Жеңіс туы желбіресін!
95 ViewsЖуырда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Жеңіс туы желбіресін!» байқауының гала-концерті өтті. Іс-шараны Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық…
Тарих тұңғиығына терең үңілсек, ел басына үйірілген қара бұлтты жиі байқауға болады. Жетпіс жыл қызыл империяның боданында болу, зиялы қауым өкілдерінің жазықсыздан жазықсыз атылуы, Ұлы Отан үшін күрес, Желтоқсанның желді ызғары қаймана қазақтың қабырғасын қайыстырғаны жасырын емес. Дегенмен, көрер қызығымыз бар екен.
1990 жыл. Қазақ үшін құтты да, қасиетті жылдардың бірі. Ел үшін елеулі, өзекті де маңызды, қарымды қадамдар жасалған жыл. Дәл сол жылдың 25-ші қазанында мемлекетіміз өзін егеменді ел ретінде жариялап, арнайы Декларация қабылдады. Бұл қадам сол сәтте ерлікпен пара-пар бағаланғандай. Декларацияда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде айтылды. Конституциялық құрылысқа қарсы жасалатын кез келген күштеу әрекеттері, оның аумағының тұтастығын бұзуға шақыратын, ұлт араздығын қоздыратын жария-ұрандардың заң бойынша жазаланатыны ескертілді. Республиканың саяси, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық-мәдени құрылысына, оның әкімшілік-аумақтық құрылысына байланысты мәселелер ешкімнің араласуынсыз дербес шешілетіні жарияланды. Айта кетейік, Декларациядағы бағдарлама негізінде 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданды. Яғни бұл тарихи құжат еліміздің дербестігін, ешкімге бағынбайтындығын айқындауға өз септігін тигізді деген сөз. Бір сөзбен айтқанда, бұл күннің маңыздылығы жоғары. Сондықтан болса керек, жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш күнді ұлттық мереке ретінде тойлауды ұсынды. Осылайша біраз жыл қол үзіп қалған мереке Жаңа Қазақстанда қайта оралды.
Аталмыш ұлттық мереке биыл республика көлемінде тойланып, аудан аумағында да жоғары деңгейде аталып өтті. Атап айтар болсақ, мерекеге орай ұйымдастырылған шаралардың көш басын Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінде өткен салтанатты іс-шара бастады. Оған аудан әкімі Ернар Есіркепов бастаған әкімдік қызметкерлері, округ әкімдері, бөлім және мекеме басшылары, зиялы қауым өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.
Жиын өте жоғары деңгейде өтті. Шарапаты мол іс-шарада алғашқы болып сөз алған аудан әкімі енді ұлттық мереке саналатын датаның маңыздылығы жоғары екендігін атап өтті. «Бұл мерекенің маңыздылығы өте жоғары. Оны ерекше бағалауымыз керек. Себебі, егемендік елімізге оңай жолмен келген жоқ. Баршаңызды осы айтулы мерекемен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» деп марапаттау кезеңіне кезек берді.
Бір байқағанымыз, аудан әкімі марапатқа лайықты деп бұрынғыдай басшылық құрамды емес, қарапайым еңбек адамдарын таңдапты. Онысы жөн-ақ! Себебі елдің дамуына, тәуелсіздіктің тұғырлы болуына тек мекеме немесе бөлім басшылары ғана емес, олардың қол астында қызмет ететін қарапайым жұмысшылардың да елеулі үлес қосқанын атап өтуге болады.
Бәрін айт та, бірін айт. Мерекеге арналған жиын жоғары деңгейде өтті. Осы орайда шараның өтуіне атсалысқан Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарына ерекше алғыс айтқанымыз жөн болар.
Жәнібек СҰЛТАН.