ЕРЛІГІ ЕЛ ЕСІНДЕ САҚТАЛАДЫ

484 Views

Ерлік. Міндет. Абырой. Аталмыш сөздердің астарында қандай құдыретті мағына жатыр десеңізші. Шіркін-ай, соған үңіліп, түбіне терең бойлайтын жандар аз қалды ғой бүгінде. Жоғарыда жазылған сөздерді оқығанда батыр ұлдар еске түседі еріксіз. Кешегі Ғазиз Байтасов сынды ұландар бейбіт күннің өзінде ел үшін жан тапсырды емес пе? Мен өз басым осы қатарға Қарақат ауылының тұрғыны болған Жеңіс Үмбетұлын да қосқым келеді. Неге? Себебі, ол да ел бірлігі мен тұтастығы үшін өз өмірін қиған азамат.
Жеңіс 1969 жылдың 9 мамырында дүниеге келген. Өмір жолы көпшілік елдің қоңыр тіршілігі секілді бірқалыпты өтіп жатты. Алдымен сегіз жылдық ауыл мектебін аяқтап, кейіннен аудан орталығында орналасқан Ш.Уәлиханов атындағы мектепте оқиды. Содан кейін Тараз қаласындағы Жамбыл технология институтына түсіп, студент атанады. Институттың екі жылдық курсын аяқтаған жылы әскерге алынып, Отан алдындағы борышын өтейді. Әскерден келген жылы оқуын қайта жалғастырып, жоғары білім алған ол 1995 жылы Луговой станциясындағы желілік ішкі істер бөлімінің есірткі бизнесіне қарсы бөлімшесіне жедел уәкіл болып қызметке тұрады. Келе сала алғырлығымен көзге түскен ол көп өтпей-ақ лейтенант шеніне көтеріліп, Шу ауданындағы Тасөткел бекетіне басшы болып ауысады.Тек сол сәтте бұл қызмет оның соңғы жұмыс орны болатынын ешкім білген жоқ.
1996 жыл. Күндердің бір күнінде Жеңіс Үмбетұлының жұмысындағы орталыққа телефон соғылады. Хабарламада жақын маңмен есірткі тасымалдайтын қарақшылар өтетіндігі, аталмыш зиянды зат мектеп аумағында саудаланатыны туралы айтылады. Жеңіс әріптестерімен бірге дереу әрекетке көшіп, белгіленген аумақты торуылдап отырады. Біршама уақыттан кейін алыстан ат мінген қарақшыда көрінеді. Жоспар бойынша әрекет етудің арқасында қарақшы қолға түседі. Бірақ, Жеңіс қылмыскердің астындағы аттың жүгенінен ұстап тұрған сәтте оған оқ атылып, кейіпкеріміз оқиға орнында ерлікпен қаза табады. Содан бері міне, 26 жыл өтіпті.
Осы аралықта Жеңістің есімін кейінгі ұрпақтың жадында қалдыру мақсатында №2 шағын орталықты орта мектебінде сәт сайын іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Жуырда солардың бірі жоғары деңгейде өтті. Оған ауылдық округ әкімі Еркін Сейтжапаров, аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Бауыржан Самылтыров, Луговой станциясы желілік ішкі істер бөлімінің басшылық құрамы, батырдың туысқандары мен мектеп ұстаздары қатысты. Кеш барысында басты кейіпкердің бітім-болмысы мен ерлігі сөз етіліп, керемет кеш өтті.
Айта кетейік, Жеңіс Үмбетұлы осы ерлігі үшін 1996 жылы 9 желтоқсанда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың №291 Жарлығымен «Ерлігі үшін» атты медальмен марапатталған.

Гүлнар Қораласбаева,
№2 шағын орталықты орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Поделиться ссылкой: