Тәртіп­тік жазалар санының кему дина­микасы байқалады

577 Views

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Сұлтанхан Шәкір Асылханұлы жаңа редакцияда бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің, әдеп кодексінің талаптары жөнінде жергілікті басылымдарға берген сұхбаты жарияланған болатын. Бүгін біз сол сұхбатты газетімізге жариялауды жөн көрдік.

– Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 22 ақпандағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі жаңа редакцияда бекітілгені баршамызға мәлім.
Шәкір Асылханұлы, Әдеп кодексіне өзгеріс енгізуге қандай алғышарттар сеп болды деп санайсыз?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ағымдағы жылдың қаңтар айында Парламент Мәжілісінің отырысында және кейіннен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі жиында мемлекеттік аппараттың жұмысына жаңаша көзқарас қажет екендігін және мемлекеттік қызмет жүйесі іс жүзінде сервистік сипат алып, клиентке бағдарлануы үшін түбегейлі өзгерісті талап ететінін атап өтті.
Бүгінде мемлекеттік аппараттың қызметі қоғам сұраныстарын қанағаттандыруға, оның ішінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, яғни сервистік қызмет көрсетуге бағытталуда.
Демек, клиентке бағдарланған мемлекеттік аппарат құру – жалпы мемлекеттік қызметшілердің көзқарасын түбегейлі өзгертуді талап етеді.
Мемлекеттік қызмет жүйесінде қалыптасып отырған бірқатар мәселелерді шешу Әдеп кодексін жаңа редакцияда қабылдауға басты себеп болды деп айтуға болады.
Жаңа редакцияда бекітілген Әдеп кодексі мемлекеттік қызметкерлердің менталитетін жаңаша қалыптастыруға зор үлес қосары сөзсіз.
– Әдеп кодексіне енгізілген негізгі жаңашылдықтарға тоқталып өтсеңіз?
– Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметтің қоғам өміріндегі рөлі, мемлекеттік қызметшілердің ұстанымдары мен қоғамның мемлекеттік қызметке, мемлекет пен оның институттарына деген сенімін сақтауға және нығайтуға ұмтылу қажеттігі айшықталған. Сонымен бірге, қызметшілердің мемлекеттік саясатты ұстануы аталып өтілген.
Әдеп кодексінің жаңашыл­дықтарының бірі болып мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттарын бекітілуі танылады.
Осы ретте, мемлекеттік қызмет­шілердің қызметтік әдебі адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық, клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделеді.
Бұл жағдайда клиентке бағдарлану қағидаты мемлекеттік қызметтерді тұтынушы ретінде халықтың сұраныс­тарына толықтай бағдарлай отырып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және жолданымдарды қарау кезiнде төрешiлдiк көрiнiстерiне және әуре-сарсаңға салуға жол бермеуді білдіреді.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің жүріс-тұрыс ережелері қызметтік әдеп стандарттарында көрініс тапқан.
Атап айтқанда, қоғамдық кеңіс­тіктегі, мемлекеттік қызметшілердің азамат­тармен және әріптестерімен қыз­меттік қарым-қатынастағы, қызметтен тыс уақыттағы қызметтік әдебінің стандарт­тары.
Мәселен, мемлекеттік қызметшілер қарапайым болуға, жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептік нормаларды сақтауға, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға міндетті.
Сонымен бірге, азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік танытуы, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеуі, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен олардың тарапынан сынға себепкер болмауы тиіс.
Тағы да бір ерекшелік – мемлекеттік қызметшілерге лауазымдық өкілет­тіктерді атқаруға байланысты кез келген сипатта құқыққа сыйымсыз уәделерді бермеу және құқыққа сыйымсыз міндеттемелерді алмау талабы қойылады.
Мәселен, мемлекеттік қызметшілер өздерінің өкілеттіктеріне жатпайтын мәселелер бойынша қоғам алдында қандай да бір шараларды атқаратындығы жөнінде негізсіз уәде берулері мүмкін. Бұл ретте, берілген уәденің іс жүзінде заңнамаға сәйкес орындаудың мүмкін болмауы халықтың мемлекеттік билікке деген сенімінің төмендеуіне әкеп соқтыруы ықтимал.
Қысқаша осылай.
Біздің білуімізше, бұған дейін қолданыста болған Әдеп кодексінде өзге заңнамалық актілерде көрініс тапқан ережелер болған. Осы мәселе қалай шешімін тапты?
– Бұған дейін қолданыста болған Әдеп кодексіндегі мемлекеттік қызметшілерге қойылатын келесідей талаптар:
– өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз ету;
– қызметтік міндеттерін тиімді атқару үшін өзінің кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыруға, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтау;
– жасағаны үшін заңнамада тәр­тіптік, әкімшілік немесе қыл­мыс­тық жауаптылық көзделген құқық бұзушылықтар мен теріс қылықтарды жасауға жол бермеу және тағы басқалары оларды тәжірибеде қолдану­дың икемсіздігіне байланысты алынып тасталған.
– Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың, оның ішінде Әдеп кодексі талаптарының сақталуына бақылауды жүргізеді.
Шәкір Асылханұлы, бүгінгі күнге мемлекеттік қызметшілердің әдептілік деңгейі қандай? Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлердің тәртіптік жазаға тартылуының жай-күйіне тоқталып өтсеңіз?
– Соңғы 3 жылда жалпы мемлекеттік қызметшілерге қолданылған тәртіп­тік жазалардың санының кему дина­микасын байқауға болады.
Мәселен, 2019 жылы барлығы 1 229 қызметшіге жаза қолданылса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 1 050 қызметшіні құрап, 14,6%-ға кеміген.
Өз кезегінде, 2020 жылмен салыстырғанда, 2021 жылы тәртіптік жауапкершілікке тартылған мемлекеттік қызметшілердің саны 1 050-ден 865-ке, яғни 17,6%-ға кеміген.
Жалпы алғанда, 3 жылдың ішінде тәртіптік жазалардың саны 29,6%-ға кеміген.
Тәртіптік жазалардың басым бөлігі, яғни 3 жылдағы орташа көрсеткішпен алғанда, 67%-ы жергілікті атқарушы органдардың қызметшілеріне қатысты қолданылған.
Бұл жағдай мемлекеттік қызмет шілер тарапынан жасалған заң бұзу­шылық фактілерінің де азайып келе жатқандығын білдіреді.
Ендігі кезекте әдеп нормаларын бұзғаны үшін тәртіптік жаза қолдану тәжірибесіне тоқталып өтейін.
Әдеп нормаларын бұзғаны үшін жазаға тартылған қызметшілердің санының кемігенін де байқауға болады, егер 2019 жылы 30 қызметшіге жаза қолданылса, 2020 жылы 12 қызметші жазаға тартылған, яғни көрсеткіш 60%-ға төмендеген.
Өз кезегінде аталған санаттағы заң бұзушылықтарды жасағаны үшін өткен жылы 13 қызметші жауапкершілікке тартылған.
Демек, жағдайдың біршама тұрақтағанын байқауға болады.
Үстіміздегі жылдың 13 сәуірінде «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы шыққан болатын. Осы тұрғыда, мемлекеттік органдарды бюрократиядан арылту мәселелсі жаңа редакциядағы Әдеп коддексімен өзара ұштасатын тұстары бар ма?
– Сіз атап өткен Жарлық мемлекеттік аппаратта шешімдер қабылдаудың тиімділігі мен жеделдігін арттыру, құжат айналымы мен есептілікті қысқарту, мемлекеттік органдар басшыларының дербестігі мен дербес жауапкершілігін арттыру мақсатында қабылданған болатын.
Бұл құжатта Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің осы процесстегі рөлдері мен құзіретінің ауқымы анықталды.
Агенттікке Үкіметпен бірлесе отырып:
1) мемлекеттік қызметшілер ара­сында мемлекеттік аппарат қызметін жетілдіру жөніндегі үздік жобаға арналған конкурсты жыл сайын өткізуді;
2) мемлекеттік қызметтің жай-күйін мониторингтеу және мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын қоғамдық мониторингтеу рәсімдері шеңберінде жыл сайын бюрократиядан арылту жөніндегі сұрау салу жүргізуді қамтамасыз етеді.
Сонымен бірге, Агенттік және оның аумақтық департаменттері мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту мәселелері бойынша мониторинг пен талдау, оның ішінде мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін зерделейтін болады.
Жоғарыда айтып өткенімдей, жаңа Әдеп кодексіндегі клиентке бағдарлану қағидаты халыққа мемлекеттік қызмет­терді көрсету және өтініштерді қарау барысында бюрократия көрiнiстерiне және әуре-сарсаңға салуға жол бермеуді білдіреді.
Демек, бюрократияны болдырмау мәселесі Әдеп кодексінде де айшық­талған, подпись және оны бұзу – тәртіптік жауапкершілікке әкеп соқтырады.

«Құлан таңы» ақпарат.

Поделиться ссылкой: