СӘМЕНІМ ЕРІМ БОТБАЙЫМ…
…Жанып тұрған оттайын,
Қанша қалмақ келсе де,
Жасқанып, жаудан қорықпаймын» деп Бұхар жырау айтқан ғой. Сәмен батыр Дулаттың дүрегейі болғанда, араларын бір жас қана бөліп тұрған Райымбек батыр албанның айбары еді. Екеуі де қырық жыл бойы аттан түспей ел қорғаған ерен жүректі, арыстандай айбатты, «Елім» деп туған ерен тұлғалар болғанын тарихтан жақсы білеміз.
Алашымның арыстары Дінмұхамед Қонаевпен бірге Асанбай аға Асқаровқа жала жабылып, абақтыда жатқанда бүкіл Меркі жұртының арызын жерге тастамай президент Асқар Ақаев ағамыздың бостандыққа шығуына жәрдемін тигізіп еді. Сол бір мазасыз күндерді басынан кешкен Асекең Алматыдағы өз үйі, өлең төсегіне келіп, Фатима жеңгейдің шәйін елең-алаңсыз ішіп отырған бейбіт күндердің бірінде Арғынбай Бекбосынов ағамен бірге осынау елтұтқа кісіге сәлем бере барып едім. Сонда Асанбай аға маған «Көзқарас» атты кітабына қолтаңба жазып ұстатып тұрып: «Сейсен бауырым, қазір мен үшін қас қағым мезет қымбат. «Ұлы Тұранның ұлдары» деген кітап жазып жатырмын. Сен ұлтымыздың ұраны болған Сәмен батыр туралы жаз. Батыр туралы жиған-тергендерімді жеңешеңнен аларсың» деді кәдімгі бір ұзақ сапарға жиналған жолаушыдай тауаны таусыла сөйлеп.
Арада көп уақыт өтпей ол кісі де шын дүниеге аттанды. Сол кісінің аманатымен Фатима жеңгей Меркідегі Сыпатай кесенесінің басына дүйім жұртты жинатып, батырға құран оқытып, ас берді. Сол жерде жеңгейден Асекеңнің Сәмен батыр туралы деректерін сұрадым. Сөйтсем ол кісі: «Оны Ақпейілов алып кеткен» деді. Бекер обалы не, Әшекең (марқұм) «Бабалар рухына тағзым» деген циклмен екі кітабын (бір шоғыр авторлардың жазғандарын пайдаланып) жарыққа шығарды. Кезінде «Райымбек батыр» деген роман кітап болып жарық көрген болатын. (авторы Т.Жұртбаев).
Асанбай аға осындай әдеби-көркем шығарма жазылса деген ойын да айтқан еді сонда. Ә.Ақпейілов көрнекті жазушы емес, өзі көзі тірісінде: «Мен ауылдан шыққан трактористпін ғой. Менде жазушылық қайдан болсын» деп айтқаны әлі есімде. Ол «Ботбай» шежіресін де біз сияқты шежіре жазып жүргендерге жинатып, кейін оны кітап етіп бастырғанын білемін. Қалай десеңіз де – ол да еңбек қой.
Сонымен Ә.Ақпейіловтың «Бабалар рухына тағзым» атты жинағын оқып шықтым. Өте қарадүрсін жазылған. Бәлкім сондықтан да болар қателіктер көп. Ботбайдың: Құдайғұл, Шағай, Бұйдас, Қоралас деген төрт баласы бар екені дүйім жұртқа мәлім. Десек те, кейінгі шежірешілер мен тарихшылар М.Тынышбаевтың «шағайды» шағатай деп жазғанына қарап Ботбайдың осы екінші ұлын «шағатай» деп қателесіп жазып жүр. Мұхамеджан Тынышбаев Шыңғыс ханның Шағатай деген баласына ұқсатып: Шағайды – «шағатай» деп қате жазып жібергені айдан анық. Атамыздың ныспысының Шағай екеніне дәлеліміз көп. Мәселен, шежіреде оны: «алты арыс Шағай»деп атап кеткен. КСРО-ның 1932 жылғы картасында «Көпшағай көлі» деп жазылған. Расында тоғанды Шағай ұрпақтары бірігіп байлаған ғой. Сондықтан оны «Көп шағай көлі» деп атағанын «Ақжар» ауылында тұратын Малдақасым кәрие де айтып еді. Ал, «Капчагай» деген атауды Жетісуды билеген генерал Калпаковский шығарған. Ол қазақты орыстандыру мақсатымен Алматыны – «Верный», Талғарды –«Любовинск», Қаскелеңді — «Надеждинск» деп үш қызының атымен атағанын қайтесіз.
Шағайдың Байкүшік, Күшпентай, Есенгелді деген үш ұлынан алты (арыс) ел тарайды. Олар: Байкүшіктен: Асан, Тайлақ, (келіншек ботбай) Күшпентайдан: Есенбай, Жанқойлық (жуан ботбай), Есенгелдіден: Анда, Қожай. Айту ләзім, Байкүшіктен тараған сегіз батырды «келіншек Ботбай» деп атаған. Сонда сегіз батырымыз кімдер: Сыпатай, Андас, Елеу, Дүзен, Алтай, Қарпық, Шайкөз, Шотпай, Қуатбек, Медетбек.
«Жуан Ботбайда» да сегіз батыр бар. Тек қана Сәмен батырдың кіндігінен алты батыр. Олар: Қапсалан, Текебай, Байсерке, Диқанбай, Тойшыбек, Байсейіт. Сәмет інісі. Бұған Қозүй батырды, Өтеғұлұлы Көтентай батырды, жиембет Шалабай батыр мен Жоламан батырды тағы қосыңыз. Тарихшылар жоңғармен болған шешуші шайқасты 1718 жыл мен 1758 жыл аралығына жатқызады. Бұл сол жаңағы біз айтқалы отырған 40 жыл аттан түспей ауыздықпен су ішіп, елін жаттан қорғаған жаужүрек батырларымыздың «ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай, ерлердің ісі бітер ме» деген қандыбалақ жорықтарына тура келмей ме? Соның ішінде «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған 1723 жылғы сұрапыл соғыс 300 жыл бойы жоңғардың бодандығында болған қазақ халқының ашу-ызасын, ата кегін оятты. Өйткені жоңғарлар Ұзынағашта қазақтарды пырдай етіп қырып, өлген адамдардың мәйітінен қабырға тұрғызды. Осыны көрген халық «Елім-айды» айтып, алғаш Жайсаң даласына, одан соң Қаратау арқылы Бәйдібек пен Домалақ ана жатқан Ақтасты мен Қошқаратаға асты.
Әбіш Кекілбаев Семейде Абай Құнанбаевтың 125 жылдығында жасаған баяндамасында: «Жоңғармен шешуші соғыс Меркінің төр жағында, яғни «Ойранды» шатқалындағы «Тұтқын сай» деген жерде болған» десе, тарихшыларымыз Аңырақай шайқасын алдыңғы орынға қояды да қалмақтардың сол Қордай асуы жағымен Монғолияға қашқанын айтады. Сонда деймін-ау, «Ордабасыда» өткен үш жүздің жиынында Әбілхайыр ханды бас қолбасшы сайлап, қазақ қолының жоңғарға аттанғанын айна-қатесіз айғақтап тұрған қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты «Сұмқайты» мен «Әбілхайыр», «Жасақ» деген жерлерде үш жүздің қолын біріктіріп, тұңғыш рет жоңғарға жойқын соққы бергенін қалай ұмытамыз. Әбіш аға Кекілбаев Тараздың 2000 жылдығы атап өтілетін тұста Жамбыл облысына келіп, осы тарихи орындарды өз көзімен көрмек болған еді. Сонда Тараз қаласында оны күтіп алуға жиналған топ Құланға бұрылмай, тіке Аңырақайға өтіп кеткені де тарихшыларымыздың өз дегенін орындатуға тырысқан әбестігінен демеске лажым жоқ.
Содан бері «шешуші соғыс» Аңырақай аталып жүргенін кімнен жасырамыз? Тарихшылар ең алдымен «Ойранды» мен «Аңырақай» шайқасының қайсысы шешуші шайқас екенін алдымен ажыратып алулары керек еді. Иә, бұл екі шайқастың да қазақ жерін жау қолынан азат етуге байланысты тарихтағы орны өте зор екені ешқандай дау туғызбайды. Дегенмен, Ә.Кекілбаев «Ойрандыдағы» шайқасты «шешуші шайқас» деп бекерге атамас еді ғой. Енді осы шайқастың стратегиясы мен тактикасына тереңірек тоқталып көрейікші. Жоңғарлардың бетін «Сұмқайтыда» қайтарған соң жау «Әбілхайыр» даласын тастап, осы «Ойранды» шатқалына қарай қашады. (Қазір де онда «Әбілхайыр» деген ауыл бар. Луговой жылқы зауытының төртінші бөлімшесі). Жаудың қалың нөпірін «Ойранды» шатқалында ботбайдың Сәмен батыр бастаған екі мың садақшысы бораған оқтың астына алып, ойсырата қырып, қарсы алады. Қазақ қолы бұл ұрысқа күнілгері дайындалса керек, күні бүгінге дейін ірі-ірі қой тастар қойылған тосқауылдар әлі бар. Ол айғақты аз десеңіз, Сәмен батырдың туы тігілген ойық тас та «Ойрандыдан» екі-екі жарым шақырым жердегі «Әулиебұлақ» қонысында осы күнге дейін тапжылмай тұр. Осы тастың жанында Сәмен батырдың жасағында жүзбасы болып соғысып, ерлікпен қаза тапқан шағайдың Қожай руынан шыққан Тоғызақ батырдың қорымы да бар. Егер көнекөздер Сәменнің құшағына алты жігіт оп-оңай сиып кетеді десе, ал, Тоғызақ батырды қазанаттың өзі көтере алмаған соң ол үлекке мініп соғысқан екен.
Сонымен, «Ойрандыда» болған шешуші шайқастың белгілері әлі күнге дейін сайрап жатыр. Жаудың бетін Сәмен жасағы қайтарған соң жоңғарлар осы шатқалмен қатар жатқан «Молалы» сайымен асуға өтпек болады. Сайдың өзінің аты айтып тұрғандай қалмақтар осы сайға талай сарбазын тастап, тағы кейін шегінуге мәжбүр болады. Ілгеріде осы «Молалы» сайын өздеріне өріс еткен «Большевик» колхозының қарт малшылары: «Сайдың іші толған мола. Моланы ашып қалсақ қолын кеудесіне қойып, қару-жарағымен тігінен жерленген қалмақ жауынгерін тауып алатынбыз» деуші еді. Онысы рас. Қалдан Церен әскерлері тас мүсінге табынбаушы ма еді. Сөйткен қалмақтар (бұл жерде жоңғарды қалмақ деген дұрыс) амалы қалмаған соң барлық күшін шатқалға жұмылдырып, қазақтың шебін бұзып өтіп, Ойранды шатқалымен жоғары қарай өрлей береді. Жақпар тасты шатқал «Ақсарай» деген жерге барғанда екіге бөлінеді. Оның сол жағындағы сай «Көтенүзбе» асуына алып баратын. Алайда, қазақ қолы асуға баратын жолға да тосқауыл қойып тастаған екен. Жау асуға өте алмайтынын білген соң тұйық шатқалға (бұл Әбіш Кекілбаевтың айтқан «Тұтқын сайы») бұрылады. Шатқалдың басы асу бермес тұйық еді. Жау осы жерде қынадай болып қырылады.
(Жалғасы бар).
Сейсен Қожеке,
Қазақстан Журналистер
Одағы сыйлығының иегері.