АЙБЫНДЫ АРМИЯ – ЕЛ ҚОРҒАНЫ
Биыл Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің құрылғанына – 30 жыл. Аз уақыт емес әрине. Осы аралықта біздің әскери саламыз ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетті. Оған сала қызметкерлерінің халықаралық деңгейде өтетін байрақты бәсекелерде бақ сынап, одан жүлдемен оралуын айқын дәлел ретінде келтіруге болады.
Күні кеше әскери саланың бүгінгі тыныс-тіршілігіне, қазіргі әлеуетіне аудан басшысы Ерболат Садырқұлов та баға беріп көрді. Дәлірек айтар болсақ, аудан әкімі кәсіби мерекенің қарсаңында аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен салтанатты іс-шараға қатысты. Айта кетейік, аталмыш іс-шара аймақтағы іргелі оқу орындарының бірі Құлан агротехникалық жоғары колледжі ғимаратының аумағында өткізілді.
Ең алдымен аудан басшысы Луговой ауылында орналасқан 42062, 03811 әскери бөлімдерінің құрал-жабдықтарымен және жеке құрамымен жақын танысты. Сала басшылары аудан әкіміне тауға шығу, құрлық, байланыс, терроризмге қарсы күрес, сүңгуірлер отрядының құрылғыларымен және мамандарын таныстырып, олардың бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктерін баяндап берді. Тілге тиек ете кетейік, ашық аспан астында ұйымдастырылған аталмыш көрмені алдын ала колледж білімгерлері де тамашалаған болатын. Бұл үшін әрине Әбіләшім Мырқасымов бастаған ұжым қызметкерлеріне шексіз алғыс айтуымыз керек шығар. Себебі, дәл осындай форматтағы жиындар өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді аша түсетіні белгілі.
Осы ретте салтанатты іс-шараның қызықты өтуіне атсалысқан Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарына да алғыс айтсақ артық болмас. Өйткені, олар да аты аталған кәсіби мерекені жоғары деңгейде өтуіне көп күш-жігерін жұмсағаны көрінді. Адалын айту керек, өнерпаздар ұйымдастырған концерттік кеш тап-тұйнақтай өтті. Рысбек Қадырқұловтың орындауындағы «Келші Құланға» атты әнмен түндігі түрілген кешті әрмен қарай «Достар» триосы жалғады. Тұңғышбай, Тұрсынбек, Ерболат сынды әнші бауырларымыздан құралған топ «Ұлан шеруі» атты әнді орындап, көптің көңілінен шықты. Кеш барысында «Ризамын елім саған» атты ән де орындалды. Сөзі мен әні келіскен туындыны Нұрлан Әмірбетов пен Айша Жүнісова нақышына келтіре орындады. Ал жас өнерпаз Аружан Оразалы болса «Жасасын өмір» атты әнді орындап, көрермендерді бір серпілтіп тастады. Кеш соңы Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен жабылды.
Айта кетейік, мереке қарсаңында Ринат Жолдасбекұлы, Рүстем Садибайұлы, Данияр Абдіжаиұлы, Ернар Тукушев, Нұрғали Ахилбаев, Аязбек Құдайбергенұлы және Марина Тулиева сынды қорғаныс саласының үздіктері аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Жәнібек СҰЛТАН.