Сөйтші, досым. «Бассейні жоқ ауылдан чемпион шықты» деп елдер айтып жүрсін.
– Дайындық болса, жүзуден де жеңімпаз боламын. «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді», – деген қазақ.
– Тәп-тәуір мәтел біледі екенсің ғой.
– Иә, күл-күл. Көресің ертең….
– Ертең сені көрермін, мұғалімді көрермін, басқа не бар еді көретін. Әлде ғашығыңды көрсетесің бе?
– Ой сенде, мен басты айтып тұрсам, сен құлақты меңзеп тұрсың.
– Түсіндім, әзіл болсын деп айтқаным ғой.
– Әзіл әзілімен, бірақ мен анамды, ауылымды қуантқым келеді. Туды алып жоғары көтергім келеді.
– Олимпиада көргеннен саусың ба?
– Жоқ, негізі көптен бергі арманым сол. Ешкімге айтпай жүр едім, досым ғой деп саған сыр ақтарып отырмын.
– Ееее, жуан үнмен сөйлеп отырғаның сол екен ғой. Чемпион бол, саған не кедергі?
– Кедергі өзімнің бойымда. Кедергі ол жалқаулық, соны жеңемін бірінші….Арадағы диалог осымен аяқталды.
Ерсен екі жыл талмай жаттығу жасады, қол күрес жарыстарын үзбей көріп жүрді. Кейде мектепте бізбен қол күрестіреді. Күректей алақанына біз екі қолмен жармасамыз. Алайда, ол әрекетімізден түк шықпайды, жеңіліп тынамыз. Сол бойындағы бұла күш оны біраз белеске көтерді, ел чемпионы, Азия чемпионы деген атаққа жеткізді. Осыдан бір ай бұрын әлем біріншілігіне баратынын білдік. Сонда екі жыл бұрынғы әңгіме ойыма оралды. Ееее Ерсен сөзінде тұратын болды деп бір ойладым да, досыма сәт-сапар тілеп шығарып салдық. Шет елге барып, таңданысын жасыра алмай бір хабарласты. Мен болсам, жылтыраған дүниеге қызыққанды қой, жарысыңа дайындал, – деп ақыл айтып қоямын.
Ерсен елді жерге қаратпады. Әлем чемпионы деген атаққа жетті. Оның чемпион боламын дегені осы жарыс па әлде олимпиада ма? Осы сұрақтың жауабын білгім келеді.
Арманы олимпиада болса, оған да тілектеспін!
Бұл шығарма елдің атын шығарған Ерсен досыма арналады. Сыныптасымның бұл жеңісі әрине батырлық. Өйткені, көзсіз батырлар ғана тәуекелге барады…
Ұлан СЕЙІТХАН,
Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы.