Өз өлкеңді танисың ба?
49 Views«Өзгені тану үшін алдымен өзіңді тани біл» деген жалпы адамзаттық қағида ең алдымен туған өлкенің тарихына үңілуді талап етеді. Осы орайда, жақында аудан орталығындағы…
Бүгінде Қазақстан халқының саны 20,0 миллионнан асты. Олардың жұмыспен қамтылған саны – 9,0 миллион адам. Осы жұмыспен қамтылған адамның 7,0 миллионы немесе 75,9 пайызы экономиканың мемлекеттік секторында жұмыс істейтіндер болып табылады. Ал жалдамалы жұмыстағылардың саны 2,0 милион адамды құрайды.
Қазақстан Республикасында 2022-2023 оқу жылында еліміздегі 118 жоғары оқу орындарында (ЖОО) студенттердің жалпы саны 578,2 мың адам. Оның ішінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитындардың саны 228,0 мың адам. Осы оқу жылында ЖОО бітірген мамандардың саны 162,0 мың адамды құрады.
Қазіргі уақытта дипломы бар мамандардың жұмыссыз жүргендері де аз емес. Статистика мәліметі бойынша елімізде жұмыссыздардың деңгейі 4,7 пайызды құрайды. Оның ішінде 15-28 жас аралығындағылардың жұмыссыздық деңгейі – 3,3 пайыз.
ЖОО бітірген жас мамандардың 20-30 пайызы ғана өз мамандықтары бойынша жұмысқа қабылданып, қалғандары мүмкін болған жағдайда құрылысқа, күзетке және басқа мамандық бойынша жұмысқа орналасады.
Мемлекеттік грант бойынша мамандық алғандардың арасында да жұмыссыз жүргендер баршылық. Мемлекет қаржысы есебінен мамандық алғандардың өз мамандығы бойынша қызметке орналаса алмауы құптарлық жағдай емес. Бұл өз кезегінде мемлекет қаржысының мақсатсыз және тиімсіз жұмсалуы болып табылады. Сондықтан гранттар бойынша мамандық алғандардың кез келгенінің сұранысқа ие болуы және олардың жұмысқа қабылдануы қамтамасыз етілуі тиіс.
Білікті және сұранысқа ие болатын мамандарды дайындауда дуалды оқу әдісін (оқушыны оқу орны мен өндірісте қатар оқыту) енгізудің маңызы зор. Дуалды оқыту әдісі әлемнің дамыған елдерінде Германия, Англия, Швеция, Оңтүстік Корея, Нидерланды, Данияда оң нәтижесін беруде. Жүйенің артықшылығы жастардың жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғарылап, теория мен тәжірибені қатар меңгерген түлек дайын маман болып, оқуды бітірген соң еңбекке тез араласады. Бастысы жұмыс берушілердің сұранысына сай маман атанады. Бұл өз кезегінде жас мамандардың жұмысқа қабылдануына жол ашады. Жас мамандардың дуалды оқу барысында болашақ жұмыс орындарындағы қызметтердің мазмұны мен міндеттерін меңгеруіне мүмкіндіктер туындап, маман ретінде тез қалыптасуына қол жеткізеді.
Осы айтылған қорытындылардың дәлелділігін Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Қаржы және есеп» қафедрасының тәжірибесінен көруге болады. Аталған кафедрада дуалды оқытуды енгізу мақсатында Тараз қаласындағы «Жусан банк», «БанкЦентрКредит» акционерлік қоғамдарымен және «Жамбыл облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаметі» республикалық мемлекеттік мекемесімен, «ТаразКожОбувь» ЖШС келісім-шарт негізінде өзінің филиалдарын ашып, студенттерге дәріс оқуға және олардың өндірістік тәжірибеден өтуіне жағдайлар жасалынған. Осы банктер мен департаменттің білікті мамандары студенттерге дәріс оқып, өндірістік тәжірибеден өтуіне жетекшілік жасауда. Дуалды оқу барысында институттың бірнеше студенттері сол банктерге қызметке қабылданып, бүгінде білікті маман ретінде қызмет атқарып жүр.
Кез келген қоғамның қозғаушы күші – жастар. Жаңа идея да, тың бастама да жастардан шығады. Сондықтан мемлекет басқару ісіне кадрлардың жаңа буыны келуі тиіс. Бұл уақыт талабы. Әр заманның өз қайраткерлері мен өз кадрлары болады.
Жастар арасында жұмыссыздықты жоюда, мамандықты таңдауда қателеспеудің мәні өте зор. Мамандық таңдаудағы қателiктер адам ресурстарын тиiмсiз пайдалануға және қоғам үшiн экономикалық шығынға әкеледі. Сәйкес келмейтін мамандықты таңдаған студенттер олардың мүдделері мен қабілеттеріне сай келмегендіктен материалды игеруде қиындықтарға тап болғандықтан оқуларын тастап кетуі немесе мамандыққа ие болған жағдайда да жұмысқа орналасуға ынталы болмауы мүмкін.
Статистиканың мәліметі бойынша жылда 2000-ға жуық студент гранттан бас тартады екен. 2022-2023 оқу жылында 71,5 мың студент қабылданған болса, ЖОО оқып жүрген студенттердің 68,2 мыңы әр түрлі себептермен оқудан шығарылған.
