Халықтан ұрланған активтерді елге қайтарып, әділдік орнатуымыз керек

363 Views

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді.

Президент жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде халықтың Конституцияға енгізі­летін түзетулерді референдумда қабылдағанын және оның заңды түрде күшіне енгенін атап өтті. Осылайша, азаматтарымыз Жаңа, Әділетті Қазақстан құруды қолдады.
– Референдум ауқымды жаңғыртуларды жалғас­тыруға жол ашты. Біз елдің үмітін және сенімін ақтауға тиіспіз. Барлық салада бәріне бірдей мүмкіндік берілетін қоғам құруымыз қа­жет. Тұрғындар экономикалық өсімнің игілігін шын мәнінде көруі керек. Мемлекеттің байлығы бел­гілі бір адамдарға емес, барша халыққа тиесілі. Сондық­тан, бүкіл халықтың әл-ауқатын арттыру – алды­мызда тұрған аса маңызды міндет, – деді Президент.
Мемлекет басшысы экономика саласын тәртіп­ке келтіріп, түсінікті әрі әділ ойын ережесін бекіту қажет деп санайды. Оның айтуынша, бұл бағытта қор­да­ланған проблемалар мен олқылықтар бар. Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанда эконо­мика­лық дамудың басты қағидаты табыстың әділ бөлінуі және азаматтардың тұрмыс сапасын арт­тыру болуға тиіс екенін атап өтті.
– Жуырда менің Жарлығыммен экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы комис­сия құрылды. Бұл комиссия заңсыз жылыстатылған қаражатты елге қайтарумен айналысады. Оның жұмысы ұдайы қоғам назарында болады. Халық бізден бос уәде емес, нақты нәтиже күтеді, – деді Президент. Президенттің пікірінше, ынтымақты, заңды­лықты және жауапкершілікті мінсіз сақтау маңызды.
– Барлық іс-әрекет құқықтық нормаларға толық сай болуға және заңға қатаң әрі мүлтіксіз негізделуге тиіс. Прокуратура қадағалаушы орган ретінде қабылданатын барлық рәсім­дердің заңға толықтай сәйкес келуін қамтамасыз етуге міндетті. Бұл мәсе­леде қателесуге және біліксіздік таны­туға болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ведомство­аралық комиссияны белсенді әрі нәтижелі жұмыс істеуге шақырды. – Комиссия жұмысының нәтижесі нақты әрі сапалы болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, елімізден заңсыз шығарылған капи­талды барлық заңды рәсімдерді сақтай отырып қайтару үшін белгілі бір уақыт керек екенін түсіну қажет. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, басты мақсат сотқа берілген қылмыстық істердің саны емес, экономиканы нақты сауықтыру. Президент комиссияның қызметі жөнінде жұртшылыққа жүйелі түрде хабар таратып отыруды тапсырды.
Сонымен қатар жиында Премьер-министр Әлихан Смайылов және Бас прокурор Берік Асылов баяндама жасады.

AKORDA.KZ

Поделиться ссылкой: