Емдеу орталығы ашылды

484 Views

Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласына ауыз толтырып айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Қажетті қаражаттар бөлу, емдеу шараларын қолжетімді ету күн тәртібінде тұрған мәселе.

Жуырда жоғарыда айтылған мәселелерді оң шешу үшін Құлан ауылында жаңа емдеу орталығы ашылды. Атауы – «Серпін». Онда аудан тұрғындарына тегін реабилитациялық көмек көрсетілмек. Атап айтар болсақ, неврологиялық ауруларға ұшыраған ересектер мен балаларға, жүрек-қан тамыр жүйесі зақымдалған және ота жасалған, ДЦП диагнозы бар, пневмония, ковидқа шалдыққан жандарға ІІІ кезеңдегі оңалту бағытында көмек беріледі. Сондай-ақ, орталықта жолдама арқылы келген ересектер мен балаларға электрофорез, магнитотерапия және массаждың барлық түрлері бар. Ол аз десеңіз, емделушілер тіс дәрігерінің, логопедтің көмегіне де жүгіне алады.
Орталық денсаулық сақтау саласындағы соңғы заманауи құралдармен жабдықталған. Онда жаттығу залы, тіс емдеу және тұзды бөлме бар. Орталық басшысы Инара Сәрсенқызының сөзіне сенсек, аталмыш мекемеде оннан астам адам тұрақты түрде жұмыс істейді екен. Айта кетейік, аталмыш мекеменің ашылу салтанатына сала мамандарынан бөлек ауыл тұрғындары, аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев және аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов қатысып, ақ халатты абзал жандарға сәттілік тіледі.

Жәнібек Базылбек.

Поделиться ссылкой: