Асарлатып үй салып берді
Ысырапшылдық – Алла сүймейтін істердің бірі. Адалын айту керек, өкінішке орай бүгінгі таңда «аста-төк» қағидатын ұстанатын жандардың қатары азаймай тұр. Дейтұрғанмен, бір-екі жылдың айналасы болды-ау! Мектепті 20 жыл бұрын бітірген түлектер өздері білім алған қара шаңырақта қайта бас қосып, қайырымды істерге бет бұруда. Оны біз Соңғы қоңырау мерекесі жақындағанда анық аңғарып жатамыз. Бір қуантарлығы, бүгінде сол баянды бастамалардың салмағы мен маңыздылығы жыл өткен сайын артып, игі дәстүрге айналып келеді.
Апта басында біз аудан орталығынан шалғайда орналасқан Жаңатұрмыс ауылдық округінде болдық. Онда барған басты себебіміз – бүтіндей бір отбасының қуанышты сәтіне куә болу. Қандай дейсіздер ғой?! Ендеше жауап берейік.
Екі-үш жыл бұрын облыста аймақтың экс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Асарлатып үй салу» жобасы қолға алынғаны баршамызға белгілі. Бүгінде облыс бойынша салынған шаңырақтардың саны бір ауылға жетеғабыл. Бізге белгілі ақпараттар бойынша аймақта 100-ден астам үй мұқтаж жандарға үлестірілген. Бір қызығы оған мемлекет қазынасынан бірде-бір тиын жұмсалмайды. Аталмыш үйлер ауыл халқының ынтымағы, бірлігі арқасында бой көтереді. Міне, дәл осылай үш бөлмелі үй Жаңатұрмыс ауылында да көтеріліп, ауыл тұрғыны Ерқанат Таңатаровқа берілді. Сейсенбі күні аталмыш шаңырақтың кілті оған ресми түрде табысталды.
Аты аталған салтанатты жиынға аудан әкімі Ерболат Садырқұлов бастаған әкімдік қызметкерлері арнайы барып қатысты. Сондай-ақ, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары да қатысып, қуанышты сәттің куәгері атанды.
Бұл үйді негізінен Жаңатұрмыс ауылының 1985 жылғы жігіттері салып берген. Ол туралы бізге белсенді азаматтардың бірі Зұлқарнайн Байбатшаев кеңінен әңгімелеп берді. «Осыдан бірнеше жыл бұрын ауыл шетінен Ерқанат бауырымызға арнап тұрғын үй салу үшін жер учаскесін алып бердік. Бірақ сол сәтте үй салуға шамамыз келмеген болатын. Дейтұрғанмен, былтыр округ әкімдігінің қолдауымен үйдің алғашқы жұмыстары басталды. Қабырғасын көтеруге шабындықта жүрген ауыл жігіттерінің тигізген үлесі мол. Есік пен терезесіне 1986 жылы туылған ауыл жігіттері көмектесті. Ал шатырына Бақытжан Теңізбаев секілді жомарт ағалардың және ауыл имамының бөлген қаржысы жұмсалды. Сондай-ақ Ерқанаттың құрдастары, яғни 1985 жылы туылған жігіттердің жинаған қаржылары да осы үйдің толықтай бітуіне жаратылды. Осы бастамаға атсалысқан Қасымхан Сәпеев, Рустем Кокушов, Сәбит Баяшев, Аслан Кенжебеков, Ерғали Ақылбеков, Нұрдаулет Жамалбеков секілді құрдастарыма айтар алғысымыз шексіз. 20 жылдыққа жиналған қаржымыздың басым бөлігі ысырап болмай, осындай ігі іске жұмсалғанына қуаныштымыз», – деп ішкі сырымен бөлісті.
Расымен де, су жаңа үйдің иесі атанған, бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған Ерқанаттың құрдастарына қайран қалдық. Дәл осындай дәстүрлі жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатынына сенімдіміз.
Жәнібек СҰЛТАН.