Ағаш көшеттері отырғызылды
65 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Бір адамдар бар, қызмет лауазымы қанша жоғарыласа да, қарапайым болмысын сақтап қалады. Олар халықтың талап-тілегін сана түйсігімен сезеді. Өкініштісі – бұндай болмысты адамдар тобы аз. Ал енді бір адамдар бар, бітірген түгі жоқ, бірақ, «болмашыны болды» деп, кеудесін тік ұстап жүреді. Керісінше, осындай адамдар тобы көп қазір.Тұрар Рысқұлов аудандық сотының судьясы Узбеков Серік Тұрысбекұлы жайлы сөз қозғайтын болсақ, оның адами һәм судьялық қызметтегі ұстанымын осының алғашқы сатысына жатқызар едік. Өйткені, ол – қарапайым азамат. Әрі сол құрметке лайық.
Биылдан бастап, 24 маусым – Судьялар мен сот қызметкерлерінің күні болып белгіленді. Осыған орай, «Құлан таңы» газетінің шығармашылық ұжымы редакциялық лездемеде ақылдаса келе, Тұрар Рысқұлов аудандық сотының төрағасы міндетін атқарушы, судья Серік Тұрысбекұлының қызметтік жолынан өмірдерек жазуды құп көрді.
Серік Тұрысбекұлы қанша марапатқа кенеліп, қызметі өссе де, қарапайым болмысын ешқашан бұзған азамат емес. Оны жоғарыда да атап өттік. Бұрынғы Луговой, қазіргі Құлан ауылында дүниеге келген Серік Тұрысбекұлы мектеп оқып жүрген кезінен білімге құштар болды. Қазір «Құқықтану» мамандығына екінің бірі түсіп жатыр. Ал, 1990-шы жылдары осы мамандыққа құжат тапсыратындар саны көп болған жоқ, біздіңше. Сол жылдары «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алған азаматтың бірі – Серік Тұрысбекұлы. Кейіннен ол Алматы қаласындағы «Әділет» Жоғарғы құқық мектебін сырттай бітірді.
Серік Тұрысбекұлы өзінің алғашқы еңбек жолын Шу ауданаралық прокурорының көмекшісі қызметінен бастаған. Ол жұмысқа деген қабілетін осы қызметте анық көрсетті. 2000 жылдың тамыз айында Т.Рысқұлов ауданы прокурорының көмекшісі қызметіне тағайындалды. Ал, 2005 жылдан 2011 жылдың маусым айына дейін Т.Рысқұлов ауданы прокурорының аға көмекшісі қызметін атқарды. Бұл қызметте кейіпкеріміз өнімді еңбек етіп, әріптестеріне сыйлы бола білді. Ол тіпті, 2011-2012 жылдар аралығында «Құлан-Дән» несие серіктестігінде заңгер болып та қызмет етті. Бұл жұмыс орнында да ұжымға өзінің қабілет-қарымымен ерекшеленіп, мықты кадрдың бірі болды. Серік Тұрысбекұлы 2014 жылы Т.Рысқұлов аудандық заң кеңсесінде адвокат болып та жұмыс істеді. Яғни, бұл дегеніңіз – Серік Тұрысбекұлының заң саласында еткен еңбегі мен толысқан тәжірибесі мол деген сөз.
Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасып, құқықтық мемлекет ретінде орнығуында сот жүйесінің алар орны ерекше. Сот билігін Қазақстан Республикасының атынан тек сот қана жүзеге асырады.
Серік Тұрысбекұлы Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы №899 Жарлығымен сол жылдан бастап, Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов аудандық сотының судьясы қызметін абыроймен атқарып келеді.
Сот ісін жүргізгенде істің күрделілігі мен екі жақ тараптардың ықылас мүдделеріне баса назар аударған жөн. Сонымен бірге, іске қатысатын тараптардың өкілдері мен өзге де қатысушылардың мүмкіндігін шектемей, жариялылықты қатаң сақтай отырып, дәлелдеу қорытындысында екі тараптың бірі жеңіп, бірі жеңіліп емес, екі жаққа да шындықты мойындата білген абзал. Судья халық алдында өзінің шынайы шешімімен тараптарды татуластырса ғана әділ ісімен даңқы артады.
Осы орайда айта кетер жайт, Тұрар Рысқұлов аудандық сотында 2022 жылы медиация тәртібімен 34 азаматтық іс бойынша әртүрлі санатта дау қаралса, оның ішінде судья Серік Тұрысбекұлы Узбеков өзінің жоғары кәсібилігінің, заңнаманы жетік білуінің және жеке қасиеттерінің арқасында 20 дауды бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік тудыртып, тараптарды татуластырып, келісімге келтірген.
М.Диханбай.