Мамандықты дұрыс таңдау адамның тағдырына оң әсерін тигізеді. Яғни жастардың мамандықтың үлкен әлемінде өз орнын табуын, қоғамға қажетті және еңбек нарығының сұраныстары мен мүдделеріне сәйкес маман болуын қамтамасыз етеді.
Қазір мамандықты таңдауға көмектесетін арнайы әдістемелерге негізделген тесттер бар. Олар жастардың жеке ерекшеліктеріне сүйене отырып, өзінің қабілеттерін толық аша алатын мамандықты таңдауға мүмкіндік береді.
Әлемнің дамыған елдерінде осы әдістерді қолданып жұмыс істейтін орталықтар бар. Тест тапсыру арқылы оқушы өзінің қандай салаға қабілетті екенін және өзінің қандай қасиеттерін дамыту керектігін анықтайды. Қорытындысы тест тапсырушының электрондық жәшігіне жіберіледі. Бұл мамандық таңдауда үлкен септігін тигізеді.
Әрине, осы тестерді қолдану мамандық таңдаудағы барлық мәселелерді шешеді деп айта алмаймыз. Дегенмен мамандық таңдағанда ЖОО немесе қаланың (көп жастардың таңдауы Алматы, Астана қалалары)беделіне қарай шешім қабылдағаннан гөрі өзінің мамандыққа деген қабілетін бағалап және оларды жетілдіруді қолға алған жағдайда болашақ мамандықты таңдауда қателесудің деңгейі төмендейтіні шындық.
Еңбек әлеміндегі қазіргі замандағы үрдістерді ескере отырып, кәсіптер туралы өзекті және алуан түрлі ақпаратты қамтамасыз ету, яғни кәсіптер туралы толық ақпарат беретін онлайн-платформаларды дамыту. Бұл өз кезегінде мектеп бітірушілердің түрлі мамандықтар туралы түсініктерін қалыптастыра алады.
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының қызметкерлері тарапынан Жамбыл облысының мектептеріндегі оқушылар мен мұғалімдердің арасында кәсіби бағдар беру сұрақтары бойынша кездесулер өткізіліп, мамандықтарды таңдауға кеңестер берілуде. Атап айтқанда институт әкімшілігі мен профессор-оқытушылар облыстың аудан орталықтарындағы мектептердегі кездесулерде кәсіби бағдардың мазмұны мен мәні жөнінде мектеп түлектерімен сұхбаттар өткізді. Мектеп бітірушілерді институттағы мамандықтардың тізімімен және оларды дайындаудағы заманауи оқу бағдарламаларымен тереңірек таныстырып, экономикамыздың салаларындағы бүгінгі күнгі сұранысқа ие мамандықтарды дайындаудағы өзгерістер мен атқарылып жатқан іс-шаралар туралы хабарламалар жасалынды. Сонымен қатар осы кездесулерде мұғалімдер мен оқушылардың ата-аналарының олардың мамандық таңдауында қателіктер жібермеулерінің маңыздылығын атап өтіп, қандай жағдайларда гранттарды иеленудің мүмкіндіктері артады деген сұрақтарына жауаптар берілді.
Кездесу барысында мұғалімдер мен оқушылар келешектегі сұранысқа ие болатын мамандықтардың тізімімен танысады. Бүгінде сұранысқа ие мамандықтарға төмендегілерді жатқызуға болады:IT (ақпараттық технология), сату мамандары; логистер; менеджерлер (белгілі бір ұйымның қоғам алдындағы беделін қалыптастыратын маман); техникалық мамандар (инновациялық технологияларды меңгерген инженер-механиктер, инженер-электриктер, инженер-жобалаушылар);экологтар; қаржыгер талдаушы (коммерциялық банктер, сақтандыру компаниялары, инвестициялық қорлар, брокерлік және қаржы саласындағы жаңа технологиялармен айналысатын маман); ауыл және балық шаруашылығының мамандары, уренд-вотчер (тауарлардың нарықтағы өзгерістерді, тенденцияларды отыратын маман), есеп және аудит мамандары. Соңғы 10 жылда экономист, бухгалтер мамандықтарын таңдау деңгейі күрт төмендеп кеткені белгілі. Осы жағдайдың салдарынан бүгінде бухгалтер мамандығына сұраныстың қайта көбейгендігі белгілі болып отыр. Қазіргі уақытта елімізде экономика салаларында 2000-ға жуық бухгалтерлердің жетіспеушілігі орын алғаны туралы мәліметтер бар.
Жоғарыдағы айтылған сұранысқа ие мамандықтардың көбісін дайындау ХТИИ- да жүзеге асырылуда. Атап айтқанда IT, қаржыгер талдаушы, менеджерлер, есеп және аудит, педагог, ауылшаруашылығы мамандарын дайындауды жүзеге асыруда.
ХТИИ өзінің 15 жылдық тарихында министрліктің және тиісті құзырлы органдардың тексеру қорытындылары бойынша ЖОО қойылатын талаптарына сай білім беретін, білікті мамандарды дайындайтын институттардың қатарынан екенін дәлелдеген оқу орыны болып саналады. Оның материалдық-техникалық базасы, профессор-оқытушылар құрамы бойынша республикадағы жекеменшік жоғары оқу органдарының алдыңғы орындағылардың қатарындағы институт болып саналады.
Мұрат Жұмаділдаев,
экономика ғылымдарының кандидаты, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының доценті.