Адал мемлекеттік аппарат құру – аса маңызды
Өткен аптада Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ернар Мақажанов Т.Рысқұлов ауданына жұмыс сапарымен келді. Е.Мақажанов бірінші кезекте аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында мемлекеттік қызметшілермен атап айтқанда, аудан әкімінің орынбасарларымен, аудандық әкімдіктің бөлім басшыларымен, ауылдық округ әкімдерімен арнайы кездесіп, жалпы кәсіби мемлекеттік аппарат құрудағы алғышарттар мен мұның төңірегінде атқарылатын жұмыстардың бірсыпырасын атап өтті. Сонымен қатар, аталған жиында ел экономикасына, ұлттық қауіпсіздікке орасан зор қауіп-қатер төндіретін кеселдің бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрестің маңыздылығы да жан жақты сөз болды.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында өткен жиынды аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Есеев сөз сөйлеп ашты. Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті Превенция басқармасының басшысы Дәурен Омаровтың «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – әрбір азаматтың міндеті» тақырыбында көлемді баяндамасынан соң, сөз кезегі Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ернар Мақажановқа берілді. Ернар Әбсейітұлы «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – басты міндет» тақырыбында нақты мәліметтерді ортаға салды.
Мемлекеттік қызметшілермен болған жиын барысында департамент тарапынан әзірленген бейнеролик көрсетілді. Онда жемқорлық фактілерінің орын алуы, жемқорларды пара алу сәтінде құрықтау сонымен қатар, облыс көлемінде дәл осындай сыбайлас жемқорлық бағытындағы қылмыспен ұсталып, жазаға тартылып, тергеу изоляторларында отырғандардың жай-күйі де экраннан көрсетілді.
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасы басшысының орынбасары Бахтыхожаев Ербол Жұмақадырұлы келесі кезекте аудан орталығындағы Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектебінің базасында ауданның білім мекемелерінің, одан кейін аудандық орталық ауруханада денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен, салық органдарының және аудандық полиция қызметкерлерімен кездесіп, онда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – әрбір азаматтың міндеті» тақырыбында баяндама оқыды.
Мөлдір Тастанбек,
аудан әкімінің баспасөз хатшысы.