Ата заң жайлы не білесіз?

2 917 Views

Ата заң жайлы не білесіз?

Ата заң – мемлекеттің басты құжаттарының бірі. Себебі, ол ұлт пен ұлыстың, жоғары билік пен қарапайым халықтың арасындағы теңдікті реттейтін негізгі күш. Елімізде тыныштық пен бейбітшіліктің сақталуы соның айқын көрсеткіші деп білеміз. Біз Конститутция ұғымын естігенде, оны еліміздің әрбір азаматы бағынатын негізгі заңы ретінде қабылдаймыз. Дәл осылай ойлау дұрыс, әрі оңтайлы шешім. Дегенмен, арамызда аталмыш ержелер мен заңдар жиынтығын өз деңгейінде түсіне бермейтін азаматтар да баршылық. Сондықтан да біз көкейде жүрген сан түрлі сауалдарды назарға алып, мемлекеттік қызметкерлер мен аудан тұрғындарының арасында сауалнама жүргізуді жөн көрдік.

 

Қазақстан Республикасының ең алғашқы Ата заңы қашан қабылданды?

Күнделікті өміріңізде заңның көмегі тиген сәттер болды ма?

Сіз үшін Ата заңның қоғамдағы рөлі қандай?

Луговой ауылдық округі аппаратының жетекші маманы Г.Абдикеримова:

  1. Егер де қателеспесем еліміздің алғашқы Ата заңы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған болатын. Ал қазіргі қолданыстағы заң 1995 жылдың 30 тамызынан бастап күшіне ене бастады. Содан бері елімізде көптеген түйткілді мәселелер басты құжат арқылы өз шешімін табуда.
  2. Әрине тигізген көмегі орасан зор. Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде жариялағандықтан күнделікті өмірде өз құқықтарымызды іске асыру барысында немесе көрсетілуге тиісті мемлекеттік қызметтерге жүгіну кезінде заң нормаларын қолданатынымыз сөзсіз.
  3. «Ерекше» деп айтар ем. Себебі, Ата заң даму жолына түскен Тәуелсіз мемлекетіміздің және қоғамымыздың басты нормативтік актісі болып табылады.

Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директорының орынбасары А.Сәрсенханұлы:

  1. Тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы Конститутциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды.
  2. Әрине, Қазақстан Республикасының азаматы болғандықтан, заңды тиісті мөлшерде білуге тиіспіз. Сонымен қатар біз жұмыс барысында жастар арасында кездесетін кейбір жайттарды заңдық тұрғыда қарастыруға тырысамыз. Халық қахарманы Б.Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзінің өзінен ғана Ата заңның маңыздылығын терең ұғынуға болады.
  3. Мен үшін оның қоғамдағы орны бөлек және өзіндік үлкен рөлі бар. Тәртіпке шақырар Ата заң болмаса, қоғамның бүгінгі келбеті өзгешелеу болар ма еді бәлкім… Кім білсін?! Қазақ халқында «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сынды заңдар әу бастан-ақ болған. Олар қазақ хандығының қарыштап дамуына тың серпін әкеліп, сол кездегі сал-дәстүрлерге, әдеп-ғұрыптарға, көшпелі өмірге байланысты жасалынды. Бүгінгі қолданыстағы Ата заңымызда дәл сол заңдардың қазіргі заманға лайықталған баламасы десек болады. Себебі ол әрбір қазақстандық үшін қолайлы, әрі жоғары күшке ие ерекше нормативтік құжат ретінде есептеледі.

№2 шағын орталықты орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Қораласбаева:

  1. Қазақстан Республикасының Конститутциясы алғаш рет 1993 жылы 28 тамызда қолданысқа енгізілді. Бұл күн еліміз үшін айтулы, әрі маңызды күндердің бірі. Дегенмен Ата заңымызға қосымша толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, 1995 жылы 30 тамыз күні жаңа заң қабылданды. Бүгінде сол маңызды құжаттың қолданысқа енгізілгеніне 22 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында Ата заңымыз еліміздің дамуы үшін айтарлықтай үлес қосып келеді.
  2. Күнделікті өмірде күрмеуі қиын мәселелер көптеп кезесетіні жасырын емес. Мектеп қабырғасында жұмыс атқарғандықтан, әрбір мұғалім бірнеше заңдық нормаларды білуге міндетті. Оның ішінде балаларға қатыстыларын басты назарда ұстауы керек. Себебі білім алып жүрген оқушының басынан түрлі келеңсіз оқиғалар өтуі мүмкін. Соларды шешу үшін біз әрдайым заңдық ережелерге иек артып отырамыз. Құқық бұзушылық, әр түрлі тәртіпсіздіктер, қамқорсыз қалған балалар, үйден оқытылатын оқушыларға қатысты кездесетін жайттарды біз тек заң шеңберінде ғана қарастырамыз.
  3. Ата заңның қоғамдағы рөлі мен үшін орасан зор. Себебі, аталмыш заңдық нормалар «ел ертеңі» деп есептелінетін балаларға дұрыс бағдар беріп, жарқын болашаққа жетелейтіндігі анық. Сондықтанда темірдей тәртіпті орнықтырып, даулы оқиғаларды шешу жолында айрықша басымдылыққа ие басты құжат өз күшін ешқашан жоғалтпайтындығына кәміл сенімдімін.

Сауалнаманы жүргізген

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

 

Поделиться ссылкой: