Аружан мен Мерей Азия чемпионатында бақ сынайды

529 Views

Жақында ғана бокстан Түркияда өткен әйелдер арасындағы әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Ел намысын қорғаған Дина Жоламан секілді спортшы арулар дәл осы чемпионатта қола медаль жеңіп алды. Осындай айтулы жетістіктер балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде бокстың қыр-сырын үйреніп жүрген тәрбиеленушілерге – үлкен мотивация сыйламайды деп кім айта алады, айтыңызшы!..
Меніңше, Назым Қызайбайдың болсын, Дина Жоламанның болсын, тіпті, өзіміздің жерлесіміз Дана Дидайдың әрбір жетістігі бүгінгі бокспен айналысып жүрген жасөспірім қыздардың бойына сенімділік сыйлайды. Сол сенімділіктің арқасы шығар, жуырда бокстан 2008-2009 жылғы туылған жасөспірім қыздар арасында Қостанай қаласында өткен ел чемпионатында № 24-ші балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Аружан Бахытбек жүлделі I орынды жеңіп алды. Негізінен, Аружан Қорағаты орта мектебінде білім алады. Қостанайда өткен Қазақстан біріншілігінде осы спорт мектебінің тағы бір тәрбиеленушісі Мерей Тынышбек жүлделі III орын иеленді. Мерей – Абай шағын орталықты орта мектебінің оқушысы. Аружан мен Мерейді осы спорт түріне баулып, шеберлігін шыңдап жүрген аға жаттықтырушы Есдәулет Құрмантаевтың да еңбегі зор екенін айтқымыз келеді.
Бұл екі жеткіншектің жетістігі тек бокспен ғана шектелмейді. Яғни, Аружан Бахытбек пен Мерей Тынышбек кикбокспен де айналысады. Не деген жігер деймін да. Және бағындырған белестері де керемет. Аружан 33 келі салмақ дәрежесінде кикбокстан ел чемпионы болса, Мерей де 56 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанды. 44 келі салмақ дәрежесінде дода көркін қыздырған келесі бір жерлесіміз Жәния Мұсахан да Мерей секілді қола жүлде еншіледі дәл осы чемпионаттан. Ұлдар бәсекесінде де Нұрдәулет Ошанбай 70 келі салмақ дәрежесінде жүлделі III орын иеленгенін айта кетейік. Міне, айтулы жетістік деп осындайды айтады. Бұл жеткіншектердің ел чемпионатында осындай жетістікке жетуіне жаттықтырушы Тұрарбай Саткеновтың көп жұмыс жасағанын байқауымызға болады.
Жалпы, Дәурен Әбдікерімнің № 24-ші балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметіне келгеніне көп бола қойған жоқ. 5 айдың жүзі болыпты небары. 2022 жылдың жарты жылдығын бағамдап көрсеңіз, айтарлықтай жетістік көрсеткен. Бұл әрине, жаттықтырушылардың орасан еңбегі. № 24-ші балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі 11 спорттың түрі бойынша жас жеткіншектерді спортқа баулиды. Биылғы алты айдың өзінде әр түрлі спорт бойынша бұл ұжымның 15 тәрбиеленушілері «Спорт шеберіне үміткер» атанған. Міне, жұмыстың нәтижесі. Жұмыс барысындағы процес осылай болуы керек. Сонда ғана биік белестерді бағындырасың.
Ал есім-сойы мақалада аталған Аружан Бахытбек пен Мерей Тынышбек Азия чемпионатына жолдама еншілегенін айтайық. Бұйыртса, ол кезде де қуанышты жаңалық болып жатса, біз сіздермен міндетті түрде бөлісетін боламыз. Ал әзірге осы жерден мақаламызды түйіндейік.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: