Жаңа жыл – жақсылықтың нышаны

472 Views

Күркіреп, арқырап келіп наурыз айы да босағамызды босатып кетіп барады. Жалпы басалқалы адамдар жыл басын қаңтардан емес, наурыздан бастайды ғой. Мен өзім Петр І патшаның ықтиярсыз әкеліп, қараңғы халыққа теліген 31-ші желтоқсанмен (Григориян күнтізбесімен) келетін Жаңа жылын мейрам деп санамайтын кісімін. Онымды жақында орыстың сатирик жазушысы Петров та дәлелдеді. Ол теледидар арқылы берген сұхбатында жалпақ жұртқа мәлімдеп: «Петр І дейін біз, орыстар Жаңа жылды март айында қарсы алған екенбіз» деп мойындады. Ендеше, біз неге: «Дед мороз, старый новый год» деп шашыламыз? Тіпті, бір жылдары аудан орталығына орнатылған зәулім шыршаға 750 мың теңге қаржы жұмсалғанын да естігенім бар. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «…Осындай бей-берекет, көл-көсір қаржыны бостан-босқа шашуға болмайды. Бірақ Наурызды ұлттық мейрам ретінде кеңінен атап өтуіміз керек» деді. Көктем мерекесі әсіресе ауылдық жерде ерекше кейіпке еніп, көпшілікті аста-төк әбігерге түсірді. Наурыз мейрамы Міржақып Дулатұлы айтқандай, «Наурыз айының ескіше тоғызында, жаңаша 22-сінде, яғни күн мен түн теңескенде аталып өтіледі». Айту ләзім, биылғы Наурыз ерекше болды. Осы 22-сі күні қарсаңында аймаққа ақ ұлпа қар жауды. Көктен жауған жауын да «Қоңыр төбеде» отырған ескі қонысқа аямай нұрын төкті. Әдетте, көнекөз қариялар Наурыз мейрамында қар жауса оны жақсылыққа жориды екен. Расында қаңтар қасыреті көңілдеріне қаяу түсірген халық Наурыз келіп, бір серпіліп қалды. Наурыз мейрамын мен өзімнің туған ауылым – Жаңатұрмыста туған-туыс, жора-жолдастар ортасында, ауылдың төр жағына тігілген ақ шаңқан киіз үйлерде қарсы алдым. Бұл күні аспан да шайдай ашылып кеткен. Көктеу де масатыдай құлпырып, Наурызға жиналған жұрттың көңілдерін көтеріп-ақ тұрды. Тегі ашық алаңқайға он екі қанат болатын екі киіз үй де тігіліпті. Мейрамды атап өтуге келген жұрт та көп. Бәрі ұлттық киімдер киіп алған, жүздерінен жайдарылық білінеді. Әр үйдің маңына қазан-ошақ асылып, сары самауырыннан ақшулан түтін будақтайды. Көкпарға, ат бәйгесіне шарт түйініп келген бозбала мен жуан білекті балуан жігіттер айналаны ойқастап, көлбеңдейді. Дала сахнасына жиналған жұрттың қарасы көбейгенде мейрам­ды басқарушылар ауыл қариялары Тілеуқабыл Елшібаев пен ардагерлер алқасының төрағасы Көшкімбай Құрманалиевке, жасы шау тартқан Ділдәбек Молдақұлов сияқты аузы дуалы қарттарға сөз берді. Сондай-ақ, аудан орталығынан арнайы шақыртумен келген аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, осы кеңестің мүшесі Райзо Шәділбеков пен Серік Сәлімбаевтар әз-Наурызбен жиналған жұртты құттықтап, ақ батасын берді. Бұл күні қазақы дәстүр мен салт үзілген жоқ. Жиналған жұрт Мәрия апай мен Кеңескүл апаның тұсаукесерін көріп, көше-көше болып қыз ұзату, келін түсіру, ат байлар, бесікке салу сияқты ықылымнан келе жатқан салттарға риза болысты. Тіпті тігілген киіз үйлердің жанында қолына қалқан мен найза ұстап, басына дулыға киген, қасына тазы ерткен жігіттердің жанына келіп, мейрамдап жүрген жұрт суретке түсіп, мәз-мейрам. Халық Лилия Қуанышбекқызы ұйымдастырған концертті тыңдап, көңілі жайланса, киіз үйлерде, ашық аспан астында наурыз көже таратып, қонақ кәде жасап, көше-көше болып қонақ шақырысып жатқан жұртты көріп жасы ұлғайған кісілер: «Тәуба! Тәуба! Елімізге құт-береке келді. Дастарханымыз аққа толды, лайым осы қуаныштан ажыратпасын!» деп алақан жайып, ақ батасын беріп жатты. Түс ауа Мұхамбетәли Омашев, Бақыт Бөрібаев бастаған жастар он түрлі ұлттық ойынға кезек берді. Балуан күрес, арқан тартыс, қолкүрес, теңге ілу, аударыспақ, ат жарыс пен тай жарыс, көкпар, футбол мен волейбол ойын­да­ры қыза түсті. Әрине, бәйгесіз емес. Біз аудандық газетте ауыл жастарының қайырымдылығы мен ұйымшылдығы туралы бір емес, бірнеше жолы жаздық та. Олар ауыл мешіті жанынан асхана салып, бір қайырымдылық көрсетті. Ал, енді 1985 жылы туылғандар Наурызға киіз үй тігіп, ауылдастарының батасын алды. Бәрін айт та, бірін айт бірлігі жарасқан елдің білек күші біріккен азаматтарын айт. Бұл ауылды қызыр қонған ауыл: «Қожайым Қызыр, берекем» деп бекер айтпаса керек-ті. Міне, Жаңатұрмыс ауылының хал­қы әз-Наурызды осылайша бір жең­нен – қол, бір жағадан – бас шығарып ұйымшылдықпен қарсы алды. Мұны жақсылықтың нышаны деп айтуға әбден болады. Осы жұрттың басы-қасында жүрген жас әкім Ерсайын Қуандықтың осынау игі бастамаға ұйытқы болып жүргенінің өзі дәтке қуат емес пе, ағайын!

Сейсенбай қажы Қожеке,
Жаңатұрмыс ауылы.

Поделиться ссылкой: