Пандемияның емі – вакцинация

391 Views

Бүкіл әлемде коронавирус инфек­циясына шалдығу деңгейі өсіп келеді. «Бүкіл әлемдегі сияқты, омикрон ВА.5 штамынан болған «COVID – 19»-дың кезекті толқыны биылғы 2022 жылдың шілде айында елімізде жүргізілген генетикалық зерттеу нәтижелері бойынша зерттелген үлгілердің 70 пайызында анықталды», – деді Ажар Ғиният. Министрдің айтуынша, коронавирустың қазіргі штамы (Омикрон ВА.5) жоғары жұқпалығымен сипатталады және дельта нұсқасымен салыстырғанда ауру әлдеқайда жеңіл өтеді. Бұл өз кезегінде науқастардың 94 пайыздан астамы амбулаториялық жағдайда емделетіндігімен де расталып отыр.
Коронавирустық инфекцияның негізгі белгілері: мұрынның бітеліп, су ағуы, тамақтың ауруынан басталуы мүмкін. Аурудың жіті басталуы, уыттану белгілері, яғни әлсіздік, бас ауруы, себепсіз шаршау байқалады. Дене температурасы да көтеріліп, бұлшық еттің ауыруы, жөтелдің қосылуы мүмкін.
Ауру ауыр түрде өткен жағдайда ары қарай ауыр асқынуы дамып, көп жүйелік қабыну синдромына шалдығуға әкеліп, яғни өкпе, бүйрек, ішек және мидың жұмысына кері әсерін тигізеді.
Сондай-ақ, вирус жұқтырған науқастардың 25% -на дейін аурудан кейін шаршау мен бас ауру­ына шағым­данатыны туралы ақпарат бар. Көп адамдар коронавирустың белгілері жоқ түрлерімен немесе жеңіл түр­де ауырады, осындай кезде олар коро­навирус инфекциясының жұқ­тыру көзі болып, айналасындағы адам­дар­ға ауруды көп­теп жұқтыратыны анықталған.
Коронавирус індетінің алдын алу шаралары:
– Қол және тыныс алу жолдарының гигиенасын сақтау, қолды мұқият жуу, мұрынды изотониялық ерітіндімен жуу;
– Иммунитетті көтеру, дұрыс ұйық­тау, дұрыс тамақтану, спортпен ай­налысу;
– Бөлмені жиі желдету;
– Жиі қолданылатын заттарды залалсыздандыру құралдарымен сүрту;
– Катаралдық құбылыстары бар тұлғалармен қарым-қатынас жасамау;
– Коронавирус жағдайлары тір­келген, қауіпті аймақтарға сапарға шықпау;
– Адам көп жиналған жерлерден алшақ болу;
– Әлеуметтік ара қашықтықты сақтау;
– Вакцинация жасау;
Вакцинациялау арқылы, адамдар­дың арасында ұжымдық иммунитет қалыптастырып, аурудың азаюына қол жеткіземіз. Мамандар бүкіл әлемді жайлаған пандемияны басқару үшін, вакцина салу қажет деген ұстанымда.
Екпеден соң иммунитет адамдар­дың 95%-ында қалыптасады және жақсы иммундық әсерге ие. Вакцина салдырғаннан кейін, адамдарда кейбір жанама әсерлер пайда болуы мүмкін. Бірақ оған қарап вакцина­ның тиімділігін жоққа шығаруға бол­майды. Әзірге бізде вакцинациядан басқа коронавирустан қорғанудың тиімді әдісі жоқ екенін ескеруіміз керек.

Л.Джакияева,
аудандық орталық емхананың дәрігер-эпидемиологы.

Поделиться ссылкой: