Бас жүлде Ниязқұловтар отбасында
Елбасы Жарлығымен бастау алған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы биыл бесінші жыл ұйымдастырылып отыр. Еліміздің әр өңірінен келіп, отбасылық дәстүрлер, ата-анасының үлгісі, отбасының өмірлік философиясы, өзінің тарихын білуі, балаларының жетістігі мен халыққа көрсетіп жүрген үлгісі секілді критерийлер бойынша бақ сынаған отбасылардың ішінде Қазақ ауылының тұрғындары Ниязқұловтар әулеті де бар болатын.
Астана қаласындағы Қазақстан концерт залында өткен байқау қорытындысында Өмен ақсақалдың отбасы бас жүлдеге ие болды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Елбасының құттықтауын жеткізіп, байқау жеңімпазына Қазақстанда құрастырылған шағын автобустың кілтін табыс етті.
Кеше аудан әкімі Асқар Қырықбаев бастаған аудан жұрты Ниязқұловтар отбасын Луговой темір жол вокзалынан салтанатты түрде күтіп алды. Өмен ақсақал жеңісімен құттықтай келген халықтың қошеметіне ризашылығын білдірді. Ол сөйлеген сөзінде: -Отан – отбасынан басталады. Алдыңғы арба қайда жүрсе, кейінгі арба сонда жүреді. Сондықтан да біз кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болуымыз керек,-дей келе жеңімпаз болған сәттегі әсерімен бөлісті. «Жүрегіміз лүпілдеп, кімнің аты аталады екен деп отырған сәтте «Ниязқұловтар отбасы жеңімпаз» дегенді естіп көзімнен жас шығып кете жаздады. Бұл біздің ғана жеңісіміз емес, тілеуімізді тілеп, бізге дауыс берген барша Жамбыл облысының жеңісі» деген ақжарма тілегін жеткізді.
Оқырмандар назарына!
Ниязқұловтар әулеті жайындағы мақаланы
газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.
«ҚҰЛАН ТАҢЫ» АҚПАРАТ.