Жас ұрпақтың танымын кеңейтетін іргелі мекеме

378 Views

«Жас натуралистер станциясы» КММ 2017 жылы құрылған. Аталмыш станция жанынан жаңа жылыжай салынып, пайдалануға берілген болатын. Анығын айтсақ, 2020 жылы. Жуырда біз бұл мекеменің жұмыс істеу тәсілін өз көзімізбен көріп қайттық.
Аудан орталығындағы мектептерде білім алатын оқушылар биология, экология саласында тек теориялық ақпа­ратпен шектеліп қалмай, осы нысанға келіп, өсімдіктерді өз көзімен көру, баптау арқылы, тә­жіри­бесін шыңдай алады. Оның үстіне, мұндай шаралар ерте жастан-ақ ұрпақты табиғатты аялауға үйретеді. Оқушылар өсімдік шаруашылығындағы жұмыстармен танысады. Өсімдіктер әлеміне қызы­ғушылық танытушылар арасында ғылыми зерттеулерге қаты­сып жүрген жеткіншектер де аз емес. Жеткіншіктер мекемеде алған білімдері арқылы байқауларда бас жүлде, бірінші орындар алып жүр. Айта кетерлік жайт, бұл жерде мұғалімдер үшін де түрлі конференциялар ұйым­дастырылып, әртүрлі мереке қарсаңында жарыстар өткізіледі. Танымдық әрі тәрбиелік бағыттағы іс-шаралар «Жас натуралистер станциясына» деген қызығушылықты арттырып, оқушылармен тығыз байланыс орнатуға сеп болады.
Аталмыш станция қазірдің өзінде жақсы көрсеткіштерге ие. Атап айтар болсақ, жылыжай үйірмесіне 1470 оқушы қатысса, қырыққа жуық шәкірт бір уақытта білім алады. Үйірмеде 33 мұғалім мен 2 бөлім меңгерушісі, оқу-тәрбие орынбасары, әдіскер, т.б. мамандар қызмет етуде. Жылыжай үшін 200 шаршы шақырым көлеміндегі жер аумағы бөлінген.
Ұжым қызметкерлері бізге берген сұхбатында алға қойған үлкен жоспарларымен бөлісті. Соның ішінде түрлі тропикалық өсімдік түрлерін отырғызу мен жылыжай жұмысын одан әрі жандандыру да қарастырылған.
Еліміздегі аграрлық секторды да­мыту мен экологиялық ахуалды оңалту мәселелерінің өз шешімін таппағанын ескерсек, жас ұрпақты экология-биология бағытында ізде­ніске шақыратын осындай мекеменің ауданда жұмыс істеуі – заңдылық секілді көрінеді.
Аяжан Қуанышова,
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің менеджмент және халықаралық коммуникация факультеті журналистика мамандығының
2 курс студенті.

Поделиться ссылкой: