Сібір жарасы: аурудың белгілері мен алдын алу шаралары қандай?

471 Views

Сібір жарасы (түйнеме) – зооноз тобындағы жедел жұқпалы ауру. Ол дене қызуының көтерілуімен, лимфа жүйесінің зақымдалуымен және ағзаның ауыр түрде улануымен сипатталады. Сібір жарасы терілік, өте сирек ішектік, өкпелік және сепсистік формада өтуі мүмкін.

Аурудың қоздырушысы – таяқша пішінді, қозғалмайтын аэробты бактерия. Бұл бактериялар адам мен жануарлар­дың ағзасынан тыс жерлерде споралар түзуге қабілетті және олар физикалық-химиялық әсерлерге өте төзімділік таны­тып, қоршаған ортада ондаған жылдарға дейін сақталады.
Сібір жарасын адамға жұқтырушы көз үй жануарлары (ірі қара мал, қой, ешкі, түйе, шошқа) болып табылады. Адамға аурудың жұғу жолы көбінесе жанасу арқылы (мал­ды сою кезінде терісін түсіруде немесе мал терісін өңдеуде) және бактерияның спораларымен ластанған тағамдар мен ауыз суын ішіп-жеуде және ластанған топырақты егістікте қолдануда жұғуы мүмкін. Ал ауру адамнан адамға жұқпайды.
Сібір жарасының белгілері мен аурудың ағымы. Ауру көбінесе тері жамылғысын зақымдайды, сирек түрде ішкі мүшелерді де зақымдауы мүмкін. Инкубация кезеңінің ұзақтығы терілік формада бірнеше сағаттан 14 күнге дейін, сепсистік формада 6-8 күнді құрайды. Дененің ашық жерлері зақымданады. Қоздырғыш енген жерде алдыменен диаметрі 1-2 см, қызыл-көкшіл түсті, ауырмайтын дақ пайда болады. Сол жер қышиды, ашиды. Бірнеше сағаттан кейін дақтың орнында мыстың түсіндей папула пайда болады. 12-24 сағаттан кейін іші серозды, соңынан қанды сұйықтыққа толы везикулаға айналады. Осы везикула жарылғаннан кейін, жиектері көтеріңкі, түбі қоңыр түсті жараға айналады. Осы кезден бастап оны карбункул деп атайды. Жараның айналасы қызарып, ісіп тұрады. 1-2 аптадан кейін карбункулдың ортасы қарайған тығыз, ауырмайтын некрозды қабыршаққа айналады. Осы қабыршақ айналасындағы қызарған терінің ортасындағы қара дақ қызыл шоқтың ортасындағы көмір тәрізді көрінеді. Оның айналасында сезімталдық мүлде болмайды. Лимфа түйіндерінің ұлғаюы болады. 2-3 аптаның соңына қарай қабыршақ түсіп, оның орны тыртықтанады. Карбункулдың ең көп орналасатын жерлері – аяқ-қол, мойын және желке. Жергілікті қабыну процесі кезінде ағзаның жалпы улану белгілері болады. Әлсіздік, шаршағыштық, бастың ауыруы, дене қызуы субфебрильдіден 39-40º С-қа дейін көтеріледі. Үрдістің сепсиске ұласуы қоздырғыштың тыныс алу, асқазан, ішек жолдары арқылы енген жағдайында дамиды. Терілік формада оның сепсиске ұласуы сирек кездеседі.
Аурудың бастапқы кезеңіндегі айтылған белгілер байқалған жағдайда науқас немесе оның жақындары оны міндетті түрде ауруханаға жеткізіп, медициналық көмекке жүгінуі қажет. Дәрігерге дер кезінде қаралып, арнайы емдеу шараларын жүргізгенде дерттен толығымен жазылып кетуге болады.
Сібір жарасының ең тиімді алдын алу шарасы – жыл сайын ауруға қарсы егу жүргізу. Ауруға қарсы вакцинаны егу үй жануарларымен, ет комбинаттарында, мал шаруашылығында тұрақты жұмыс істейтіндерге, тері-жүн өңдеуге, тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, илеуге қатысатын адамдарға егіледі. Адам ағзасында Сібір жарасына төтеп бере алу қасиеті егуден кейінгі 12-14 күнде пайда болады да, 12 айға жуық сақталады. Егілген тұлғалар жұмысқа 2 аптадан соң ғана жіберіледі және жыл сайын екпе алып отырулары қажет. Екпе жүргізу ең тиімді әдіс болғандықтан, жануарлардың барлығын қамтуға тырысқан жөн. Сонымен қатар, осы аурудың жұқтырушы көзі ретінде үй жануарларын да бақылауда ұстау қажет. Бүгінгі күнде егу жұмыстары жануарларды жоспарлы тексеруден өткізу кезінде ветеринарлық мекемелерде тегін жүргізіледі. Үй жануарларының иелерінің малдарды екпеге қатыстырмауы – дерттің кең етек жаюына себепші болып, мұның салдарынан адамдардың ауруға шалдығуына әкеліп соқтырады. Сібір жарасына қарсы вакцина егілгеннен кейін 10 күн ішінде жануар өліп қалса, оның терісін сыдыруға болмайды. Ауру қоздырғыштар ағзадан тыс жерде тек ауаның әсерінен пайда болатынын ескере отырып, өлген жануардың терісін кесуге болмайды және өлексені аң-құстардың тасуына жол берілмеуі керек. Себебі, мұның салдарынан жаңа ошақтар пайда болуы мүмкін. Өлген малды терісімен бірге өртеу немесе қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып арнайы орындар – мал көметін жерлерге өртеу үшін апару қажет. Ауру мал жатқан немесе сойылған орынға залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп, сонымен қатар, ол жерге басқа жануарларды жіберуге және адамдардың сол жерде жұмыс істеуіне тыйым салынады.

Ж.Рысбаева,
аудандық санитарлық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының бөлім басшысы.
К.Кабираева, бөлім маманы.

Поделиться ссылкой: