ТАТУЛАСТЫРУ РӘСІМДЕРІ

418 Views

Сот (судья) тараптарға татуласу рәсіміне қатысуы үшін шақыру жібере отырып, тараптардың татуласуына шаралар қабылдайды, оларға дауды процестің барлық сатысында реттеуде жәрдемдеседі.
Шақыруда тараптар татуласу рәсімі (бітімгершілік келісім, медиация, партисипативтік рәсім) шеңберінде дауды (жанжалды) шешу құқығын түсіндіре отырып, сотқа талап қоюдың келіп түскені, татуласудың артықшылықтары туралы, сондай-ақ, АПК-тің 73-бабының бірінші және екінші бөліктеріне сәйкес, дәлелдемелерді өзара ашу және ұсыну құқығы туралы хабардар етіледі.
Қамтамасыз ету шараларын қабылдау кезінде шақыру тиісті ұйғарым шығарылғаннан кейін жіберіледі.
Тараптар татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасап немесе АПК-сте белгіленген тәртіппен өзге де тәсілдерді пайдалана отырып, дауды өзара талаптардың толық көлемінде не бір бөлігінде реттей алады.
Татуласу рәсімдерін қолдана отырып дауды реттеу туралы өтінішхат, егер осы Кодексте немесе заңда өзгеше көзделмесе, талап қою ісін жүргізудің кез келген ісі бойынша мәлімделуі мүмкін.
Татуласу келісімі бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда сот шешім шығару үшін шығып кеткенге дейін, сондай-ақ, сот актісінің орындалуы кезінде жасалуы мүмкін.
Татуласу келісімі басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұза алмайды және заңға қайшы келмейді.
Татуласу келісімін сот (судья) бекітеді.
Татуласу келісімі жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар немесе олардың өкілдері олар да сенімхатта арнайы көзделген татуласу келісімін жасауға өкілеттіктері болған кезде қол қояды.
Сот татуласу келісімін жасаудың құқықтық салдарын ол бекітілгенге дейін тараптарға түсіндіреді.
Татуласу келісімін оны жасасқан тұлғалар осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімдерде ерікті түрде орындайды.
Ерікті түрде орындалмаған татуласу келісімі татуласу келісімін жасасқан тұлғаның өтінішхаты бойынша сот берген атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады.

Л.Байтленова,
аудандық соттың судьясы.

Поделиться ссылкой: