Мен атаммен мақтанамын

595 Views

«Бұрындары газет оқитын оқушы аз» деп ойлайтын едік. Қателескен екенбіз. Бар екен газеттің бетін парақтайтын оқушылар. Оқымаса, газетіміздің электронды поштасына мақалалар жібермес те еді. Оқушылардың жазған мақалалары мен өлеңдерін талқылап шықтық редакциялық лездемеде. Және жасөспірім білім алушылардың оқуға, жазуға деген құлшынысын ескеріп, редакцияның шығармашылық ұжымы «Оқушылар отауы» айдарын қайта жаңғыртуды қолға алды. Ендеше, көзіңіз газетіміздің өзінде, зейініңіз аудандық басылымның сөзінде болсын, алдияр оқырман!

Анам маған «кітапты көп оқы, сонда ақылың толып, парасатты қыз болып өсесің» – дейді. Ана сөзін қадірлейтін мен газетті немесе журналды ашсам да, Ұлы Отан соғысы, соғыс майдангерлері туралы мақалалардың көптеп жазылғанын байқаймын. Мектебімізде де жүрекке жара салған сұм соғыстың зардабын кешкен жауынгерлерге деген мерекелі кештер көп болады. Осыны ескеріп, мен де өзімнің атам туралы жазғым келді. Бүгінгі біздің мақаламыз 1904 жылы Тұрар Рысқұлов ауданы, Алғабас ауылының қарапайым отбасында дүниеге келген, батыр да шыншыл, қайтпас қайсар жауынгер Оразымбетов Қасымбек атам туралы болмақ.
«Соғыс» деген атының өзі не деген жаман еді. Құлаққа түрпідей тиеді. Көз алдыңа соғыстағы қасірет келіп, ішіңді бір өкініштер бүріп өткендей болады. Бұл соғыс баланы әкеден, ананы перзентінен, сүйіктісін ер азаматынан айырды. Жүректеріне жазылмас жарамен, сан сауалды арқалап артында ұрпақтары қалды.
Қасымбек атам соғыс басталған тұста қазіргі Көгершін ауылында бригадир болып қызмет еткен. Сол жылы жаңадан шаңырақ көтеріп, 1941 жылы дүниеге тұңғышы Райхан есімді қызы келген. Қасымбек атам соғысқа аттанғанда, соғыстың қызған шағы еді. Майдангер елі үшін ерлік жолында талай дембіл-дембіл ұрыстарды басынан кешірген.
Үлкен келіні Бисекүл апаның айтуы бойынша, ол кісі өте қатал, тазалықты жақсы көретін, шыншыл, тік мінезді болған дейді. Атамыздан ауыл тұрғындары қатты именген екен. Ер кісілердің өзі алдынан көсе көлденең өтпеген екен. Үй тіршілігінен қолы сәл босай қалса, соғыс кезіндегі көргендерін, басынан өткен қиын кезеңдерін айтып отырады екен. Жауырынына оқ тиіп, әскери ауруханада жатқан. Қасымбек атамыздың соғыстағы ерліктері үшін алған марапаттары да аз болмаған. «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен, «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған. Соғыс аяқталып, ауылға келгенде мектеп қарауылы қызметін атқарған. Атамның бес қыз, үш ұлынан тараған 28 немере, немеренің ең кенжесі Қасымбек Заңғар 3 сынып оқушысы, 47 шөбере бар, шөберелерінің үлкені Бауыржантегі Асхат Ыбырай Алтынсарин атындағы шағын орталықты орта мектебінің 9-сынып оқушысы, Бақытжантегі Санжар 3 сынып, Сабиттегі Сағадат 6 жаста. Ауыл орталығында «Мәңгілік от» ескерткішінде Қасымбек ата мен бауыры Қалиқұл атаның есімдері жазылған. Біз Қасымбек атамызды ардақ тұтып, оның жасаған ерлігімен мақтанамыз.

Мерей Қасымбек,
Ыбырай Алтынсарин атындағы шағын орталықты орта мектебінің 8 сынып оқушысы.

Поделиться ссылкой: