Бір кем дүние
Нағыз Төлеген осы еді
Жуырда ғана қорапта жатқан қағаздарды ақтарып отырып, «Егемен Қазақстан» газетінің 2005 жылғы 31 мамырда шыққан нөмірі көзіме түсті.
Тақырыбы – «Сембин», авторы Қали Сәрсенбай екен. Тор көз сауыт сияқты тоқыма жемпір киген сұлу жігіт – сол Сембиннің өзі, қырын қараған сұлу сурет.
Қали Сәрсенбай менің Амангелді Сембин туралы кезінде жазған бір ауыз сөзімді келтіре кетіпті.
Мен: «Кезінде сондай бір әнші болған, сондай бір жұлдыз жарқырап туған. Сол жұлдызды жабылып жүріп өшіргенбіз», – деп жазыппын.
Енді арада жылдар өтіп кеткен соң ойлап қарасам, дұрыс айтқан екенмін.
Мұны Қали Сәрсенбай мына «Егемен Қазақстандағы» көлемді мақаласында, мақала емес-ау, аса ірі дарынды жоқтау-эссесінде еске сала кетіпті. Рахмет. Иә, менің Амангелді Сембинді Алматыдағы Опера және балет театрында «Қыз Жібек» спектаклінде көргенім рас.
Сол спектакльде Сембин Төлеген рөлін ойнады. «Қыз Жібек» операсын сан рет көріп жүріп, осы жолғыдай тебіренген емеспін.
Төлеген болып ойнаған басқа мықтыларды мансұқтағым келмейді. Қанабек Байсейітов, әрине, классик! Ешқандай талас жоқ. Бірақ ол кейін-кейін жуан тартып, егде болған кісі еді.
Ал мына Төлеген ғасырлардың ар жағынан тіріліп келген, әлі өлмеген, Бекежан жауыздың қанды қанжары да жүрегіне дарымаған, өмірдегі Төлегеннің дәл өзі сияқты еді-ақ.
Тұла бойы тұнып тұрған талантпен қоса жаратылыстан бірге жаралған бекзаттық қасиет оның бар болмысын асқақтатып тұратын.
Қали Сәрсенбай жазады: «АҚШ-та талантты қорғайтын этикалық бас басқарма бар екен», – деп.
Ондай мекеме бізде әлі күнге дейін жоқ. Ондай мекеме болса немесе аса дарынды адамдарды ала көзден, бәле көзден, сұқ көзден, театрдағы, өмірдегі дарынсыз Қотыраш, Батыраштардан, өзге де жақтың өзеуреген өсекші, бәлеқор, жалақорларынан қорғайтын заң болса, кім біледі, Сембин бәйшешектей ерте солмас еді.
Бәйшешек байғұс қаһарлы қыс шығар-шықпастан, көктем әлі келер-келместен, күнәсіз пәк періштедей күлімсіреп шыға келеді де, жер бетінен лезде көшіп кетеді.
Қали Сәрсенбай Сембиннің анасының сөзін келтіреді: «Дүниеге сыймай кеттің-ау, құлыным», – депті анасы.
Дүниеге Сембин сыймай кеткен жоқ, қотыраштар сыйдырмады ғой. Бірақ ақпейіл ана ешкімді кінәламайды.
Күншіл қотыраштар таспаға жазылған даусына дейін қалдырмауға тырысқан.
Сембиндей асыл талант теңіз түбіндегі інжу-маржандай ғасырларда ғана бір-ақ кездесетін сирек қазына.
Жүз жылда бір-ақ туатыны өкінішті.
Босқа қоразданба
Айғыр кісінегенмен, байтал буаз болмайды.
Бір кем дүние.
Жалғыз
Атадан алтау тусаң да – бір жалғыздық.
Бұ да кемшілік.
Неге алдайды
Ұлытау орталығына барар жолда, жартаста шамамен:
«Бұл жерде қасиетті Ұлытау бауырында халық бірлігі мен мемлекет тұтастығын айғақтайтын ескерткіш орнатылады», – деп жазылғалы талай таң атып, талай күн батты. Жылжып жылдар өтті. Жазу өше бастады.
Уәде орындалмайтын ретте тасқа қашап жазбау керек еді ғой.
Бір кем дүние.
Сорлы
Өзгенің көлеңкесінде тұрғанның өз көлеңкесі болмайды.
Өз көлеңкесі болмаса – өлгені.
Күн-құдірет
Егер адамның жүрегіне мұз қатып қалса, көркем кітап соны жібітуге тиіс. Егер еріте алмаса, ол осал шығарма.
Бір кем дүние.
Әулие құс
Тұмаудан құлантаза айыға алмасам да, бүгін далаға шығып… О, жарықтық! Жақсылықтың жаршысындай болып көзге оттай басылған көгілдір Наурызкөкті көрдім. Ол жылда мені көктемнен көктемге дейін жетектеп келе жатқан әулие құс. Көрісер көктеміміз көп болсын, әулие Наурызкөк!
Сен көрінбей қалсаң – сол қиын.
Нағыз кем дүние сол болар.
Көреген көсем
Мен енді Астанада, Әлихан Бөкейхан көшесінде тұрамын. Үйдің бірінші қабатындағы магазин «Алтын Орда» аталады. Іргемізде – Конгресс-холл, алдымызда – түрік шайханасы.
Түстікте бір үйден кейін – Есіл-өзен. Оған төніп тұрған – Кенесары ескерткіші.
Әлихан Бөкейхан – Алашорда көсемі. Соның атындағы көше – айбын.
Сонау 1910 жылдың өзінде Петроградта басылып шыққан «Қазақтар» деген еңбегінде Әлихан Бөкейхан былай дейді:
«Крестьяндарды қазақ даласына үйіп-төгіп қоныстандыра берсе, тың жердің түгел жыртылары хақ. Ал қазақ даласы тыңынан айрылған соң, тұлдырсыз бедеу қалады да, егін өспейтін болады… Қазақ даласының тамаша шүйгін жайылымдарының топырағы көкке ұшқан соң, дала шөлге айналады, сөйтіп, крестьян айтақырға отырып қалады, ал жайылымнан айрылған қазақ әбден азып-тозып, ақыры жаңа тұрмыстың жағдайымен пролетариат қамытын киіп, тау-кен заводтарына, қалаға кетеді».
Арада елу жыл өткеннен кейін орыс жазушысы Чивилихин «Земля в беде» деген шығармасында Әлихан Бөкейханның көріпкелдігін растап берді.
Сөйткен көсем Әлихан Бөкейханды Сталин жауыздары атып тастады.
Имансыз жауыз заман, залым дүние.
Алла жар
Патшалар заманынан бастап қазақтарды өз жерінен бірте-бірте ығыстырып, шұрайлы жерлерді иемдене беруге құмарлықтың сыры неде? Мұны 1907 жылы ІІ Думаның депутаты Марков деген ашықтан ашық былай деп жайып салды:
«Киргизы (қазақтар дегені — Ш. М) потомки орд Чингизхана и Тамерлана и что с ними надо поступать так, как поступали с краснокожими в Америке».
Жағына жылан жұмыртқалағыр Марковтың айтқаны келе жаздап барып, қазақтарға Алла жар болып, әйтеуір, мемлекеттілігін сақтап қалды.
Бірақ толық тәуелсіздік әлі де түгел емес.
Бір кем дүние.