ОҚЫРМАНДАР ЖЕРГІЛІКТІ ақын-жазушылармен жүздесті

1 136 Views

ОҚЫРМАНДАР ЖЕРГІЛІКТІ ақын-жазушылармен жүздесті

Қазақ халқы қашанда өнерді серік еткен жандарға ыстық ілтипат танытып, әрдайым құрмет көрсетіп отырған. Өткен аптада осы бір салт-дәстүрдің мұртын бұзбай, құландық оқырмандар да жергілікті ақын-жазушылармен жүздесті. Ауданның 80 жылдық мерейтойының қарсаңында ұйымдастырылған «Туған жерім – Құланым, жастық шақ өткен өңірім» атты кездесу кеші бес кезең бойынша өрбіді. Жиын барысында ауданның, аудан орталығы саналатын Құлан ауылының, ақын-жазушылардың, спортты серік еткен саңлақтардың және де атақты жерлестеріміз туралы мәліметтер оқырмандар назарына ұсынылды.

Кеш қонақтарына жергілікті ақын Қуандық Шолақ, журналист Сейсен Қожеке және күйші, әрі термеші Жорабек Әбдікерімов арнайы шақырылды. Аты аталған жергілікті ақын-жазушылармен кездесудің басты мақсаты — өнер иелерінің шығармашылығымен бөлісу, оқырмандармен байланыс орнату және кеш қонақтарының қазіргі таңдағы жұмыстарымен танысу болатын. Кештің алғашқы сұрағы ақын Қуандық Абашұлына қойылды.

Халықаралық «Алаш» әдеби  сыйлығының иегері, ақын Қуандық Шолақ ұзақ жылдар бойы өңірдің мәдениет саласын өркендетуге атсалысқан өнер адамдарының бірі. Ол кісінің 1982 жылы «Ата жұрт» өлеңдер жинағы жарық көрсе, ізінен «Кешіккен көктем», «Күзгі ырғақтар», «Көксеңгір», «Менің атам» сынды еңбектері жарыққа шығып, әлі күнге дейін оқырмандардың қолынан түскен емес. Қазіргі таңда ақын ағамыз тағы да бір кітапты жинақтап, өнер сүйер қауымның қолына ұсынуды мақсат етіп отырғандығын жеткізді. Дәл осындай жағымды жаңалықтар танымал журналист Сейсен Қожекеде де аз емес екен. Поэзия мен прозаны қатар алып жүрген ағамыз, бүгінде тарихи кітаптарды да жарыққа шығарып келеді. Қазақтың домбырасын үнемі өзімен алып жүретін Жорабек Әбдікерімұлы кездесуге арнайы дайындап келген қонақ-кәдесін ұсынды. Сонымен қатар, әйгілі компазитор Нұрғиса Тілендиевке арнаған «Сағындым Нұрағамды» атты авторлық күйін нақышына келтіре орындап, көрермендердің қошеметіне бөленді.

Жалпы кеш барысында жергілікті ақындардың шығармалары оқылып, олардың өлеңдеріне жазылған әндер орындалды. Кеш қонақтары оқырмандарға өз кітаптарын сыйға тартып, қолтаңба жазып қалдырды.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: