Адами капиталдың дамуы – мемлекеттің дамуы

1 091 Views

Мұғалімдердің дәстүрлі тамыз кеңесі

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында айтылған он міндеттің жетінші міндеті аудандық М.Өзбеков атындағы мәдениет үйінде өткен мұғалімдердің дәстүрлі тамыз кеңесінде басшылыққа алынды. Елбасы Жолдауда «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет» деген еді. Сонымен қатар, «Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс» екенін де баса айтқан болатын.

ҰСТАЗДАН САПА КҮТЕМІЗ

Білім беру мекемелерінің ұстаздарымен қатар аудан әкімі Асқар Қырықбаев, облыстық білім басқармасының басшысы

 Рахия Тұрмаханбетова, ау­дан әкімінің орынбасарлары, бөлім, мекеме басшылары мен ауыл әкімдері қатысқан кеңесте білім бөлімінің басшысы

 Еркін Сейтжапаров «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбында баяндама жасады. Баяндаманың өзегі Жолдау мазмұнына сәйкес келді.

– Қазақстанда білім берудің өзіндік ұлттық үрдісі қалыптасуда. Білім берудегі ескі мазмұнның орнына жаңасы келуде. Білім беру саласы қызметкерлерінің алдында – оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және қазіргі заманғы педагогикалық технологияларды меңгеру міндеттері қойылып отыр.

Жалпы орта білім беретін мектептерді 2017-2018 оқу жылында 13635 оқушы аяқтаса, жаңа оқу жылы қарсаңында 14112 оқушыны оқумен қамту жоспарлануда.

Кез-келген қоғамда жастардың бет түзейтін идеялы болуы болашақ үшін маңызды десек, Елбасы Жолдауында қандай адам мемлекеттің құнды капиталы бола алатынын нақты көрсетіп берді. Мемлекет болашағының кілті – қазіргі жаңа технологияларды меңгерген, сонымен бірге, түп-тамырынан ажырамаған, салты мен дәстүрін, тарихын білетін нағыз сапалы азаматтарда. Сол адами капиталды дайындап, болашағына жол сілтеп, келешегімізді кемел біліммен сусындату – ұстаздардың басты міндеті.

Ауданда 1850 мұғалім жұмыс атқарады. Сапалық құрамы 43,5 пайызды құрайды.

Өскелең ұрпаққа сапалы білім беру арқылы келешек кемерінде жарқын істерге жол ашылады. Осындай жарқын көріністер Тұрар Рысқұлов ауданында да көбірек байқалып, ауданда білім беру саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді,-деген сала басшысы өткен оқу жылының қорытындысы мен жаңа оқу жылына дайындық  барысын жіпке тізді. Сондай-ақ, баяндамашыдан кейін жарыссөзге шыққан аудандық білім бөлімінің әдіскері Кәдіржан Медеров, Абай атындағы орта мектептің директоры Айткен Әбішев, «Алтын сақа» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Гүлмира Досхожаевалар үш тұғырлы тіл, сапалы білім беру, мектепке дейінгі ұйымдарда инновациялық әдістерді енгізудің маңызы жөнінде келелі ой қозғады. Ал, аудан әкімінің орынбасары Бейсен Әлпейісов «Білім берудегі бәсекелестік – оқушылардың табысты болуының кілті» екенін айта келе, аудандағы білім ошақтарының жетістіктері мен кемшін тұстарына айрықша тоқталды.

Ауданда жыл аяғына дейін алты жекеменшік балабақша ашылады деп күтілуде.

– Білім саласындағы өзекті мәселелердің бірі – оқушы орны тапшылығы мен апатты жағдайдағы мектептерді жою. Қазіргі уақытта аудан орталығы Құланда оқушы орны тапшылығы бар. Осыған байланысты 600 орындық жалпы орта білім беретін мектептің жобалық сметалық құжатына тиісті қаражат алдағы уақытта бөлінетін болады.

Ауданда екі мектеп инновациялық бағытта жұмыс атқаруға бет бұрды. Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектеп мектеп-лицей, Құлан орта мектебі мектеп-гимназия болып қайта құрылды.

Біліктілігі жоғары жас мамандарды тұрақтандыруда да мәселе көп. Сондықтан да зейнет жасына жетіп, мұғалім жеткілікті бола тұра қызмет жасап келе жатқан ұстаздар санын азайту қажет, -дейді Бейсен Әшімәліұлы.

Алдағы уақытта мектеп басшыларын тағайындау мәселесінде өзгерістер болады. Мектеп директорлары төрт жыл мерзімге сайланып, уақыты келгенде еңбек нәтижесі қоғам талқысына салынады.

ҰСТАЗДАР ҰЛЫҚТАЛДЫ

Келесі кезекте мінберге көтерілген облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Сейітбекқызы мен аудан әкімі Асқар Санатұлы ұлағатты ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтай келе білім саласының дамуына елеулі үлес қосып, жетістікке жетіп отырған бір топ педагогтарға Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрінің, облыстық білім басқармасы мен аудан әкімінің және «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын табыс етті. Сонымен қатар, аудандық мәслихат хатшысы Тұрсынхан Жаманбаев пен білім қызметкерлерінің аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы Айнұр Баймұратова да бірқатар мұғалімдерді марапаттап, құттықтауларын жеткізді.

Мереке ЕРЖАНҰЛЫ.

 

Поделиться ссылкой: