Ағаш көшеттері отырғызылды
64 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Редакцияда Нұриддин есімді азамат жұмыс істейді. Емен жарқын ағамыз үнемі қоғам өміріне белсене араласып, түрлі игі бастамалардың ұйытқысы болып жүреді. Бұл жолы да ағамыз текке жүрмей, тағы бір бастамаға өз үлесін қосыпты.
– Бұл күнде өскелең ұрпақтың көбі үлкен қалаға үлкен арманмен аттанып, сонда қалуды қалайды. Алайда, туған ауылы үшін бәріне даяр жандар да жоқ емес. Бұған мысал – Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің және Құлан агротехникалық жоғары колледжінің 1985 жылы туған түлектері. «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһарындай» деп қазекем бекер айтпаған. Сондықтан бұл жолы достарымызбен бірігіп, ауылымызға тарту жасаймыз деп шештік, – дейді Нұрекең. Өзіміз білетіндей, жыл сайын мектеп бітіргендеріне 10, 20, 30… жыл болған азаматтар бас қосып, көптен кездеспеген құрбы-құрдастар балалық шаққа саяхат жасайды. Ал, “85”-тер тек саяхат жасап қана қоймай, Құлан ауылындағы “Қасымбай ата” мешітінің құрылыс жұмыстарына мұрындық болған. Атап айтсақ, аталмыш мешітке пеш әперіп, жылы еден орнатқан. Түлектердің ауылдың көркейіп-көріктенуіне қосқан үлесі мұнымен шектелмейді. Сонымен қатар, 2-3 отбасыға әлеуметтік көмек көрсетіп, қол ұшын созған. Түлектер мұнымен де тоқтар емес. Жақын күндері орталық алаңда “ұлттық ойын” түрлерінен жарыс өткізбек. Туған жерінің, туған ауылының барын бағамдап, жоғын түгендеуге ат салысқан азаматтардың бұл игі ісі жерлестерінің әлеуетін көтеруге зор ықпал етіп отыр. «Саусақ бірікпей, ине ілікпес» дегендей, бұл – түлектердің ауызбіршілігі мен татулығының айқын көрінісі.
Ауыл азаматтарының қайда жүрсе де, жүрегінің түбінде туған жерін әлдилеп жүруі — туған жеріне деген сүйіспеншілігі зор, патриот екенін танытады. Ауылын сүйген арда азаматтардың көрінісі осындай болса керек!
Дариға Дәулетқызы.