Ауданымызда дәстүрлі кітапханалық конвент кең көлемде өткізілді

62 Views

Өткен аптада Т.Рысқұлов ауданында «Кітапхана және өңірдің мәдени кеңістігі» тақырыбында кітапханалық конвент өтті.

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өткен конвентке 100-ге жуық кітапханашы қатысты.
Конвент қонақтары Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің алаңында «Шежірелі – Т.Рысқұлов, қазыналы – Құлан» этно-ауыл көрме-галлереясын тамашалады.
Жиында Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова модераторлық етті. Кітапханалық конвентті Құлан ауылдық округінің әкімі Еркін Сейітжапаров құттықтау сөзімен ашты.
Іс-шараның құрметті қонағы, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова «Өлкетану – кітанхана қызметінің мағыналық негізі» тақырыбында баяндама жасап, бүгінгі кітапхана келбетіне тоқталды. Сондай-ақ, бірқатар кітапхана мамандарын «Құрмет» грамотасымен, «Кітапхана ісінің үздігі», «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгілерімен және алғыс хатпен марапаттады.
Жиын барысы Тараз қаласының және Жамбыл, Талас, Жуалы аудандарының кітапхана басшылығы жасаған мазмұнды баяндамаға ұласты. Өңірдегі кітапханалардың жұмыс жүйесі, ауқымды жобалар легі таныстырылған соң, Алматы қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының жетекші қызметкері Аян Жолдасов «Кітапханада RFID жүйесі: бүгін және болашаққа жаңа қадам» тақырыбында ой қозғап, пікір білдірді. Ал, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының баспасөз хатшысы Ғалия Абылай «SMM және кітапханашы» тақырыбында өз тәжірибесімен бөлісті.
Тұрар Рысқұлов аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі «Тұрар – Түркі жұртына ортақ тұлға» memory watch іс-шарасын конвент қатысушылары мен қонақтар назарына ұсынды.
Сонымен қатар Жамбыл облысының 85 жылдығына орай облыс кітапханалары арасында ұйымдастырылған «Туы биік, тұғыры берік – Жамбыл елі» өлкетану оқуларын қорытындылап, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті.
Нәтижесінде Т.Рысқұлов аудандық кітапхана жүйесі байқаудың бас жүлдесін иеленді. Ал, жүлделі І орынды Меркі аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі, II орынды Жамбыл аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі, III орынды Талас аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне бұйырды. Одан әрі байқауға қатысып, белсенділік танытқан Байзақ, Жуалы, Шу аудандық кітапхана жүйелеріне арнайы Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Əлия ИСКАКОВА,
аудандық кітапхананың кітапханашысы.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий