Әр гектардан 18 центнер өнім алынды
Биыл ауданда дәнді дақылдың әр гектарынан 18 центнерден өнім алынды. Бұл туралы жуырда аудан әкімінің баспасөз қызметі ресми түрде хабарлады.
Расымен де, биыл аудан аумағындағы егістік алқаптарында астық бітік шықты. Бүгінде былтырғы қуаңшылықтан айтарлықтай зардап шеккен шаруалардың жүзінен шат күлкіні көруге болады. Олай деуімізге толықтай негіз бар. Себебі дәл қазір аудандағы жазғы дәндi дақылдарды жинау жұмыстары толығымен аяқталған. Нәтижесі көңіл көншітеді. Жоғарыда атап өткеніміздей, биыл аудан диқандары астық өсiруде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр.
Жалпы биыл ауданда 136 671 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары себілген. Оның ішінде бидай 57015 гектар болса, 51670 гектары – арпа.
Бүгінгі күнге дейін аудан бойынша 108 685 га алқап орылған. Әр гектардан алынған орташа өнім 18,3 центнерді құрайды. Жалпы ораққа 613 ауыл шаруашылығы техникасы, 207 комбайн тартылған. Орташа есеппен әр комбайн бір күнде 12,6 гектар алқапты орып отырған.
«Құлан таңы» ақпарат.