Жаңа кітап жарық көрді

355 Views

Алматының «Үш қиян» баспасы журналист-жазушы Сейсен Қожекенің «Тұңғиықтай тұнық ғұмыр» атты деректі тарихи әңгімелері, эсселері, шежіре-естеліктерін жарыққа шығарды. Жақында Құланда автордың осынау төл туындысының тұсауы кесілді.

Белгілі журналист С.Қожекенің бүған дейін бірнеше тарихи, әдеби кітаптары жарық көрген болатын. Байырғы журналистің бұл кітабына колхоз өндірісінің ардагері, белгілі экономист Қыстақ Дәулетовтің өмірі арқау болған.
Десек те, автор өзінің бұл шығармасын әдеби-көркем туынды етіп жазуға талпыныс жасаған. Онысы сәтті де шыққан. Өйткені қаламгердің тарихи оқиғаларға сүйене отырып жазған әңгімелерінен оқырман басты кейіпкердің ғана емес, оның айналасындағы адамдардың да ел басына түскен төрт нәубетте қалай күнелткендері жайлы анық мағлұмат ала алады. Әсіресе, басты кейіпкердің образы өте шынайы, ашып көрсетілген.
С.Қожеке: «Кейіпкерімнің тұмаша тұнық ғұмыры кітабымның негізгі арқауы болды. Шынымды айтсам, бұл өзі «100 жаңа есім»деген жобаға келетін тәрізді. Рухани жаңғыруымызға дәл осындай кейіпкерлер ауадай қажет деп ойлаймын. Өйткені мұндай адамдардың өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болуы тиіс. Қыстақ Дәулетұлы Таубалдиев өз ортамызда жүріп күні кеше ғана өмірден озған қарапайым жан. Оның шыққан тегін зерттеу мақсат емес еді, бірақ қазақ халқының басына түскен төрт нәубетті аттап өте алмайды екенсің. Сондықтан автор ретінде кейінге шегініс жасауға тура келді. Сөйтіп, бір рулы елдің қайда, қалай, неге көшкенін шығармама арқау етіп алдым. Егер, қазақ халқы 1723 жылы Ұзынағаш қырғынынан соң жоңғарлардың шапқыншылығына төтеп бере алмай, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұрынып, «Елім-айды» айтып, Қаратау асса, ал, бұл жолы керісінше Қаратаудан өздерінің ата қоныстарына қарай шұбырады. Өйткені халық Қоқан шүриттерінің езгісіне шыдамады. Ат төбеліндей аз ғана шақшам елінің алдымен Әулие-Ата маңына, одан соң Меркі түбіндегі «Үш Ойрандыға» Сыпатай батырдың шақыруымен көшіп келуі маған үлкен ой салды» дейді.
Кітаптың осы бөлімінде: «Атадан қалған алдаспан» деген тақырып бар. Бұл алдаспан қазір аудан орталығындағы Меркі музейінде сақтаулы тұр. Ол осы елдің батыры Тілеміс Жанжігітұлының бес қаруының біреуі. Батыр осы Меркі ауданына қарасты Ақтоған ауылының тұсындағы бейітке жерленген. Бөлімде қалмақтың ханы туралы да тың дерек бар. «Қарақыстақта» жатқан қалмақтың ханы» туралы аңыз әңгіме шынайы дерекке айналып отыр. Оқиғаның кульминациясы да осы жерде шарықтай түседі. Екінші бөлім «Қаратөбе қасіретімен» басталады. Өйткені ашаршылық ел басына түскен төрт нәубеттің бірі еді. Қыстақтың (шын ныспы – Қарақыстақбай) әкесі Дәулет пен оның бауырларының басына түскен қиыншылық бұл бүкіл қазақ халқының басына түскен нәубет болатын. Ал, сол нәубеттен аналар да оқшау қалмағаны анық. Сондықтан да олар алтын тоғанақ арқалаған жандар еді. Ана мен баланың аштық пен соғыс кезіндегі көрген тауқыметі аз емес қой. Сол бір «кем дүниені» қайта көзге елестету үшін де адамға төзім керек болатын.
Кітаптың үшінші бөлімінде буыны қата қоймаған бала Қыстақтың жалаңаяқ жар кешіп, анасымен бірге соғыс жылдарында талай тауқыметті бірге көргені қаз-қалпында, өте әсерлі баяндалады. Ал, төртінші бөлім түгелдей басты кейіпкер мен оның қарындасы Жәутеннің білім алып, тұрмыс құрып, өмір деген үлкен өзенге түсіп алып, күйреген кеңестік шаруашылықты қалпына келтіру жолындағы жанқиярлық еңбектері автордың әңгіме, очерктеріне арқау болады.
С.Қожекенің бұл тоғызыншы кітабы. Зейнетте жүрсе де қаламын қолынан тастамай, творчествомен айналысып жүрген қаламгер қазіргі таңда «Жан шуағы» атты тағы бір туындысын көпшілік оқырман қауымға ұсынғалы отыр. Автордың жаңа кітабын көркем туынды деп айтуға әбден болады. Өйткені шығарманың тілі жеңіл, әр деталь оқырманды оқиғасымен өзіне тартып отырады.

М.Аятберген.

Поделиться ссылкой: