Өнеркәсіп шаруашылықтарында кездесетін кәсіптік аурулардың алдын-алу туралы не білуіміз керек?

389 Views

Кәсіптік ауруларға өндірістік ортаның, жұмыс жағдайының адам организміне тікелей зиянды әсер ету нәтижесінде дамитын ауруларды жатқызуға болады. Оларға: өнеркәсіптік шаңдар мен қоршаған ортаның физикалық әсерінен және иондаушы сәулелер әсерінен дамитын аурулар жатады.
Өндірістік шаң — тозаңдардың құрамына байланысты, кәсіптік аурулар: пневмокониоздар, асбестоз, маталлокониоздар, алюминиоз, берриллоз, антракоз жатады. Шаңдардың өкпеге тигізетін әсері тыныс жолдарында (мұрында, кеңірдекте) кідіріп, лимфа жолдары арқылы тасымалданып, өкпе ткандеріне сіңіп қалады да, ондағы оттегі алмасуын бұзып, жүректің оң қарыншасының жұмысын қиындатады. Сол себепті, адам ағзасының қан айналымы бұзылып, бұлшық ет және басқа да органдарда оттегі жетіспеушілігі пайда болады. Дер кезінде шара қолданбағандықтан, індет адамдарды мүгедектікке әкеп соғуы мүмкін. Бұл аурулар көбінесе дер кезінде байқалмай, олар басқа жұмысқа ауысқанда немесе еңбек демалысына кеткен кезде біліне бастайды.
Қоршаған ортаның физикалық әсерінен дамитын кәсіптік аурулар: дірілді-тербеліс (вибрация) — жағдайында жұмыс істейтін жұмысшылар шалдығады. Олар бұрғышыларда, құрылысшыларда, ағаш кесушілерде, шахтерларда, жер қазушы ауыр машиналардың айдаушыларында жиі кездеседі. Осындай жерлерде 7-10 жыл жұмыс істегеннен кейін жұмысшыларда қолдың саусақтары, аяқтың башпайлары, нерв, қан, жүрек қан тамырларының зақымданғаны байқалады.
Өндіріс саласындағы көптеген механизмдер өте тез жылдамдықпен өте күшті дыбыс, шуыл шығарады. Ол адамның организміне, есту ағзаларына, нерв жүйесіне қолайсыз әсер етеді. Металл кесушілер, өңдеу станоктарында жұмыс істеушілерге шуыл, дыбыс ұзақ уақыт әсер еткенде кереңдікке соқтырады. Сол үшін, жұмысты уақтылы нормамен, ережемен, арнайы киімдермен жұмыс істеген дұрыс.
Иондаушы сәулелер өндірістің көптеген салаларында, медицинада, биологияда кеңінен қолданылады. Ядролық сынақ алаңдарында, уран өндіретін рудниктер, радиоактивті қалдықтарды сақтайтын жерлерде кауіпті жағдайға соқтырады. Иондаушы сәулелер ұзақ уақыт әсер еткенде мысалы, рентгенологтарда сәуле ауруы немесе қатерлі ісік түрінде дамуы мүмкін.
Осындай аурулардың алдын-алу үшін, өндіріс саласында, кәсіпорындарда жұмыс істейтін азаматтар жұмыс уақытысында арнайы сақтандыру киімдерімен жұмыс істеуге міндетті. Жылына бір рет медициналық бақылаудан өтіп, денсаулықты тексеріп тұрған абзал. Аурудың белгілері біліне бастаған кезде, емдеу шараларын жасап, демалыс орындарында емделіп, жұмыс орнын басқа жұмыс орнына ауыстыруына ықпал жасау қажет.
Жанымыз, деніміз сау болсын десеңіз, аурудың алдын алыңыз. Сіздің денсаулығыңыз – өз қолыңызда!

Г.Қабылова,
аудандық санитарлық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының жетекші маманы.

Поделиться ссылкой: