Сәменім – ерім, ботбайым…

601 Views

Алайда, қазақтан барымталап алған малды айдап, жау жасағының алдында кетіп бара жатқан қоңтайшының бәйбішесі қысылтаяң сәтте жол тауып кетеді де: «Анау қазақтың қалың жылқысының ішіндегі боз биені шыңғыртып тұрып ұстап алыңдар да шыңырау құзға айдап салыңдар, барлық жылқы содан тараған», – дейді. Сөйтіп, боз биеге ілескен табын-табын жылқы құзға құлайды. Өлгені өліп, өлмегені қақпатасты жарып, әрі өтеді. Осы жол күні бүгінге дейін «Қалмаққия» деп аталады. Қазақ қолынан қашқан қоңтайшы әскері де осы жолмен «Қарақыстақ» даласына шығады. Қалдан Церен оң қолынан жараланып, «Қарақыстақта» алты ай қыстайды. Жарасы қағынып, «гангрена» болып, содан қаза болады. Қалмақтың қалған әскері қоңтайшыны «Қарақыстаққа» жерлеп, көктем шыға еліне ауады. Міне, осы шешуші шайқас туралы шындықты газетке де, кітапқа да жаздық. (автор С.Қ.) . Қалмақтың ханы туралы археолог Карл Байпақовқа да айттым. Өкінішке орай, осынау тарихи шындық жайлы оқиғаны да, қалмақтың ханы туралы деректі де біздің тарихшыларымыздың білгісі жоқ-ау, сірә, ешкім үндемейді.
Енді әңгімеміздің арқауы Сәмен батыр Дәненұлы болған соң ол қатысқан шайқастарға тоқталып өтсем деймін. Хас батырдың батырлығы он төртке келген шағында байқалады. Алпамсадай, екі иығына екі кісі мінгенлей, еңгезердей алып баланы сол кездің өзінде ешкім мүшел жасқа келген деп айта алмас еді. Сонда ғой, Аягөз түбіндегі кейін «Еңірекей» деп аталып кеткен шайқасқа бала Сәменнің де қатысқаны. Өкініштісі, бұл соғыста қазақтар жағы жеңіліп, ойраттар үстем болады. Осы шайқастан кейін арада он бір жыл өткенде Сәмен Аңырақай соғысына Райымбек, Хангелді батырлармен бірге тізе түйістіре ұрысқа қатысады. Қалмақтың жеті батырын жер жастандырады. Ал, 40 жыл өткенде сол баяғы Аягөз маңында қалмақтарды тағы аяусыз қырады. «Қалдан Цереннің қазасы Қарасай батырдан болды» деп жазады Қазыбек бек Тауасарұлы. Бұдан кейін қазақ қолы (Шаш) Ташкент шаһарын жау қолынан азат етті. Сәмен Аңырақай шайқасынан жеңіспен оралғанда Төле би бабамыз оған: «Ботбай жасағының жауынгерлік ұраны бұрын «Ботбай» болса, енді – «Ботбай-Сәмен» болсын деп ақ батасын береді. «Осы соғыста қалмақ Долаңқара (шын аты Хасару) шапырашты Наурызбайдың ағасы Құдайберген мен Сәмен батырды өлтірді» деп жазып еді Қазыбек бек. Алайда, өлген Сәменнің ағасы Сәмет екенін (Асқар Селеубаев) кейін жазды.
Қазақ халқының басына түскен «Ақтабан шұбырынды» оқиғасынан кейінгі жылдары Қабанбай, Бөгенбай, Өтеген, Саңырақ, Төлек, Қойгелді, Қарабатырлардың терлігі де, тақымы да кепкен жоқ. Жолбарыс хан кезінде Сырдың теріскейі, Қаратау ұлы жүз иелігіне көшіп, Бұланты мен Бөленті шайқастары кезінде қазақ батырлары көкбайрағымызды желбіретіп, Балхаш маңындағы Алакөлге дейін қуып, Ілені жағалата жауды жоңғар қақпасынан әрі қарай асырып жіберді. Осы шайқастардың бәрінде Сәмен батыр қол басқарып, қазақ жасағының алдыңғы шебінде атой салып жүрді. Сайрам ежелден Сәменнің ата қонысы десек те, бұл қала қалмақтардан 1739 жылы босатылды. Тегі Ташкентті қалмақ қоңтай­шы­сы­ның атынан қырғыз Көкім би де биледі ғой. 1756-1758 жылдары Қытай әскері жоңғарға қар­сы көтерілгенде де Сәмен ботбай қолын басқарып, Аягөз тү­біндегі «Мамырсуда» Абылай хан әскерімен бірге жоңғардың соңғы билеушісі Әмір­сананың елден қуылуына, сөйтіп, уақытша қытай-қазақ шекарасы белгіленгенде де бірнеше жыл бойы қазақ шекарасын күзетті. Осы Аягөз қаласы түбінде «Сәмен ауылы» деген ауыл бар. Құрбанғали Халид оны «Мамырсу» деп жазса, Қойшығара Салғара оны «Айдынсу» депті.
Иә, Сәмен ер 40 жыл жоңғармен соғысып атынан түспей жүргенде Шолаққорған, Созақ, Талас, Меркі, Іле, Аңырақай, Балқаш, Аягөзге дейінгі жерді тұтқиылдан келіп қырғыздар басып алды. Арқарлыда отырған Сәмен ауылының жылқысын айдап кетіп, батырдың Ергенші деген ұлы мен Мақпал деген қызын өлтіреді. Осы жойқын жорықтан соң ел ішінде:
Қайда батыр Жауғашты?
Ауылымызды жау басты.
Ағайын деген қырғыздар,
Жер мен малға жармасты.
Сарыбағыштан құрықтай,
Есенқұл деген албасты.
Сәмен батыр жоқ кезде,
Мақпал қызбен қармасты.
Әтеке жырық қасқырша,
Жылқыны айдап ол қашты.
Арқарлының өрінде,
Іленің тоғай жерінде,
Қыз да болса Мақпалжан,
Адал малын айырып,
Есенқұлмен сайысты,
Қабырғасы қайысты.
Сауыты жоқ, қалқансыз,
Мақпал ару мерт болды.
Кек алу бізге серт болды,
Қыршын кетті ағасы –
Сәмен ердің баласы,- деген жыр қалды. ( жазып алған Бахтияр Әбілдаев). Көп ұзамай Абылай хан бастаған қазақ қолы қырғыздарды ата жұртымыздан қуып шықты. Осы соғысқа Сәмен батыр да қатысады.
Бірді айтып, бірге кетпейік, Сәмен Дәненұлы Алматы облысының Кербұлақ деген жерінде 1704 жылы дүниеге келіп, 1775 жылы өмірден өткен делінеді жазба деректерде. Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары болғаны сияқты Сәмен батырдың да шұбар айғыры болған. Жетісуда Романовтардың 300 жылдығына орай үлкен той болып, аламан бәйгеге екі жүз бес ат қосылады. Бас бәйгені қырғыздың Шабдан манабы тігеді. Ол бір қызды отауымен және жалшысымен бәйгеге қояды. Өзі бәйгеге қара қасқа аты мен ақ боз атын қосады. Сонда албаннан Шайбуырыл, ыстыдан керат, шапыраштының қос қарасы, Омардың тор­айғыры, Абайылданың шұ­бар айғыры ( бұл Сәмен батырдың шұбарының үшінші ұрпағы болатын) қосылады. Бәйгі аттары Күрті өзенінің шығыс жағындағы жазықтан жіберіледі. Бәйгеден тоғыз ат суырылып алға шығады. Жеті ат «Құрқұдыққа» жұбын жазбай жетеді. Олардан үш ат: шұбар ат, ақбоз ат, торы айғыр бөлініп, алға озады. Үлкен түс кезінде «Шымбұлақтың» жазығынан бір ат анық көрінеді. Тұлпардың үстіндегі Байсүгірдің: «Сәмен! Сәмен!» деген дауысы естіледі. Бұл кезде «Қожай сайы» мен «Утастыдан» келген қалың ел шұбар аттың «Үшқоңырдағы» сөреге жақындап қалғанын көреді. Шұбар қара үзіп, бірінші келеді. Сонда Шабдан манап шыдай алмай: «Тоқтат!» деп айқай салады. Ат шабысын баяулатып, сөреден тәлтіректеп өтеді. Ат иесі Абайылда ойлан­бастан астындағы мініп тұрған құлақасқасын бауыздап, ішін жарып, өкпесін суырып алып шұбар атты ұшықтап жібереді. Түс ауарда ғана мәре сызығын ақ боз ат пен торы айғыр кесіп өтеді. Қазақтар жүрегі жарыла мәз-мәйрам болып бірінші бәйгіні көріп жатқанда Шабдан аттарды сынаған сыншыны бәйгеге тіккен қызға жалшылыққа береді. Ертесіне қырғыз манабының сұғы өтіп кеткен шұбар ат көз тиіп, өледі. Шұбар атты ақ киізге орап көмеді. Бәйгеге тігілген қызды кейін жұрт: «бәйге кемпір» деп атап кетіпті. Ал, Сәмен батырдың бірінші мінген шұбары батырды талай шайқастан аман алып шыққан екен. Ел ішінде Сәменнің өжеттігі туралы аңызға айналған әңгімелер де көп-ақ. Батыр жасы он жетіге келгенде асау бураның жұлынын үзіп жіберіпті деген де сөз бар. Бірде Қордай тауының күнгей бетінде бір жаныс кісіге ас беріліп, ат шабады. Арқарлыда отырған Сәмен батыр осы бәйгеге өзінің күрең шұбарын даярлайды. Шу өзенінің бойындағы жазыққа екі жүздей үй тігіледі. Ол кезде аттар сыншы сарабынан өтеді екен. Үш күн бұрын сыншы: «Күреңнің қылыш жүзіндей қазысы бар екен. Өзі кәрі биенің құлыны, тұяғы жұқа, мынадай қиыршық тасты жолда бәйгеден келе қоймас»» дейді. Сыншының сөзін естіп болған атбегі бәйге күреңді жығып, қарнына суық су құяды. Дененің суығы қазыны сорып тастасын дегені болса керек. Сол күні бәйгі аттарын түнемелге айдайды. Атбегі күреңнің төрт тұяғын да елден алып келген шыбық тағамен арасына киіз салып тағалап тастайды. Бәйге жолына шығып кеткен аттардың түс ауа қарасы көріне бастайды. Осы тым алысқа жіберілген аламаннан Сәмен батырдың аты бірінші келеді.
Сәмен батыр қайтыс бол­ғанда оны Кербұлақ ауданына қарасты Сәмен ауылының қасындағы қорымға жерлейді. Осы жерде батырдың күмбезі тұр. Қызы Мақпал да, ұлы Тезекбай да, Жоламан батыр да осында жерленген. Кейін батырға арналып ескерткіш те орнатылды. Алматы мен Тараз қалаларынан көше аттары да берілді. Алайда қазақ елінің екінші идеологы атанған Әлмұқан аға Исақовтың: «Сәмен батырдың есімі мектептегі оқулыққа енгізілсе ғой» деген ұсынысы орындалмай келеді. Осыған қосарымыз: «Сәмен батыр туралы кинофильм түсіріліп, пьеса жазылса, ол өзге тілдерге аударылса нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын.
Жұрт құсап кітап жазбасам да Асанбай аға Асқаровтың аманатын орындауға бір там­шыдай болса да үлесімді қоссам деп едім, осы мақалам соған жәдігер бола алар ма екен?..

Сейсен Қожеке,
Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері.

Поделиться ссылкой: