Белсенді жастар – жарқын болашақтың кепілі
19 ViewsЖастар – елдің ертеңін айқындайтын, қоғамның дамуына серпін беретін үлкен күш. Қай кезеңде де мемлекеттің болашағы білімді, еңбекқор, отансүйгіш әрі азаматтық ұстанымы қалыптасқан жас…
Еліміздің ертеңі саналатын жастардың келешекте қандай азамат болып өсетіні бүгін алып жатқан
тәрбиесіне тікелей байланысты. Сол үшін де өскелең ұрпаққа тиісті жағдай жасау, сапалы білім,
саналы тәрбие беріп, олардың құқықтарын қорғау – маңызды міндет. Бұл бағытта атқарылып жатқан
жұмыстардың жай-жапсарына қанығып, мәселе болса мән-жайына үңілу үшін облыс әкімдігі балалардың
құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Эльмира Мырза-Ғалимен сұхбаттасқан едік.
– Эльмира Иниятқызы, жұртшылықтың көкейінде «Балалардың құқықтарын қорғау мақсатында арнайы құрылған басқарма өңірдегі балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне қандай жаңа серпін береді?» деген сұрақ бар…
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Өйткені бүгінгі баланың амандығы мен жарқын болашағы – елдің ертеңі. Осы бағыттағы жұмысты жүйелеу мақсатында еліміздің барлық өңірінде балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылды.
Соңғы жылдары елімізде балалардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнамалық негіз нығайып, мемлекеттік қолдау тетіктері кеңейтілді. Бүгінде бұл салада 18 халықаралық құжат, 10-нан аса заң және 56 заңға тәуелді нормативтік-құқықтық акт қолданылады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы да балалардың қауіпсіздігін күшейтуге, олардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін қалыптастыруға бағытталған. Тұжырымдама аясында зорлық-зомбылық пен буллингке «нөлдік төзімділік» қағидатын орнықтыру, балалардың құқықтық қорғалу деңгейін арттыру және оларға қолайлы орта қалыптастыру көзделген.
Облысымызда бүгінде 452 342 бала бар. Оның ішінде 176 мыңға жуығы Тараз қаласында тұрады. Өңірдегі жеткіншектердің саны мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінің өзектілігін ескерсек, бұл бағыттағы жұмысты бір ғана мекеменің міндеті ретінде қарастыруға болмайды. Сондықтан басқарманың негізгі мақсаты – білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау және әлеуметтік қорғау органдарының, сондай-ақ тиісті ұйымдардың өзара іс қимылын үйлестіріп, баланың мүддесін бірінші орынға қою.
Басқарма қызметі төрт негізгі бағытты қамтиды. Біріншісі – қорғаншылық және қамқоршылық саласындағы мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру. Екіншісі – қылмыстық процестегі балаларды, оның ішінде зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді арнайы мектептердің түлектерін және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған кәмелетке толмағандарды үйлестіру мен сүйемелдеу. Үшіншісі – психологиялық қолдау орталықтарының қызметін үйлестіру. Төртіншісі – балалардың құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау, құқықбұзушылықтарды ерте анықтау мен олардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыру.
«Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңда басқарманың өкілеттіктері айқындалған. Соның ішінде тәуекел тобындағы, суицидтік ниеті немесе әрекеті болғандарға көмек ұйымдастыру, отбасындағы тәрбиелеу мен күтімге қатысты қиындықтарды ерте анықтау, олардың құқықтары бұзылуының алдын алу шараларын қабылдау маңызды орын алады. Сонымен қатар қорғаншылықтағы, қамқоршылықтағы, патронаттағы және баланы қабылдайтын кәсіби отбасылардағы балалардың жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Басқарма мамандары білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт ұйымдарына барып, балалардың құқықтарының сақталуына қатысты мәселелерді зерделеуге құқылы. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – мәселе ушығып, күрделі жағдайға айналғаннан кейін әрекет ету емес, оның алдын алу. Баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге, психологиялық жай-күйіне, отбасындағы ахуалға және айналасындағы ортаға дер кезінде назар аудару арқылы ықтимал қауіптің алдын алуға болады.
Бүгінде облыстағы білім беру жүйесінде 1 226 нысан жұмыс істейді, онда 333 755 бала білім алады. Биылғы 8 айдағы мәлімет бойынша, 1080 бала мектепішілік педагогикалық-психологиялық сүйемелдеуде болған. Сонымен қатар 277 жайсыз отбасы есепке алынған. Бұл көрсеткіштер балалармен жұмыс барысында профилактикалық шараларды күшейту, отбасыларға қолдау көрсету және тиісті мамандардың бірлескен әрекетін қамтамасыз ету қажеттігін көрсетеді.
Жас ұрпақтың қауіпсіздігі тек оның физикалық қорғалуымен шектелмейді. Оның психологиялық саулығы, отбасындағы ахуалы, білім алу мүмкіндігі және өзін қауіпсіз сезінуі де назардан тыс қалмауы керек. Сондықтан өңірде балалар мен ата аналарға психологиялық көмек көрсету, қиын жағдайға тап болған отбасыларды сүйемелдеу және балалардың құқықтары бұзылуының алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу маңызды. Бұл ретте «111» байланыс орталығы да көмекке мұқтаж балалар мен отбасылар үшін маңызды арналардың бірі болып саналады.
Біздің негізгі басымдығымыз – әр баланың құқығының сақталуын қамтамасыз ету, қауіп-қатерді ерте анықтау және баланың мүддесіне сай нақты көмек көрсету. Бұл мәселе назардан тыс қалмауы үшін мемлекеттік органдар мен қоғам арасында тұрақты байланыс болуы қажет. Балаларды қорғау – тек жауапты мекемелердің емес, ата-аналардың, педагогтардың және тұтас қоғамның ортақ міндеті. Осы бағыттағы жүйелі жұмыс әр қайсысының қауіпсіз ортада өсіп, өз қабілетін толық ашуына мүмкіндік береді деп сенеміз.
– Жас буынның ата-ана, мектеп және қоғам алдындағы жауапкершілігі мен міндеттерін түсіндіру бойынша қандай жұмыс жүргізілуде?
– Балалардың құқықтарын қорғауда жас ұрпақтың өз құқықтарын білуіне, өзгенің құқығын құрметтеуіне, отбасы, мектеп және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуіне көңіл бөлінуде. Осы мақсатта басқарма мемлекеттік органдармен қатар, қоғамдық институттар мен ата аналарды да ортақ іске жұмылдыруға басымдық беруде. Бұл бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – «Балаға жақын қоғам» буллингке қарсы жобасы. Биылғы 4 қыркүйекте басқарма мен «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жоба аясында облыстағы 152 ауылдық округтің Аналар кеңестерінің 2 мыңға жуық мүшесін балалардың құқықтарын қорғау және құқықбұзушылықтардың алдын алу жұмыстарына тарту көзделген. Қыркүйек айында аудандарда Аналар кеңестерінің мүшелерімен және ата-аналармен кездесулер өткізіліп, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, балалардың мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде байқау және қиын жағдайға тап болған балаға дұрыс қолдау көрсету мәселелері түсіндірілді.
Жобаның негізгі мақсаты – «Ескерту – Анықтау – Қорғау». Яғни мәселе ушығып, балаға психологиялық немесе өзге де зиян келтіргеннен кейін әрекет етумен шектелмей, қауіптің алғашқы белгілерін дер кезінде анықтауға мән беріледі. Мәселен, баланың тұйықталуы, мектепке барғысы келмеуі, достарынан алыстауы немесе мінез-құлқының күрт өзгеруі ересектердің назарын аударуы тиіс. Мұндай жағдайда баланы кінәлау немесе жазғыру емес, оны тыңдап, жағдайын түсініп, қажет болғанда тиісті мамандарға жүгіну маңызды. Жоба аясында қазан қараша айларында ата-аналармен және қоғаммен профилактикалық жұмыстарды жалғастырып, бастаманы барлық 152 ауылдық округке жеткізуді көздеп отырмыз. Ал 2027 жылғы ақпанда алғашқы нәтижелерді саралау жоспарланған. Онда өткізілген кездесулердің санымен ғана шектелмей, қанша балаға уақытылы көмек көрсетілгеніне, қанша отбасының қолдау алғанына және құқықбұзушылықтардың қайталануын болдырмау бағытында қандай өзгерістер болғанына назар аударылады. Осы жобада Аналар алқасына ерекше рөл беріліп отыр. Аналар алқасы өмірлік қиын жағдайға тап болған өрендерді ерте анықтауға күш салады. Олардың негізгі алгоритмі «Байқау → тыңдау → қолдау → бағыттау». Аналар алқасы мәселені өз бетінше шешпейді, диагноз қоймайды және кәсіби қызметтердің орнын алмастырмайды. Олар баланың мәселесін тиісті мамандарға дер кезінде жеткізуге көмектеседі. Осы арқылы біз мәселе күрделеніп кеткеннен кейін емес, алғашқы кезеңде-ақ көмек көрсетуді мақсат етеміз.
– Кибербуллинг пен әлеуметтік желідегі қысымға тап болған, болмаса отбасында психологиялық қиындық көрген балалар өздеріне қажетті жедел көмекті қайдан және қалай ала алады? Олардың осындай қысымға ұшырағанын қалай анықтайсыздар?
– Ең алдымен, әр бала бір нәрсені білуі керек. Ол – «Мен қиын жағдайға тап болсам, жалғыз емеспін және көмек сұрауға құқығым бар» деген сенім.
Қазақстанда отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша «111» бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді. Орталық арқылы қызмет тәулік бойы ұсынылады және психологиялық, ақпараттық, құқықтық көмек көрсетуге, сондай-ақ қажет жағдайда тиісті мемлекеттік органдармен байланысты ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Егер балаға нақты қауіп төніп тұрса, тиісті шұғыл қызметтерге де жүгіну қажет. Мектеп жағдайында оқушының көмек сұрауы міндетті түрде өзі психологке келуімен ғана шектелмейді. Оның бойындағы өзгерістерді сынып жетекшісі, педагог психолог, әлеуметтік педагог, ата-ана, мектеп әкімшілігі байқай алады. Мысалы, бұрын белсенділер бірден тұйықталып қалса, мектепке барғысы келмесе, сабақ үлгерімі күрт төмендесе, достарынан алыстаса, үнемі мазасыз жүрсе, телефонын қарағаннан кейін көңіл күйі күрт өзгерсе, мұның барлығы назар аударуды қажет етеді. Әсіресе кибербуллингтің ерекшелігі – қысым мектеппен аяқталмайды. Бала үйіне келгеннен кейін де әлеуметтік желі арқылы қысым жалғасады. Сондықтан ата-ана баланың интернеттегі өміріне немқұрайды қарамауы керек. Бірақ бақылау мен бақылаушылықтың арасында айырмашылық бар. Баланың телефонын тартып алу немесе әлеуметтік желісін толық тексеру кейде оның ата-анасына деген сенімін төмендетеді. Сондықтан ең дұрыс жол – сенімге негізделген цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру. Ал мектепте буллинг фактісі анықталған жағдайда оны «балалар өздері шешіп алады» деп қалдыруға болмайды. Қолданыстағы қағидалар бойынша дереу әрекет ету және психологиялық-педагогикалық көмек көрсету қарастырылған.
– Отбасындағы тұрмыстық зорлық зомбылықтың куәсі немесе құрбаны (басынан өткерген) болған балаларды одан әрі оңалту, психологиялық қолдау көрсету жағы қалай жүзеге асырылуда?
– Ең алдымен, біз бір нәрсені түсінуіміз керек. Зорлық-зомбылықтың куәсі болған бала да психологиялық жарақат алады. Яғни оған тікелей қол көтерілмесе де ата-анасының ұрыс-керісін, қорқынышын, агрессиясын көріп өсу оның эмоционалдық жағдайына әсер етеді. Сондықтан мұндай жағдайда баламен тек «не болды?» деп сөйлесу жеткіліксіз. Біз оның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, эмоционалдық жағдайын бағалап, қажет болған жағдайда ұзақ мерзімді психологиялық сүйемелдеу ұйымдастыруымыз керек. Мұндай балалармен жұмыс бірнеше кезеңнен тұруы тиіс. Бірінші – қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бала зорлық-зомбылық жағдайына қайта түспеуі қажет. Екінші – психологиялық бағалау. Қорқынышы, үрейі, кінә сезімі, ашуы, тұйықталуы, ұйқы мәселелері және басқа эмоционалдық реакциялары бағаланады. Үшінші – психологиялық оңалту. Жас ерекшелігіне қарай ойын терапиясы, арт-терапия, эмоцияларды реттеу жаттығулары, қауіпсіздік сезімін қалыптастыру, өзін-өзі бағалауды қалпына келтіру әдістері қолданылуы мүмкін. Төртінші – отбасы мүшелерімен жұмыс. Мүмкіндік болған жағдайда ата-анамен немесе заңды өкілдермен де жұмыс жүргізіледі. Бесінші – ведомствоаралық сүйемелдеу. Мұндай жағдайды психологтың өзіне ғана жүктеуге болмайды. Қажет болса, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және құқық қорғау органдары бірлесіп әрекет етуі тиіс.
Бұл бағытта жүйе де жаңарып келеді. Осы жылғы 2 наурыздан бастап зорлық зомбылықтан, қатыгездіктен немесе буллингтен зардап шеккен не оның куәсі болған балаларды анықтау және көмек көрсету тетіктерін жетілдіруге бағытталған жаңа нормалар күшіне енді. Сондай-ақ оларға арналған көмек кабинеттерін кезең кезеңімен енгізу жоспарланған. Оның маңызды мақсатының бірі – баланы бірнеше мекемеге қайта-қайта апарып, қосымша психологиялық жарақат алу қаупін азайту. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында азаматтар «111» байланыс орталығына, ал шұғыл жағдайда «102» полиция қызметіне жүгіне алады.
– Мектептердегі психологтардың жұмыс сапасы мен оларға деген балалардың сенімін арттыру үшін қандай талаптар, ұстанымдар бар?
– Балалардың психологиялық саулығын сақтау, қауіпсіз орта қалыптастыру және олардың мамандарға деген сенімін арттыру – білім беру жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі. Осы мақсатта 2026 2027 оқу жылында облыс көлемінде жалпы білім беретін мектептердің педагог-психологтарының жұмыс сапасын арттыруға, білім алушыларға уақытылы психологиялық қолдау көрсетуге және балалардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар жұмыс жүзеге асырылуда. Оқу жылында мектептердегі психологиялық қолдау қызметінің жұмысын жүйелі ұйымдастыру мақсатында «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты әзірлеген әдістемелік ұсынымдар негізге алынып, жылдық жұмыс жоспары дайындалды. Аталған жоспардың үлгісі білім беру ұйымдарына таратылып, педагог-психологтардың жұмысын бірізді ұйымдастыруға мүмкіндік берілді. Сонымен қатар «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру аясында педагог-психологтарға арналған «Жеке қауіпсіздік» курсы енгізіліп, оны жүргізуге қосымша сағат бөлінді. Курс барысында мамандар оқушылармен диагностикалық және түзете-дамыту сабақтарын өткізіп, олардың жеке ерекшеліктерін ескеруге, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға және психологиялық қиындықтардың алдын алуға басымдық беруде.
Білім алушылар мен тәрбиеленушілер арасында суицидтік ниет, зорлық-зомбылық және буллинг белгілерін диагностикалауға арналған бірыңғай мемлекеттік «BALAZHAN» ақпараттық жүйесі әзірленді. Аталған жүйені қолданудағы негізгі мақсат – баланың психологиялық жағдайына назар аударып, оған қажетті қолдауды уақытылы ұйымдастыру.
Жасөспірімдік кезең – баланың тұлғалық қалыптасуындағы күрделі әрі жауапты уақыт. Осы кезеңде жасөспірім түрлі эмоциялық қиындықтарға, мазасыздыққа немесе денсаулығына қатысты мәселелерге тап болуы ықтимал. Алайда кейбір балалар өздерін мазалаған мәселені ашық айтуға немесе психолог пен дәрігерге тікелей жүгінуге әрдайым дайын бола бермейді. Осы қажеттілікті ескере отырып, облыстың білім және денсаулық сақтау басқармаларының қолдауымен «Emdeu AI+» сервис-қосымшасы іске қосылды. Қосымша арқылы бала қорғалған чат көмегімен психологке, дәрігерге немесе бейінді маманға жүгініп, өзін мазалаған мәселелер туралы сөйлесе алады. Сондай ақ денсаулық жағдайына немесе жалпы көңіл күйіне қатысты сұрақтар туындаған жағдайда жалпы практика дәрігері (педиатр) және қажетті бейінді мамандар тарапынан қолдау көрсету көзделген.
Баланың қауіпсіздігі мен психологиялық саулығын қамтамасыз ету – бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан білім беру ұйымдары мен денсаулық сақтау саласы мамандарының өзара байланысын нығайту, заманауи технологияларды тиімді пайдалану және балаларға қолайлы көмек көрсету тетіктерін дамыту ерекше маңызға ие. Педагог-психологтың міндеті тек қиындықтың алдын алу немесе мәселені анықтаумен шектелмейді. Ең бастысы – баланың өзін тыңдайтын, түсінетін және қолдайтын маманның бар екенін сезіндіру. Ал цифрлық сервистер осы көмекті қолжетімді етеді.
– Ата-анасының қарауынсыз қалған, жетім немесе қиын әлеуметтік жағдайдағы балаларды әлеуметтендіру, олардың құқықтары мен баспана, білім алу сияқты мүдделерін қорғау бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жетім немесе қиын әлеуметтік жағдайдағы балалардың құқықтарын қорғау бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылады. Ең алдымен, қорғаншылық және қамқоршылық органдары мұндай балаларды анықтап, есепке алады және олардың отбасында тәрбиеленуіне көңіл бөледі. Заң бойынша 14 жасқа дейінгілерге қорғаншылық, ал 14 пен 18 жас аралығындағыларға қамқоршылық белгіленеді. Қорғаншы немесе қамқоршы тағайындалғаннан кейін оның бала алдындағы міндеттерін орындауы бақылауда болады.
Балалардың мүліктік және тұрғын үй құқықтарын қорғауға да ерекше мән беріледі. Қорғаншы баланың меншігін, мүлкін және тұрғын үйге қатысты құқықтарын сақтауға міндетті. Сонымен қатар баланың тәрбиесі, денсаулығы, күтімі, оған бөлінген қаражаттың жұмсалуы және мүлкінің басқарылуы бойынша белгіленген тәртіппен есеп береді. Қорғаншылық және қамқоршылық органдары баланың білім алу, әлеуметтік қолдау және өзге де заңды құқықтарының сақталуын қадағалап, қажет болған жағдайда білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс жүргізеді.
Бүгінде облыста жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 1 182 бала бар. Сондықтан қорғаншылық және қамқоршылық органдарының мамандары тек балаларды есепке алып қана қоймайды. Әрқайсысының жағдайын бақылап, оның құқықтарының сақталуын қадағалайды. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 120-бабына сәйкес балалардың құқықтарын қорғауды жүзеге асыратын мамандардың саны әрбір бес мың балаға бір маманнан келуі тиіс. Осы талаптарды ескере отырып, облыста балалардың құқықтарын қорғаудың жаңа жүйесін қалыптастыру және оны кезең-кезеңімен енгізу жоспарлануда. Балалар құқығын қорғау фукциясын атқаратын мамандардың кәсіби даярлығын жетілдіруге де көңіл бөліп отыр.
Басқарма жұмысын бастаған кезеңде Тараз қаласы және аудандық қорғаншылық және қамқоршылық органдарының мамандарымен кездесу өткізіліп, олардың жұмыс барысында кездесетін өзекті мәселелері тыңдалды. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру мақсатында басқарманың ұйымдастыруымен «Қазақстан балалары» (2026-2030 жж.) тұжырымдамасы аясында «Балалардың құқықтарын қорғаудың заманауи тетіктері: сот тәжірибесі, прокурорлық ден қою және ведомствоаралық өзара іс-қимыл» тақырыбында облыстық семинар өтті. Семинарға кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сот, прокуратура, полиция өкілдері, сондай-ақ облыстағы қорғаншылық органдарының мамандары мен комиссия хатшылары қатысып, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жетім және қиын әлеуметтік жағдайдағы балаларға көмек көрсету барысында туындайтын мәселелер талқыланып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру шеңберінде «Өркен» балалардың әл-ауқаты ұлттық ғылыми практикалық институты және БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілдігімен бірлесіп, құқықтарын қорғау саласындағы кейс-менеджмент мәселелері бойынша оқыту ұйымдастырылды. Бұдан бөлек балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және суицидтік тәуекелдердің алдын алу бағытында «Human Rights Lawyers» қоғамдық қорының бастамасымен «Суицидтік қатердің алдын алу: ерте анықтау, психологиялық сүйемелдеу және мамандардың әрекет ету алгоритмі» тақырыбында тегін онлайн оқыту өтті.
– Балалардың құқығын қорғау бағытында тұрғындардан, ата-аналардан немесе балалардың өзінен түсетін арыз шағымдар мен өтініштерді жедел қарау және кері байланыс орнату механизмі қалай ұйымдастырылған?
– Балалардың құқықтарын қорғауға қатысты өтініштер мен хабарламаларды жедел қарау үшін бірнеше байланыс арнасы қарастырылған. Ақпарат құзыретті мемлекеттік органдардан, «111» бірыңғай байланыс орталығынан, әлеуметтік желілерден және басқа да ақпарат көздерінен қабылданады. Сонымен қатар басқарма мен «Жамбыл облысының бірыңғай 109 қызметі» КММ арасында өзара іс-қимыл және ақпарат алмасу туралы меморандум жасалды.
«Балаларға қатысты орын алған оқиғаларды зерделеу және олардың мән жайларын анықтау жөніндегі облыстық жұмыс тобын құру туралы ереже», сондай ақ «Өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды анықтауда мемлекеттік және құқық қорғау органдарының әрекет ету алгоритмі» мен «Кәмелетке толмағандарға қатысты орын алған оқиғалар туралы жедел ақпараттандыру алгоритмі» әзірленіп, бекітілді.
Алгоритм бойынша өмірлік қиын жағдайға тап болған баланы кез келген мемлекеттік орган анықтай алады және бұл туралы басқармаға бір сағаттан кешіктірмей ақпарат беріледі. Бұдан кейін жағдайдың сипатына қарай аудандық немесе қалалық әкімдік жанындағы мобильді топ отбасыға шығып, баланың және отбасының жағдайын зерделейді. Мобильді топ тұрғын үй тұрмыстық жағдайын бағалап, оған қандай көмек қажеттігін анықтайды. Егер баланың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төнсе, қорғаншылық және қамқоршылық органы кідіріссіз қорғау шараларын қабылдап, қажет болған жағдайда қауіпсіз ортаға уақытша орналастыру мәселесін шешеді.
Бұдан әрі баланың отбасы туралы толық мәлімет жинақталып, отбасының портреті әзірленеді. Оған білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, полиция, отбасын қолдау орталығы және басқа да тиісті мекемелердің ақпараты енгізіледі. Қажет болған жағдайда мәселе Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қаралады. Отбасының жағдайы бағаланғаннан кейін басқарма баланы және оның отбасын сүйемелдеу бойынша нақты тапсырмалар береді. Әр мемлекеттік орган өз құзыретіне сәйкес қажетті көмек көрсетеді, ал жұмыс баланың мәселесі толық шешілгенге дейін бақылауда болады. Соңында атқарылған шаралар мен нәтижелер жинақталып, қорытынды кейс қалыптастырылады. Яғни біздің мақсатымыз – келіп түскен өтінішке тек ресми жауап берумен шектелу емес, баланың нақты жағдайын анықтап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мәселе толық шешілгенге дейін сүйемелдеу. Басқарма жұмысын бастағалы бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша түрлі ақпарат көздерінен барлығы 200-ден астам хабарлама келіп түсіп, олардың әрқайсысы бойынша жан-жақты қарау жұмыстары жүргізіліп, тиісті шешімдер қабылданды.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Нұрым СЫРҒАБАЕВ