«Айттым сәлем, Қаламқас» Әніндегі Қаламқас Кім?

609 Views

Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас, Саған құрбан мал мен бас…» деп басталатын әйгілі әнін білмейтін қазақ жоқ шығар. Үлкен сахналардан бастап, ауыл арасындағы жиын-тойларда шырқалып келе жатқан бұл ән әр қазаққа, тіпті, өзге ұлт өкілдеріне де жақсы таныс. Абайдың осы әніндегі Қаламқас кім? Бұл әннің шығу тарихы жай­лы әр қилы деректер бар. Деген­мен, «Айттым сәлем, Қаламқас» әні Тана мырзаның немере інісі Жәнібектің қызы Тұржанға арнал­ғаны жайлы дерек шындыққа жа­қын сияқты. Тұржан аруды бойы­ның нәзік, қасының қиыла біткен жіңішкелігіне қарап, жеңгелері ғана емес, бүкіл ауыл- аймақ «Қалам­қас» атағаны Жарма ауданын мекен­дейтін Бура-Матай елдеріне мәлім болған екен.
Бұл әннің мәтініне мән берсек, Абайдың әйел затының хор қы­зын­дай сұлулығына соншалық ынтық болғанын анық аңғарамыз. Сонда «Ұлы ақынның жүрегін жаулаған тұла бойын оттай күйдірген, Қаламқас ару кім болды екен?» – деген сауалдың құлақ қылтитатыны заңдылық.
«Мұхтар Әуезовтің тарихи эпопеяны жазу жолында өмірінің жиырма жылын сарп еткені белгілі. Егер Тоғжан өз айналасында жанама түрде «Қаламқас» деген атқа ие болса, Абай оған ән мен өлең арнаса, бұл оқиға заңғар жазушының назарынан неге сырт қалған? Эпопея түгілі, жай мақалаларының ешқайсысында мұндай пікірдің ұшығын шығар­майды ғой? Егер бұл жағдай То­бықты ішіне бұрыннан белгілі бол­са, осы кезге дейін құлаққа неге шалынбаған?» – деп, зерттеу еңбегінде орынды сауалдарды алға тарта отырып, жармалық айтыскер, ақын Қалихан Алтынбаев ақиқат деректерді басқа жақтан іздеуге тырысады.
Дәл осы еңбегінде автор әр жыл­дар орайында айтқан, жармалық Қалиасқар Еңсе­байұлының, Күн­де­бай Қали­­ұлының, Са­ғила Смак­қы­­зының, Жүзім Өтеп­бер­ген­қы­зының, Мұса, Мұхаметжан Өте­ұлдарының, аягөздік Уақап Тор­­­ғайұлы мен көкпектілік Ахмет­жан Әбубәкіровтің әңгімелеріне сүйе­­­ніп, ән кейіпкері Қаламқастың өмір­­дегі шынайы бейнесі Жәні­бекқызы Тұржан деген байламға тоқтайды. Енді осы байламды қуаттайтын нақты айғақтарға көңіл салайық. Тұржанның жанама есімі Жарма өңіріне жақсы таныс. «Найман ішіндегі Қаракерейден тарайтын Тілемісұлы Тана мыр­заның есімі бүкіл сол кездегі Семей, Өскемен уәлаяттарына айпарадай анық болған», – деп жа­зады айтыскер ақын. Автордың айтуынша, өз кіндігінен перзент сүймеген Тана мырза немере інісі Жәнібектің Тұржан есімді қызын бауырына алыпты. Тұржан – тал шыбықтай бұралып өскен сондай көркем қыз. Тұла бойының нәзік, қасының қиыла біткен жіңішкелігіне қарап, алғашында жеңгелері, одан соң бүкіл ауыл-аймақ оны «Қаламқас» атандырады.
Қалихан Алтынбаевтың зерттеу деректеріне ден қойсақ, Тұржан мен Абай алғаш 1861-62 жылдар шамасында кездескен сияқты. Бұл – Абайдың он бес-он алты жастағы кезі. Құда түскенімен, Ділдаға әлі үйленбеген Абай әкесі Құнанбаймен бірге алыстағы Найман еліне, Тана мырзаның ауылы бұрынғы Самар (қазіргі Көкпекті) ауданының жерінде. Бұлардың барған шаруалары, біріншіден, соның алдында ғана Көкпекті округінің аға сұлтан­ды­ғына өткізілген сайлауда жеңіліс тапқандығына ағайындық демеу сөз айтып, ізгі ниет білдіру, екін­шіден, үш өзеннің Ертіске құятын сағасындағы түбекке мешіт сал­дырып жатқан Танаға қошемет біл­діріп, жаңа құрылысты көріп қайту еді. Осы сапарда екі балғын жас – Тұржан мен Абай бірін-бірі қатты ұнатқан. Мұны байқаған Құнанбай да екеуінің жақынырақ танысуына, тіпті, құда түсіп қайтуға қарсы емес-тін. Алайда, құрметті қонақтар отыр­ған орданың сыртында соқыр түйе­сін «көзіңді, қу соқыр» деген біреу­дің балағат сөзі байласқалы келе жатқан құдалықтың шырқын бұзады. Тананың жік-жапар болып, әлгі жігітке кешірім сұратып, ат-ша­пан айып бергізгеніне қарамастан, ал­­ған бетінен қайтпайтын, қатал Құ­нанбай Танаға «әдейі істетіп отырсың» деп аттанып кетеді. Қазақ­тың «Түйені соқыр десең, Құнан­­байға тиеді» деген мәтелі осы­дан қалса керек.
Алыстан ат арытып келген меймандардың көп кідірмей кері қайтуы енді ғана лаулай бастаған қос ғашықтың махаббатына кесірін тигізеді. Бұдан соң екеуінің бірер мәрте хат алмасқаны болмаса, жүздесуге жер арасы шалғай. Сөйтіп, байланыс үзіледі.
Абайдың мұнан кейінгі жағдайы белгілі. Ділдаға үйленіп, перзент сүйеді. Тұржан оң жаққа біраз отырып барып, Сыба ішіндегі Быжы-Тоқтар дейтін сарт ауылына тұрмысқа шығады, Ескі құлақтарға сенсек, соңында ұрпақ қалмапты. «Тұржанның Қаламқас атанғанына екінші дәлел мынау, – дейді Қали­хан Алтынбаев. – Қаламқас Сыбан ішіне ұзатылып келгенде бұл жақтағы Матай руының игі жақ­сылары тегіс сәлемдесуге барған. Өйткені, ескі шежіре бойынша, Қаракерей (Тананың руы) мен Матай бірге туады. Оның үстіне Тананың абыройы бүкіл Найманға әйгілі. Сол барған игі жақсылардың ішін­де Матайдағы әйгілі тентек әрі жуан тұқым Бәкен Мырзатайұлы бар екен. Басқаларының бәрі кісілік әдетпен Қаламқасқа төс түйістіріп аман­дасқанда, Бәкен міз бақпастан отырып алады. Ондағысы, ойда орыс, қырда қазақ құрығандай, сартқа тұрмысқа шықтың деген өкпесі. Міне, осы оқиға Жарма өңірін­дегі қариялардың ауызында әлі күнге айтылып келеді. Ең бас­тысы, Тұржан есімімен емес, Қалам­қас деген атпен айтылуда».
Ілия Жақанов, композитор, музыка зерттеушісі:

– Абайдың осы бір тамаша әнді Сүйін­дік­тің қызы Тоғжанға арнап жазғандығын дәлел­дейтін нақты деректер қазір біздің қолымызда жоқ. Бұл туралы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында да еш жерде жазылмаған. Сондықтан мен «ол былай еді немесе оны сол адамға арнап жазды»,- деп бөле-жарып айта алмаймын. Менің білетінім, «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» деген өлеңі шынымен Тоғжанға арналып жазылған. Ал енді Тана мырзаның бауырына салып өсірген қызы Тұржанға арнап жазды деген пікірді өз басым жақында ғана естідім. Менің ойымша, бұл жағдай бұрындары зерттеушілердің назарынан тыс қалып қойған сияқты. Енді ғана соған көңіл бөліп жатырмыз.
Жалпы, біздің қазақтың тарихында, өнері мен мәдениетінде әлі де зерттелмей, жабулы күйінде қалып келген немесе бұрмаланған дүниелер жетіп артылады ғой. Келешекке осы жақұттарымызды жарыққа шығарып, халықпен қауышуына көп еңбек етуіміз керек.
Ерлан Рысқали, дәстүрлі әнші:

– Бұл пікірлердің екеуі де шындыққа жанасады. Дегенмен, өз басым Қалихан Алтынбаев ағамыздың «Тана мырзаның немере інісі Жәнібектің қызы Тұржан сұлуға арналды», – деген пікірі дұрысырақ деп ойлаймын. Себебі, әннің сөзіне ден қойсаңыз, ақынның бір аруға ғашық болып, бірақ оған қолы жетпей, бір көруге зар болған аңсар хәлін ұғынасыз. Эпопеяға жүгінсек, Тоғжан мен Абай бір-бірімен қосылмаса да, бірнеше рет кездесіп, тілдесті. Оған қоса, егер әйгілі ән Сүйіндік қызына арналса, бұл жайт Әуезовтің назарынан тыс қалмас еді ғой. Екіншіден, Абай Тоғжанға арнап, бірнеше өлең жазған, олардың арасында «Айттым сәлем, Қаламқас» жоқ. Сондықтан Қалихан ағамыздың дәлелдері сенімдірек сияқты. Мәселен, Тұржан мен Абай бір-ақ рет көрісті, одан кейін мүлдем жүздеспеді. Бәлкім, барлық сыр осында жатуы мүмкін. Дегенмен, бұл тақырып әлі тереңірек зерттеуді, зерделеуді талап етеді.
Белгілі журналист Жолымбет Мәкіш осы жөнінде:

– Найман елінде Абай мен Қаламқас туралы ертеден бері келе жатқан ескі аңыз бар. Баяғыда осы өңірде Тана мырза дейтін атақты адам өткен. Ол келе жатыр дегенде, Құнанбайдың өзі тойды тоқтатып қойып, Тана мырзаның келгенін күтетін көрінеді. Қаламқас осы Тана мырзаның інісі Жәнібектің қызы болып шықты. Жәнібектің осы қызын Тана мырза бауырына салып өсірген. Шын аты – Тұржан. Бірақ, осы Тұржан сұлудың аты тарихта «Қаламқас» деген атпен қалады.

Жинақтаған: Советхан СӘЛИЕВ,
Зайсан қаласы
Ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Поделиться ссылкой: