Саусақ ашсаң –қылдырық, жұмсаң – жұдырық

424 Views

«Бірлік қайда болса, ерлік сонда,
Еркіндік қайда болса, елдік сонда» деген қарға тамырлы қазақтың ғажап мақалы бар. Расымен де бірлігіміз мығым болса, алынбас қамал жоқ. Елдіктің айшықтыбелгісі ол, сөзсіз – еркіндік. Аға буын ұрпақ өкілдерінің аузынан сөз басында жазған мақалды жиі естиміз. Қазір бұны алдыңғы толқын ағалар ғана емес, орта буын, өзіміз құралпы жастар, жасөспірімдер жұқамыр жүрекке мықтап сақтаған. Өйткені, олар да түсінеді. Ауызбіршілік болса ғана, елдіктің түтіні түзу ұшарын.
Жақында Құлан ауылының 1984-тен бастап, 2000 жылға дейінгі аралықта туылған ер азаматтарының жасаған игі істерін көріп, дән риза болдық. «Олар не тындырды соншама?» деуіңіз мүмкін ғой. Біздіңше, көпке үлгі боларлық тірлік істеді олар. Сөйтіп, құландық ер азаматтар «байлықтың байлық емес», керісінше, бірліктің байлық екенін көпшілікке көрсетті. Орталық «Сұлтан» мешітінің наиб имамы Түзелбеков Қуаныш Досымжанұлы өте білімді азамат. Ол көптеген жастардың діни сауатын ашып, тәлім-тәрбие беруде. Сауатты уағыз айтады. Құран жаттатады. Өткен жұма ұстаз Қуаныш үшін ерекше болды. Өйткені, оған жаңағы 1984 пен 2000 жылғы аралықта туылған Құланның ер азаматтары «Toyota 30» маркалы автокөлігінің кілтін табыс етті. Оған сәл кейінірек тоқталамыз. Алдымен мына жайтты тарқатып жазайық.Айталық, бұрын орталық «Сұлтан» мешітінің дәретханасы әбден тозығы же­тіп тұрған болатын. Шатыры ескі. Суы жоқ. Сыртқы келбеті тым жұпыны еді. «Тазалық – табалдырықтан басталады» дейтін едік қой. Мешіт – алдымен, Алланың үйі. Қаншама жамағат бар, намыз оқитын. Келімді-кетімді кісілер бас сұғады мешітке. «Сөз болуы мүмкін» дегендей. Осы жағдай Жандос Үмбеталы, Руслан Теміржанов, Хамидулла Жарылқасынов секілді Құланның сайдың тасындай сақа жігіттеріне ойтүрткі болады. Сосын олар «Көп түкірсе – көл» деп, осы істі қолға алады. Бұл игі бастамаға жаңа да атап өттік, Құлан ауылының 1984 пен 2000 жылы туылған ер азаматтары атсалысқан. Осылайша, ұйымдасқан нәтижелі тірліктің арқасында орталық «Сұлтан» мешітінің дәретханасы қазір жаңаша кейіпке енді.
Қазір орталық мешіттің дәрет­ханасы дәл мына өздеріңіз көріп отырған суреттегідей. Осы тір­ліктің қайнаған ортасында жүрген Жандос Үмбеталының айтуынша, құры­лыс жұмыстарына жалпы жиын­тығы 11 миллион 500 мың теңге қаражат жұмсалған екен. Қазір мешіт дәрет­хана­сының шатыры жаңа. Сыртқы безендірілуі жаңа заманға сай әдіп­телген. Қазір мұздай су дейсіз бе, ыс­тық су дейсіз бе, сарқырап ағып тұр. Бұндай тірлікті екінің бірі ұйымдастыра бер­мейді, негізінен. Жігіттердің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тірлікті ұйыстыра білгені – нағыз іскерліктің көрі­нісі секілді көрінді.
Енді көліктің мәселесі. Шыны керек, ұстаз Қуаныш бұл жайттан бейхабар еді. Жұма намаз оқылып болған соң, бұл қуанышты хабарды орталық «Сұлтан» мешітінің бас имамы Сұлтаншәріп қажы Жадраевтың өзі айтты. Ол өз сөзінде қайырымдылық туралы оябы бөлек ой айтып, жігіттердің риясыз ақ пейілдеріне шын ризашылығын білдірді.
Белсенді азаматтар Жандос Үм­бет­алы мен Руслан Теміржанов та ын­тымақ пен бірлік жайында кесімді сөздер айтып, ұстаз Қуаныштың қара­пайым­дылығын, білімдарлығын тілге тиек етті. «Ұстаз Қуаныш екі жылдан бері Меркі ауданынан қатынап келіп, жұмыс істеп жүр. Біз оның еңбегін жоққа шығара алмаймыз. Ұстаз – нағыз азамат. Жасалған тірліктен қаражат қалған болатын. Біз жігіттермен ақылдаса келе, ұстазға темір тұлпар табыс етсек деп шештік. Оны барлық жігіттер қолдады» – деді Жандос Үмбеталы. Өз кезегінде наиб имам Қуа­ныш Досымжанұлы да бірауыз сөз сөй­леп, құландық ер азаматтардың ақ пейіл­деріне шын ризашылығын білдірді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: