Alaman
Аудан әкімі ЕРКІН күрес шеберін қабылдады
Құрметті оқырман, біз ауданымыздың намысын спорттық додаларда абыроймен қорғап жүрген жерлестеріміздің жігерлі жеңісін жұртшылыққа насихаттау мақсатында аудандық басылым бетінде жаңа айдар ашып отырмыз. «Alaman» деп аталатын бұл айдардан спортшыларымыздың жарқын жеңісті сәттерінен бөлек, тілшілеріміз дайындаған сүбелі сұхбаттарды да оқи аласыздар.
Жуырда Словакияның Трнава қаласында еркін күрестен жастар арасында әлем чемпионаты өткен болатын. Осы жарыста 92 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Құланның қайсар балуаны Әлішер Ерғали күміс жүлде еншіледі.
Өткен жұмада аудан әкімі Асқар Қырықбаев Трнавадан олжалы оралған жас балуанды қабылдап, жеңісімен құттықтады. Өз сөзінде Асқар Санатұлы:
— Біздің ауданымыздан Ислам Байрамуков сынды мықты балуан шыққан. Сен оны жақсы білесің. Азия чемпионатының күміс жүлдегері Әділет Дауланбаев та қазіргі таңда ұлттық құрамамыздың нағыз көшбасшыларының бірі десек болады. Сенің күміс жүлдеңнің өзі алтынға бергісіз деп білемін. Сен біздің ауданның мақтан тұтар сақа балуанысың. Өзің секілді намысты ұл тәрбиелеп өсірген Ерғали Қалыбеков сынды асқар таудай әкеңе рахмет. Осы қарқыныңнан тайма. Жігерлі жеңістер көп болсын -дей келе, 100 мың теңге ақшалай сыйлық табыс етті. Құттықтау соңында өзіне артылған зор сенімге әркез жауапкершілікпен қарайтынын жеткізген Әлішер Ерғали аудан әкімі Асқар Қырықбаевқа осындай сый-құрмет көрсеткені үшін жеке алғысын білдірді.
Айта кетейік, жастар арасындағы әлем чемпионатында Әлішер 5 кездесу өткізіп, финалда ғана сүрінді. Ақтық сында ол Иран балуанына есе жіберді.
Марат ДИХАНБАЙ.