Қазақстан экономикасы 5 айда 4,6%-ға өсті

267 Views

Үкіметтің кезекті отырысында елі­міздің биылғы қаңтар-ма­мыр айларындағы әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық дамуының қорытындысы және респуб­ликалық бюджеттің атқарылуы қаралды. ҚР Ұлттық экономика ми­нистрі Әлібек Қуантыров, Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы ми­нистрі Ерұлан Жамаубаев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов баяндама жасады.
ҚР ҰЭМ басшысының мәліме­тінше, биылғы қаңтар-мамыр айла­рында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,6%-ды құрады. Негізгі трендтер бойынша есепті кезеңде нақты сектордағы тұрақты серпін, қызмет көрсету секторындағы өсудің жеделдеуі, экспорт көлемінің артуы байқалады.
Нақты сектордағы өсім 4,8%-ды құрады. Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 3,9%-ға дейін ұлғайды. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 2,5%-ды құрады. Инвестициялар білім беруде 72%-ға, мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қамсыздандыруда 55%-ға, ғылыми және техникалық қызметте 36%-ға, денсаулық сақтауда 28%-ға, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда 20,4%-ға, саудада 14%-ға, құрылыс саласында 10,7%-ға өсті.
Ұлттық банк төрағасының айтуын­ша, биылғы мамырда жаһандық нарық­тарда құбылмалылық сақталды. Әлемдік экономика геосаяси тәуекелдер мен тұрақты жоғары инфляция аясында жұмыс істеп келеді.
2022 жылғы мамырда Қазақстандағы инфляция жылдық мәнде сәуірдегі 13,2%-дан 14%-ға дейін қарқын алды. Ұлттық банктің бол­жа­мына сәйкес, 2023 жылы инфляция ақша-кредит саясаты сала­сында қабылданып отыр­ған шаралар, сыртқы инфляциялық қысымның біртіндеп төмендеуі және іске асыру жоспарланып отырған контрциклдік бюджеттік қағида ая­сында біртіндеп 7,5-9,5%-ға дейін баяулайды.
Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр экономиканың нақ­ты секторының қарқынды дамуына өңдеу өнеркәсібі айтарлықтай үлес қосатынын атап өтті.
Азық-түлік өнімдерін өндіру 3%-ға, сусындар өндірісі 18%-дан аса артты. Жеңіл өнеркәсіп 8%, химия өнеркәсібі 11%-ға жуық өсті. Сонымен қатар резина және пластмасса бұйымдарын шығару 11%-дан асты, мұнай өңдеу 8%-ға, жиһаз және машина жасау өнімдерін шығару 10%-ға, фармацевтика өндірісі 5%-ға ұлғайды.
«Тау-кен өнеркәсібіндегі 4% өсім табиғи газ, мұнай, көмір және металл кендерін өндіру есебінен қамтамасыз етілді. Құрылыс саласы да 9%-ға жуық тұрақты өсім көрсетіп отыр. Құрылыс материалдарының өндірісі 5%-ға өсті», – деді Ә. Смайылов.
Қызмет көрсету секторында сауда 11%-ға, көлік саласында 8%-дан және байланыс 7%-дан астам өсті.
Биылғы 5 айдың қорытындысына сәйкес, Ақмола, Алматы, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында сондай-ақ, Шымкент қаласы мен елордада барлық негізгі көрсеткіштер бойынша өсім тіркеліп отыр.
Үкімет басшысы жауапты мем­лекеттік органдар мен өңірлердің әкімдіктеріне осы жұмыс қарқынын сақтауды тапсырды. Ол үшін эконо­миканы әртараптандыру, инвестициялар тарту және жаңа тұрақты жұмыс орын­дарын құруды жалғастыру қажет.
Ә.Смайылов инфляция мәсе­ле­сіне ерекше назар аударып, оның жедел­деуіне әсер ететін басты факторлардың бірі – азық-түлік тауарларына әлемдік бағаның өсуі екенін айтты. Мамыр айының қорытындысы бойынша ел­дегі жылдық инфляция 14%-ды құ­рады. Оның ішінде азық-түлік инфля­циясының деңгейі 19%-ға жетті.
«Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен әкімдер инфляцияны тежеу жұмысын күшейтіп, пәрменді шаралар қабылдауы тиіс», — деді Премьер-Министр.
Осы және басқа да мәселелер шілде айында Мемлекет басшысының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысында қаралады.

Поделиться ссылкой: