Белсенді жастар – жарқын болашақтың кепілі
19 ViewsЖастар – елдің ертеңін айқындайтын, қоғамның дамуына серпін беретін үлкен күш. Қай кезеңде де мемлекеттің болашағы білімді, еңбекқор, отансүйгіш әрі азаматтық ұстанымы қалыптасқан жас…
Жастар – елдің ертеңін
айқындайтын, қоғамның
дамуына серпін беретін үлкен
күш. Қай кезеңде де мемлекеттің
болашағы білімді, еңбекқор,
отансүйгіш әрі азаматтық
ұстанымы қалыптасқан
жас ұрпаққа байланысты.
Сондықтан жастардың
қоғамдық өмірге белсенді
араласуы, заңды құрметтеуі,
елдік құндылықтарды дәріптеуі
– мемлекет дамуының маңызды
негіздерінің бірі.
Бүгінгі қазақстандық жастардың
алдында білім алып, кәсіби тұрғыдан
қалыптасумен қатар, туған жерінің
өркендеуіне үлес қосу міндеті тұр.
Белсенді жас – тек өз болашағын ойлайтын азамат емес. Қоғамдағы мәселелерге бейжай қарамайтын, бастама көтеріп, ортақ іске өз үлесін қоса
білетін тұлға. Ауыл жастарының да
қоғамдық жұмыстарға, мәдени және
спорттық шараларға, қайырымдылық
пен экологиялық бастамаларға белсене
қатысуы – осының айқын көрінісі.
Жастар белсенділігінің маңызды
бағыттарының бірі – заң мен тәртіпті
сақтау. Заңды білу және оны құрметтеу
– әр азаматтың міндеті. Құқықтық
сауаты жоғары жас өз құқығын ғана
емес, өзгенің де құқығын сыйлайды.
Қоғамдық тәртіпті сақтап, құқық
бұзушылықтың алдын алуға атсалысу,
жауапкершілікті сезіну – нағыз азаматтық ұстанымның белгісі. «Заң мен
тәртіп» қағидатын берік ұстанған жас
ұрпақ елдегі тұрақтылық пен қоғамдық
келісімнің нығаюына өз үлесін қосады.
Жастарды қоғам игілігіне жұмылдыратын маңызды бағыттың бірі
– волонтерлік қозғалыс. 2026 жыл
Қазақстанның бастамасымен Біріккен
Ұлттар Ұйымы тарапынан тұрақты
даму мақсатындағы Халықаралық
волонтерлер жылы болып жарияланды.
Бұл – еріктілік мәдениетінің маңызын
халықаралық деңгейде айқындайтын
айтулы бастама.
Волонтерлік – уақытты тиімді өткізудің ғана емес, адамға жанашырлық
танытып, қоғамға пайда келтірудің
нақты жолы. Қазіргі таңда Қазақстанда
волонтерлік қозғалыс әлеуметтік көмек, экология, мәдениет, білім беру,
медицина және басқа да бағыттарды
қамтып отыр. 2026 жылдың алғашқы
жартыжылдығында халықаралық
волонтерлік бастамаларға 200 мыңнан
астам қазақстандық қатысқан.
Ерікті түрде атқарылған әрбір игі
іс – қоғамның адамгершілік құндылықтарын арттырады. Қоршаған ортаны
тазарту, қарт адамдарға көмек көрсету,
қайырымдылық шараларына қатысу,
табиғатты қорғау, ауылды абаттандыру
секілді қарапайым істердің өзі үлкен
қоғамдық мәнге ие. Өйткені елдің
дамуы ауқымды жобалардан ғана емес,
әр азаматтың күнделікті жасаған игі
ісінен басталады.
Мемлекет тарапынан да жастардың
шығармашылық және қоғамдық бастамаларын қолдауға мүмкіндік молайып
келеді. Мәселен 2026 жылғы «Тәуелсіздік
ұрпақтары» гранты аясында жастардың
волонтерлік жобалары да қолдау бағыттарының қатарына енгізіліп, 30 жас
азаматқа 3 миллион теңгеден грант
берілді.
Ел болашағы – жастардың қолында.
Ал жарқын болашаққа бастайтын жол
біліммен, еңбектенумен, заңды құрметтеумен және қоғамға пайдалы болуға
ұмтылыспен сабақтас. Өз ауылының,
өз өңірінің дамуына үлес қосқан әрбір
белсенді жас – мемлекет дамуына қосылған нақты үлес. Сондықтан жастарды
қоғамдық жұмыстарға кеңінен тарту,
олардың бастамаларына қолдау көрсету,
құқықтық сауатын арттыру және волонтерлік мәдениетті қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет. Белсенді, білімді, заңға құрметпен қарайтын және
елжанды жастар көбейген сайын қоғам
да нығая түседі.
Жастардың белсенділігі – бүгінгі
қоғамның қозғаушы күші. Ал олардың
жарқын бастамалары – елдің жарқын
болашағының кепілі.
А.БИЖАНОВА,
«Жастар ресурстық
орталығы» КММ-нің Тереңөзек
ауылдық округі бойынша
жастар ісі жөніндегі маманы.