Тілші тәрбиелеген ұстаз
Қаржыгер болған Ниязбек Қайыпов қалайша ұстаз атанды?
Адам баласы айналасынан нәр алады емес пе? Басқаны қайдам, мен де дәл солай. Кейде жанымда жүрген жандардан бағыт-бағдар алып, ұстанған өмірлік қағидаларыма өзгерістер енгізіп жатамын. Меніңше, бұл – дұрыс шешім. Өйткені өзгемен санасу, оның ақыл-кеңесіне құлақ түру – әдептіліктің нағыз үлгісі.
Білесіз бе?! Тілші үшін ең маңыздысы не? Жауап берейін. Ол – оқырманның өзің жазған дүниеге берген бағасы. Дәл сондай бағаның бірін бүгінгі мақалама арқау болған азамат та кезінде берген болатын.
Шатаспасам, 2017 жыл болуы керек. Қара шаңырақ «Құлан таңына» жаңадан жұмысқа орналасқан кезім. Келе салысымен ауданның әр саласын зерделеп, түрлі тақырыпта қалам тербей бастадық. Бірде әлеуметтік парақшама хат келді. Авторы – Ниязбек Қайыпов. Мамандығы – қаржыгер. Луговой ауылында туылып, сол сәтте Алматы да қызмет істеп жүрген еді. Ол өз сөзінде «Бауырым, жазған мақалаларыңды үнемі оқып отырамын. Қаламың мұқалмасын. Тек алға!» деп тілек білдіріпті. Ұдайы ой үстінде жүретін біз үшін бұл сөз ерекше серпін берді. Содан Нәкеңмен жақын танысып, араласа бастадық. Уақыт өте келе қызығушылығымыз бір екенін біліп, достық, ағалы-інілі қарым-қатынас арта түсті.
Нәкеңмен бір хабарласқанымызда ол ауылға оралатынын айтты. Себебін де созбақтаған жоқ. «Бауырым, көп ойлана келе ауылға қайтуға бел буып отырмын. Оған басты себеп – атамның аманаты. Мырқажы атам кезінде «Балам, ұстаздық мамандықты таңда. Ұтылмайсың. Адамға білім беру – ұлы іс» деп өсиетін айтып еді. Сол сөзі санамнан кетер емес» – деп үлкендердің сөзін жерге тастамайтынын ұқтырды. Бірден айта кетейін, Мырқажы ақсақал дәл қазір біз еңбек етіп жатқан, қарбаласқа толы қара шаңырақта тілші болып қызмет атқарып, жауапты хатшы қызметіне дейін жеткен.
Ниязбектің қазіргі қалпына, болмысына қарап, таңдаудан қателеспегеніне көз жеткізуге болады. Себебі, ол – бала жанына жақын ұстаздардың бірі. Олай деуімізге толықтай негіз бар. Неге дейсіз ғой?! Өйткені ол Р.Сәбденов ауылындағы Ақбұлақ орта мектебіне орыс тілі пәнінің мұғалімі болып орналасқан сәттен бастап, өзі сүйіп ойнайтын шахматтан тегін үйірме ашты. Бүгінде одан тәлім алған оқушылар аудандық және аймақтық деңгейде ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетіп жүр. Атап айтар болсақ, облыстық жарыста Айя Орынтайқызы І орын алса, Амина Серікбай ІІІ орынды қанжығасына байлаған.
Ниязбек өз оқушыларының біліктілігін сәт сайын арттыруды көздейтін жандардың бірі. Сол үшін ол елімізге белгілі жас шахматшыларды қонаққа шақырып, түрлі форматта жарыстар ұйымдастырып тұрады. Мәселен, өткен оқу жылында шахматтан Азия чемпионатының жүлдегері Шапағат Қонысбай қонаққа келіп, бір мезетте 20-дан астам оқушымен ойнады. Тартысқа толы өткен турнирге біз де қатысқанбыз. Жоғары деңгейде өтті. Ізін суытпай Ақбұлақ орта мектебіне жас талант, «Карпов» кубогінің жеңімпазы, ел чемпионы (8 жас), жуырда ғана Грузияның Батуми қаласында өткен әлем чемпионатының қатысушысы Дилайла Садуақасова да келіп, ақбұлақтық оқушылармен тәжірибе алмасқан.
Ниязбек Еділұлы мұндай іс-шаралар бала қабілетін арттыра түсетінін айтады. «Жалпы шахмат баланың ойлау қабілетін дамытатын ойын түрі. Оны ойнай білетін бала өте зерек болып өседі. Сондықтан да осы істі бірден қолға алдым. Мен мектепке келгенде бір ғана оқушы шахмат ойнай алатын. Қазір олардың саны 10 пайызға артты. Мен соған қуаныштымын. Бұл жұмысты әрмен қарай жалғастыратын боламыз» деп алдағы жоспарларымен де бөлісті.
Қалай десек те, Ниязбек Қайыпов оқушылардың қызығушылығын арттыра білетін ұстаздар қатарынан екенін дәлелдеді. Табанды да, талапты Нәкеңді төл мерекесімен құттықтай отыра, алға қойған мақсаттарына оңай жетуіне шын жүректен тілектеспіз.
Жәнібек СҰЛТАН.