Шешім қабылдамас бұрын, қоғамның пікірімен санасуға тиіспіз

398 Views

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Мойынқұм ауданына жұмыс сапары барысында аудан активімен кездесті.
Басқосуда әуелі аймақ басшысы ауыл әкімдері мен бөлім басшыларына мемлекеттің ұстанып отырған саясаты мен алдағы жұмыс бағыты туралы аз-кем айтып өтті.
– Аудандағы ауқымды жұмыстарға рес­пуб­ликалық бюджеттен қаржы қара­ла­ды. Бұдан бөлек жергілікті бюджеттен бөліне­тін және Үкіметтен көрсетіліп жатқан қолдаулар бар. Ал аудан, ауыл әкімдері мен бөлім басшылары мемле­кеттен көрсетілетін көмекті, түрлі бағдар­ламалардың мүмкін­діктерін тұрғын­дарға жет­кізіп, жұмысты сапалы әрі жүйелі ұйымдастыруы тиіс, – деді облыс әкімі.
Бұдан соң аудан әкімі Әлихан Балқыбеков ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр аралығындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады.
Ауданда 16 ауылдық округ және 24 елдімекен бар. Онда 31 895 халық тұрады. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша ауыл шаруа­шылығы саласындағы өсім 3,3 пайыз, өнеркәсіп 11,8 пайыз, инвестиция 9,8 пайыз және құрылыс саласы 3,7 пайыз­ды құраған. Аудандағы ресми тіркелген жұмыссыздар саны 862 адамға жеткен. Сонымен қатар ауданның 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспары аясында қолға алынған шаруалар да аз емес.
Басқосуда Нұржан Нұржігітов Әлихан Балқыбековтен ауданның не­­гізгі кіріс көзі және құрылыс, бі­лім, денсаулық, мәдениет, спорт сала­ларын­дағы жаңа жобалар туралы сұрады.
Осы ретте аудан басшысы биыл жер­гілікті бюджеттен қаралған 690,6 мил­лион теңгеге саябақтар мен ал­лея­­лар жаңартылып, ауыз су, жол мә­се­лесі сынды бірқатар шаруа ретімен шешілетінін айтты.
Аудандық бюджеттің кіріс көлемі көп болса, ірі жобаларды іске асыруға мүмкіндік туатынын ескерткен аймақ басшысы биыл құжаттары әзірленген 9 жоба бір аудан үшін аздық ететінін және шеткі аудандағы шаруаны тіктеу мәселесі аудан әкімдігінің сметалық құжаттарына байланысты екенін баса айтты.
– Біз кез келген маңызды шешімді қа­был­дамас бұрын оны тұрғындардың қа­лай қабылдайтынын ойлағанымыз жөн. Осыған аса мән беріңіздер. Шешімді қоғаммен санаса отырып, қабыл­дауға тиіспіз. Сонда ғана түсініс­пеу­шіліктерге жол бермейміз. Бұл тұрғыдағы жұмыстарды жүйелесек, елдің де әкімдікке деген оң көзқарасы қалып­тасады. Сондықтан әкімдер өздеріне жүктелген функцияны 100 пайыз орындауы керек, – деді Нұржан Нұржігітов.
Басқосуда облыс әкімінің қойған сауалдарына аудандық бөлім басшы­лары мен ауыл әкімдері мардымды жауап бере алмады. Аймақ басшысы мемлекеттік бағдарламалар мен кейбір ережелерді өздері жете түсінбей отырған басшыларды сынға алды.
– Үкіметтен көрсетіліп жатқан қолдаулар көп. Алайда, ауыл әкімдері қарапайым субсидияның шарттарын білмейді. Сол үшін де Мойынқұм ауданы былтыр субсидия алудан көш соңындағы аудандардың қатарында қалды. Үкіметтен грант алғандардың да саны аз. «Сен тимесең мен тиме» деп бос жүрген жарамайды. Апта сайын ауыл әкімдерінің жұмысын жетілдіру бағытын қайталап келеміз. Әлі нәтижесі байқалмайды.
Халықтың тұрмысын түзеу, табысын арттыру – басты мақсат. Бұл бағытта мемлекет барынша жағдай жасап отыр. Бірақ біз соны халыққа өз деңгейінде жеткізе алмай отырмыз.
Тек бюджет қаражатын игеріп қана қоймай, жаңа жобаларды жүзеге асыру, сол арқылы жұмыс орындарын құру, тұрғындарды тұрақты табыспен қамту мәселесін шешуге күш салу керекпіз, – деді Н. Нұржігітов.
Актив отырысын қорытындылаған аймақ басшысы аудан әкімдігінің бөлім­дерін ауыл әкімдерімен бірлесіп жұ­мыс істеуге шақырды. Мұнымен қоса ауыл әкімдеріне шешім қабылдарда «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» қағи­да­сын қатерден шығармауды тағы бір мәрте ескертті.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: