Төл туымыз тұғырында тұруы тиіс

436 Views

Осыдан бір-екі апта бұрын әлеуметтік желіде белгілі бір өнерпаздар тобы Мемлекеттік Туды заңнама ережесінен шектен тыс қолданғаны туралы бейнеролик кең тараған болатын. Шыны керек, аталмыш жайтқа қатысты ел азаматтары өзіндік пікірлерін де жеткізген еді. Біз де осы игі бастамадан қалыс қалмайық деп, аудан жастарына бірқатар сұрақ қойып, олардың ойларын білген едік. Белсенді жастардың пікірі төмендегідей өрбіді.

Ұлттық рәміздерді құрметтеу – аса маңызды. Дейтұрғанмен, дәл қазіргі таңда оның бәрін шетке ысырып, «жұлдыз» ауруына шалдыққандардың шеттен шыққан тірлігі еріксіз зығырданыңды қайнатады. Мен үшін Ту — баға жетпес қазына. Сол себепті де мен өз замандастарымды оны құрметтеуге, қадірлеуге шақырамын.

Дильназ ЖОЛДАС.

Бүгінде қазақ сахнасында «саны көп, сапасы жоқ» әншілердің шамадан тыс көбейіп кеткені баршамызға мәлім. Шыны керек, ескі әрі есті әндерді іздеп жүріп тыңдайтын болдық. Кезінде Әлібек Дінішев, Ескендір Хасанғалиев, Роза Бағланова секілді саңлақтар ән салған сахнаға бейәдеп сөздер айтып, ерсі қылық жасайтын, көк байрақты құрметтемейтін жандарды жақындатпауымыз керек секілді.
Туымыз көкте желбіресін.

Ноян АСЫҚБАЙ.

Алматыда болған концерт елді елең еткізді. Концертке келген халықтың да әншілердің сол теріс қылықтарына көңілдері толмады деген ойдамын. Жалпы мұндай теріс қылықтарды сап тыйғанымыз абзал. Ол үшін, әрине, Ата заңдағы баптар қатаңдатылуы тиіс.

Жұлдызай МУСАЕВА.

Жалпы қолына үнтаяқ ұстағандардың бәрі әнші емес. Адалын айту керек, дәл қазіргі жастар нағыз өнерді таңдауда көп шалыс басып жатады. Оған аталмыш концертке барған жандарды айқын дәлел ретінде көрсетуге болады. Құрметті достар, Жаңа Қазақстан жастары елін сүйе білетін, дұрыс жолмен жүретін, ел рәміздерін қорғай білетін жандар болуы тиіс.

Гүлсім ДӘУЛЕШ.

Төл туымыз тұғырында тұруы тиіс, әрдайым. Оны әр жерге алып жүріп, рәміздерді қолдануға қатысты шектеулерді бұзуға ешкімнің де қақысы жоқ. Әрине мен де белсенді жастардың бірі ретінде заң баптарының қатаңдатылуына қарсы емеспін. Тіпті, қос қолдап қолдаймын. Аталмыш бастамаға сіздерде үн қосады деген сенімдемін.

Әлия ЖАНӘБІЛ.

 

Поделиться ссылкой: