Мемлекет мүддесі бәрінен жоғары тұруы қажет

351 Views

Кез келген қоғамды дамытуға қажетті сұраныстардың қатарына мемлекеттік қызметшілер де кіреді.
«Мемлекет өркендеп, таза дамуы үшін, барлық шенеунік таза болуы тиіс. Бұл қызметте олар үлкен қиын­шылықтарды көруі мүмкін, алайда, мемлекет мүддесі бәрінен жоғары тұруы қажет» деген екен Қытайдың ұлы ойшылы Конфуций.
Бұл нені білдіреді? Мемлекеттік қызметкердің өзіне жүктелген лауа­зымды атқаруында ар-ождан тазалығы, қызмет міндетіне деген жауапкершілігі, қиыннан жол тауып шығар алғырлығы, мінез байлығы деген ең қажетті ұстанымдарды ұштастыра білуі дер едім.
Жеке ар-ождан мен әдептілікті қай кезде болмасын ұйыстыра ұстау да оңай шаруа емес.
Естіп, көріп жүрміз, лауазымдық қылмыс пен заң бұзушылық жасап алып, өзінің бұндай әрекетке баруына түрлі тұрмыстық жетіспеушіліктер мен басқа да себептер әсер еткенін алға тартып, ақталып жататын мемлекеттік қызметшілер де бар. Бұл, әрине, үлгі ететін нәрсе емес. Рас, қазір сананы тұрмыс билеген уақыт. Лауазымды мемлекеттік тұлғаның жалақысының жоғары болуы, оның түрлі заң бұзу­шылыққа бармауының басты кепілі бола алмайтындығын уақыт көрсетіп отыр. Жақында ғана ел Президентіне есеп берген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов өткен жыл мен биылғы жылдың 6 айында орын алған сыбайлас жемқорлық сипатындағы заң бұзушылық пен қылмыстардың 80%-ын жалақысы тиісті талаптардан жоғары тұрған мемлекеттік қызметкерлер жасағанына тоқталды. Бұл мәселенің себебін басқадан іздеу қажет сияқты…
Бізге әлі де болса, мемлекеттік қыз­­­­меткерге деген заң, қоғам та­ла­­­­бын жетілдіру керек деп ой­лай­мын. Мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған кез келген тұлға­лардың, әсіресе, жеке жас аза­маттардың білімінен бөлек, ар-ождан таза­лығы мен әдептілігін, жеке пара­сатын таразылайтын тетіктерді күшейте түсу қажет сияқты. Өйт­кені, жастар еліміздің болашағы.
Мемлекеттік қызметке қабылдан­ған әрбір жас азамат «қалай пайда табам?» деп емес, «мен еліме, қызметіме қандай пайда әкелемін?» деген ұстанымда болса, сыбайластық пен жемқорлық­тың азайып, көзбояушылықтың жойы­лары сөзсіз.
Мұратбек Арыстанбек,
Абай ауылдық округінің әкімі.

Поделиться ссылкой: