Мемлекеттік рәміздерді орналастыру ережелері қандай?

3 220 Views

Жуырда Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің жұмыс жоспарына сәйкес аудандағы мемлекеттік мекемелер мен оқу орындарындағы мемлекеттік рәміздердің насихатталуы мен қолданылу барысы зерделеніп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Ауданда рәміздерді насихаттау және құрметтеуге бағытталған шаралар ұдайы ұйымдастырылып келеді. Қазіргі жағдайға байланысты, әлеуметтік желілерде, БАҚ-та түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Мемлекеттік мекемелер мен оқу орындары, мектептер мен балабақшалардағы мемлекеттік рәміздердің насихатталуы мен қолдану жайымен танысу – басты мақсат. Өткен жылы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздерін қолдану мен насихаттауға жауапты тұлғалар үшін» жадынама шығарып, оны барлық ұйымдар, мекемелерге тараттық. Жалпы онда, заңды тұрғыда рәміздерді қолдану, орналастыру жайы анық көрсетілген.


Қолымыздағы, бұл кітапшада көрсетілген бірнеше талапты айта кеткенді жөн санадық. Себебі, кейбір мекеме басшыларының жұмыс кабинетіне қойылған рәміздердің орналасуы дұрыс болмай жатады.
Мәселен, мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен мекемелердің, сондай-ақ, білім беру орындары басшыларының қызмет бөлмесінде ҚР Мемлекеттік Елтаңбасы лауазымды тұлғаның жұмыс орнының арт жағындағы қабырғаға орналастырылады. Ал Мемлекеттік Ту (1х2 метр өлшеммен) лауазымды тұлғалардың кабинеттерінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының сол жағына орналастырылады.
Тағы бір назар аударатын мәселе – ғимараттарға тұрақты орналастырылған Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаға тәуліктің қараңғы мерзімінде жарық түсіп тұруы тиіс.
Мекеме мен мектептерді аралау кезінде осы қағидаттар ескерілді. Мемлекеттік Ту сыртқы кіреберіске орнатылғанда ұлттық стандартқа сәйкес келуі, қараңғы уақытта жарықтандырылуы тиіс. Мемлекеттік Ту мен Елтаңба, сондай-ақ, олардың бейнелері ұлттық стандартқа сәйкес келмеген жағдайда, олар ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 1 қазандағы №862 қаулысымен бекітілген «Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Елтаңбасын ауыстыру мен жою қағидаларында» мазмұндалған тәртіпте ауыстырылуы және жойылуы керек. Осы қағидатқа сәйкес, ескірген рәміздерді жою актілері де көрсетілді. Бұл ретте, орта білім беру мекемелерінде бұл жұмыс тиянақты жасалып қойған.
Жалпы білім беретін орта, бастауыш, кәсіптік орта және жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында көрнекті орындарға Мемлекеттік Ту тігіледі, Мемлекеттік Елтаңба не олардың бейнесі, сондай-ақ, ҚР Мемлекеттік Гимнінің мемлекеттік тілдегі мәтіні орналастырылады. Мемлекеттік рәміздер орналасуы: Ту, Елтаңба, Гимн ретімен бірдей көлемде болуы керек.
Мемлекеттік Елтаңба мемлекеттік органдардың, ұйымдардың веб-сайтында, мөрлері мен құжат бланкісінде, маңдайша атауында, қызметтік куәліктерде міндетті түрде орналастырылады.
Еліміздің Гимні мемлекеттік мерекелерде, сондай-ақ, өзге де салтанатты іс-шараларға арналған жиналыстар мен мәжілістердің салтанатты ашылу кезінде,спорттық іс-шараларда, білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылының ашылу және оқу жылының аяқталу рәсімдері кезінде орындалады.
Сондай-ақ, Мемлекеттік Туды салтанатты жағдайда көтергенде Мемлекеттік Гимн орындалады. Бұл ретте қатысушылар жүздерін Туға қарай бұрады.
Мемлекеттік Гимн көпшілік алдында орындалған кезде қатысушылар орнынан тұрып айтады (тыңдайды). Азаматтар оң қолын жүрек тұсына қояды.
ҚР Туын, Елтаңбасын және Гимнін қолдануды реттеу саласындағы қолданыстағы заңнаманы бұзу мен мемлекеттік рәміздерді лайықсыз пайдалану әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке алып келеді.
Ұлттық стандартқа сәйкес келмейтін Мемлекеттік Ту мен Мемлекеттік Елтаңбаны ауыстыру мен жою жөніндегі комиссия құру ұсынылады. Комиссия құру туралы бұйрық әр күнтізбелік жылдың басында жаңартылады. Одан соң бұл іске жауапты адамды басшының ішкі бұйрығымен қоя алады. Туды қатты жел тұрғанда тұтастығының бұзылуына, кір болып кетуіне жол бермеу мақсатында күн сайынғы сырттай көзбен шолу жұмыстарын ұйымдастыру ұсынылады.
Мемлекеттік рәміздердің бейнелерін заңсыз пайдалануға, қажетті жою шараларын жүргізбей тұрып қатты қоқыс қалдықтарын жинайтын орындарға апарып тастауға жол берілмеуі керек.
Біздің жұмыс тобы аудан бойынша көптеген мекемелерді, мектептерді аралады. Біз барған мемлекеттік мекемелерде рәміздер талапқа сай орналастырылған. Кейбір білім ордаларында Мемлекеттік Ту мен Мемлекеттік Елтаңба орны ауыстырылып қойылған жағдай кездесті. Алайда, ескертуден соң сол мезетте кемшілік қалпына келтірілді.
Сондай-ақ, «ҚР Мемлекеттік Рәміздері» стендісінде бейнеленген мемлекеттік Елтаңба жаңа стандартқа сай өзгертілді.
Рәміздер балабақшаларда, мектептерде, жоғары оқу орындарында, мемлекеттік мекемелердің ғимараттарында көрнекті орындарға орналастырылған. Атап айтар болсақ, балабақша бүлдіршіндерінің өзі оң қолдарын жүрек тұсына қойып, «Менің Қазақстанымды» шырқай жөнелгенде қалай сүйсінбейсің? Ерекше бір сезімге бөленіп, жігерленіп қанаттанатының рас. Бұл – ел болашағы жастардың өз Отанын, өз жерін, өз елін қорғауға деген сезімін оятып, сенімін нығайтатыны анық.
Мемлекеттік рәміздерді қастерлеу – азаматтарымыз үшін басты міндет болып табылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығы құтты болсын! Әрқашан рәміздерімізді құрметтеп, насихаттау шараларын жүзеге асыра берейік! Осы тұрғыда, аудандық ішкі саясат бөлімінің түсіндіру бағытындағы жұмысы жалғаса да бермек.

Өркен Нышанбекұлы,
аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы.

Поделиться ссылкой: