Аймақ ардагерлері аграрлы ауданның тынысымен танысты
2019 жыл. Билік ауысып, елде үлкен өзгерістер орын алып жатқан кез. Ол кезде біздің аймаққа Асқар Мырзахметов жетекшілік ететін. Асқар Исабекұлының іскерлігі, ұйымдастыру қабілетінің жоғары екендігі келгеннен-ақ бірден анық аңғарылды. Мәселен, аймақ орталығы саналатын Тараз қаласы тотыдай түрленіп, өңірлерге ерекше көңіл бөліне бастады. Бұл – бір. Екіншіден, сол кездері халықтың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында басты жоба қолға алынды. Ол – пилоттық жоба.
Жоба авторы – Асқар Мырзахметов. Автордың ұстанған принципі біреу-ақ болған секілді. Яғни, оның басты мақсаты – «халыққа балық емес, қармақ беру» болған сыңайлы. Хош… Асқар Исабекұлы жобаны өзі қорғады. Үкіметтен қолдау тапты. Ізінен Президент пәрмен беріп, қажетті қаражат бөлінді. Осылайша аталмыш жоба алғаш рет Жамбыл жерінде сынақтан өтті. Тіпті, сынақтан сәтті өткен жобаны билік басындағылар өзге де өңірлерде жүзеге асыру керектігін жарыса айтып, жоғары баға беріп жатты.
Бүгін міне, араға үш жылды салып, жоба өз жемісін бере бастады. Біздің ауданнан қомақты қаражатқа қол жеткізген құмарықтықтар пилоттық жобаның ережесінде белгіленген бес бағыт бойынша да жұмыс жасады.
Нәтижесінде ауылдағы мал басы артып, егін алқаптарының аумағы ұлғайды. Жауапты кооператив «Құмарық – Тау» 17 дана ауыл шаруашылығы техникасына қол жеткізді. 2020 жылы үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бағыты бойынша ауылдық округтегі 630 ауланың 598-іне (54 гектар) көкөніс егілді. Жоба аясында 2,5%-бен 229 өтінім қаржыландырылып, 7 008 мал басы сатып алынды.
Нәтижесі қандай дейсіздер ғой?! Ендеше әрмен қарай оқыңыз. 2022 жылдың 1 шілдесіне дейінгі көрсеткішке зер салатын болсақ, Құмарық ауылдық округінде мал басы 25 600-ге көбейген. Округтегі жалпы мал басының 79 742-сі ұсақ мал болса, 3506-сы мүйізді ірі қаралар. Ал Қамбар ата тұқымының саны 1591-ге жеткен.
Аталмыш мәліметтер жұма күні ауданға арнайы келген ақсақалдарға кеңінен мәлімделді. Еркінбек Солтыбаев бастаған бір топ облыс ақсақалдары аталмыш ауылдың бүгінгі тынысына, тіршілігіне жоғары баға беріп, Құмарық ауылдық округіндегі «Қайрат» мал бордақылау алаңымен, ауыл тұрғыны Жақсыкүл Даулетбақованың үй іргесіндегі жеріне қияр өсіру ісімен және «Құмарық – Тау» кооперативінің техника тұрағының жұмысымен танысты. Соңында ауыл аумағында өндірілген өнімдер қойылған көрмені тамашалап, 25-ке жуық макарон түрін шығаратын «Ақтоған» шаруа қожалығының жұмысына зер салып көрді.
Ардагерлер іссапар барысында өз замандастарын да ұмыт қалдырған жоқ. Дәлірек айтар болсақ, ақсақалдар өз жұмысын 2017 жылы бастаған аудандағы «Элай-Құлан» мүгедектерді оңалту орталығының қызмет алушыларымен де жеке дара тілдесті. Жалпы онда дәл қазір 15-ке жуық азаматқа сегіз бағыт бойынша қызмет көрсетілуде. Мекеме спорт және оқу залдарымен, жатын бөлмелермен қамтылған. Сонымен қатар, ақсақалдар жұмыс сапары барысында Құлан агротехникалық жоғарғы колледжінің және аудандық ардагерлер үйінің жұмысымен танысты.
Жұмыс сапары соңында ардагерлер М.Өзбеков атындағы мәдениет үйінің «Рухани жаңғыру» жобалық офисінде бас қосып, пилоттық бағдарлама бойынша семинар кеңес өткізді. Семинарда осы бағытта атқарылған және атқарылып жатқан жұмыстар бойынша баяндамалар тыңдалып, ақсақалдар өз ой-тілектерін жеткізді.
Жәнібек СҰЛТАН.