Рухтың күші әкеде
Дәл осындай тақырыппен жуырда М.Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде Республикалық “Сенімен болашақ” ата-аналар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен аудандық әкелер форумы өтті. Форумның өтуіне бірден-бір себепкер болған адам – Есенкүл Мұхтарова. Іс-шараның басты мақсаты аудан тұрғындарына мектеп пен отбасының өзара байланысын, әкенің бала тәрбиесінде алатын рөлін айқындап, айшықтау. Пленарлық отырысқа аудан әкімі Е.Садырқұлов, аудандық мәслихат депутаты М.Мейманханов, Абай ауылдық округінің әкімі М.Арыстанбеков, аудандық соттың төрағасы А.Замбаев, ардагерлер мен билер кеңесінің мүшелері қатысты.
Кеш шымылдығын Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің шәкірттері “Әке туралы жыр” әнімен ашып берді. Екі жүзге жуық адам бас қосқан жиында аудан әкімі Е.Садырқұлов сөз алып, әкелердің қоғамдағы, отбасындағы, бала тәрбиесіндегі рөліне тоқталды. Сондай-ақ, жас ұрпақ әке мейіріміне, қамқорлығына мұқтаж екендігін де жеткізді.
Ал, сот төрағасы А.Замбаев қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезовтің “Ел боламын десең бесігіңді түзе” деген сөзін тілге тиек етіп, қоғамда ата-ананың үнемі жұмысбасты болып, бала тәрбиесіне немқұрайлы қарау нәтижесінде, ажырасуының, отбасылық толықсыздық пен материалдық жетіспеушіліктің салдарынан жасөспірімдер тура жолдан тайып, өзінің араласатын ортасының ықпалымен әртүрлі қылмыстық әрекеттерге баруға бейім екендігін сөз етті.
Сонымен қатар, “Баланың өсіп, жетіліп, қоғамдағы өз орнын дұрыс табуына әкенің тигізер септігі қандай?” “Бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлген дұрыс?” деген секілді сұрақтар қойылып, форумға қатысушылар өз ойларын ортаға салды. Жиналған жұрт бұл жиыннан теңдесі жоқ рухани азық арқалап қайтты.
«Құлан таңы» ақпарат.