Облыс әкімі күрделі жөндеу жұмыстарындағы кемшіліктерді сынға алды
Жұмыстары сапасыз әрі бекітілген кестеден кешіккен мердігерлер үшін шара қолдануда ешқандай сылтау қабылданбайды. Облыстағы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларындағы нысандардың күрделі жөндеу жұмыстарының барысы қаралған жиында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов осылай деді. Басқосуда білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзов биыл 17 мектептің ғимараты күрделі жөндеуден өтіп жатқанын жеткізді. 11 мектептегі күрделі жөндеу бекітілген кестеге сәйкес аяқталады деп күтілуде десек, 3 мектептегі жұмыстар кешігуде. Ал, екі мектептің мердігерлері кеш анықталуына байланысты тапсыру мерзімі қараша айына жоспарланған. Бір мектептің жөндеу жұмыстары келер жылға өтпелі болып табылады. Сол секілді, биыл денсаулық сақтау саласындағы 8, мәдениетте 6, спорттық 1 нысанның күрделі жұмыстары жоспарланған. Олар бойынша тиісті басқарма басшылары баяндады. Өз кезегінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаев құрылыстағы кемшіліктерді алдын-алу мақсатында басқарма тарапынан облыс аумағындағы күрделі жөндеу нысандарына жүргізілген мониторингтің қорытындысына назар аудартты. Ол бірқатар кемшіліктерге жекелей тоқталып, кейбір нысандардағы жұмыстардың сапасыздығын, жұмысшы күші мен техниканың аздығын, білікті инженерлік техникалық мамандардың жеткіліксіздігін атап өтті. – Біз жаңа оқу жылына дейін барлық мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуы керек деп ескерткенбіз. Балалар жаңа оқу жылында өз мектептеріне баруы тиіс болатын. Алайда, кейбір мектептердегі жұмыстар сын көтермей отыр. Неге жауапсыз мердігерлердің кесірінен балалар басқа мектепке сандалуы керек? Оларды бақылауда ұстауға тиіс басшылар неге немқұрайлылық танытады? Бекітілген кестеден кешігіп, құрылыс жұмыстары қыс мезгілінде орындалған соң, сапаға қатысты мәселелер туындайды. Бұл ретте тұрғындар тарапынан айтылатын шағымдар да аз емес. Анықталған кемшіліктер бойынша барлық мердігерлерге заң аясында шаралар қабылдап, айыппұл салу жұмыстарын жүргізіңіздер,-дей келе Нұржан Нұржігітов тиісті мемлекеттік қызметкерлердің, техникалық қадағалау, авторлық қадағалау, тапсырыс берушілердің де жауапкершілігі назардан тыс қалмау керектігін баса айтты. Аймақ басшысы құжаттарды дайындау, конкурстарды жүргізу шараларындағы салғырттық пен сылбыр жұмыстарды да сынға алды.
Жамбыл облысы
әкімінің баспасөз қызметі.