Алтын және Күміс алқалар табыс етілді

368 Views

Ақын да туған анадан, батыр да туған анадан. Сол ақын да, батыр да ана туралы талай пікір қалдырған. Соның бірін Виктор Гюго айтқан секілді. Атақты француз жазушысы «Нәзіктік атаулының жиынтығы – ананың алақаны, сондықтан да ол – сәби үшін ең жылы ұя» деген екен. Екі ауыз сөзде қандай терең мағына жатыр десеңізші.
Ал Оноре де Бальзак ше? Ол ана туралы не деді? Шіркін-ай, ол да парасат пайымы жоғары сөз зергері емес пе?! Талантты жазушы «Ана көрегендігінің теңдесі жоқ. Ана мен баланың арасын көзге көрінбейтін тылсым сырлы жіп жалғап тұрады» деген екен.
Иә, анаға қандай құрмет көрсетілсе де аздық етпейді. Керісінше кішкентай ғана көңіл ана жүрегін жұмсартып, жұбатары хақ. Айта кету керек, соңғы кездері елімізде анаға деген құрмет жыл санап артып келеді. Оларды әлеуметтік жағынан және моральдық тұрғыдан да қолдау көрсеткіші екі еселенген. Соның бірі – көп балалы аналарды тиісті Алтын және Күміс алқалармен марапаттау.
Мереке қарсаңында алқа тағу дәрежесіне жеткен ақ жаулықты аналар да назардан тыс қалған жоқ. Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залына жиналған аналарға аудан басшысы Ернар Серікәліұлы бір Алтын және жеті Күміс алқаны арнайы табыстады.
Шара барысында сөз сөйлеген аудан әкімі аналарға шексіз алғысын жеткізіп, қоғамдық шараларға белсенді қатысуға шақырды.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: