Бүлдіршіндерді қуантқан алтын күз

310 Views

Күз мезгілі дегенде, оқушы кез­дегі қызықты сәттер еске түседі. «Күз­гі балды» асыға күтетін едік қой. Ерек­ше дайындық. Жауапкершілік. Сы­ныптың ұйымшылдығы. Достық қарым-қатынас. Осылай жалғасып кете береді. Бәрі-бәрі есте. Жақында «Балауса» балабақшасының «Ақбота» тобы дайындаған «Алтын күз» атты ертеңгіліктің қонағы болдық. Бөлмеге кіріп келгенде сол оқушы кездегі естен кетпес есті сәттер еріксіз ойға оралды. Тамаша атмосфераны сезіне алдық. Күз мезгіліне сай безендірілген бөлме, әдемі сазды әуен, балапандарын күтіп отырған ата-ана, балалардың өз қолдарымен дайындаған қолөнерлері бөлменің бұрышынан орын тапқан. Ертеңгілік тәрбиешісі жетектеген бүлдіршіндердің орындықтарға жайғасуымен басталды. Қолдарына алтын жапырақтарды ұстаған балалар хормен «Алтын күз» әнін айтты. Бүлдіршін ұлдар мен қыздар би биледі, көңілді әндер шырқады, өлеңдер оқыды, түрлі ойындарға қатысты. Бір сәтте бөлмеге «Күз ханшайымы» кіріп келді. Ол балалармен қызықты ойындар ойнап, күз өнімдерімен таныстырып, олардың ағзаға пайдасы жайлы айтты.
Ертеңгілік мұнымен шектелген жоқ. Көп ұзамай «Күз ханшайымы» атты байқау басталды. Байқауға Айым Менлихан, Балауса Серік, Аяла Райымқұл қатысты. Жүргізуші әділқазылар алқасына, көрермендерге сайыстың кезеңдерімен таныстырып, әр сайыс критерий бойынша бағаланатынын айтты. Жапырақтан, пакеттен, қағаздан жасалған сәнді көйлектерін киген сымбатты бүлдіршіндер аналарымен бірге ортаға шықты. Байқау үш кезең бойынша өрбіді. 1-кезең «Таныстыру», яғни әр қатысушы өзін таныстырып, ұпайларын алды. «Өнерлі өрге жүзеді» деп аталатын 2-кезеңде бүлдіршіндер ән айтып, би билеп, өз өнерлерін ортаға салды. 3-кезең «Шебер қолдар» деп аталады. Бұл кезеңде аналарымен бірлесе отырып дайындаған қолөнер жұмыстарын қазылар алқасы мен көрермендер назарына ұсынып, қысқаша түсіндіріп өтті. Әр кезең аяқталғанда қатысушылардың қолдаушылары тамылжыта ән шырқап, мың бұрала би билеп, сайыстың сәнін келтірді. Әділ қазылар алқасы критерий бойынша әр кезеңнің ұпай санын санап, мынадай қорытынды шығарды. Өз көркімен көрермендердің сүйіспеншілігіне бөленген Балауса Серік «Сүйкімді ханшайым» номинациясын жеңіп алды. «Өнерлі ханшайым» номинациясы Айым Менлиханның қанжығасына байланды. Аяла Райымқұл «Күз ханшайымы» атанды. Шара соңында ертеңгілікке қатысқан барлық бүлдіршіндер алғыс хаттармен марапатталды.
Алтын күзге арналған ертеңгіліктің басты мақсаты – мерекелік көңіл-күй сыйлау, балаларды ән салуға, би билеуге, түрлі іс-әрекеттерге тарту, бейімділіктерін арттыру болды. Және бұл мақсат орындалды деп ойлаймын.
Жүргізуші: «Осымен «Ақбота» тобының «Алтын күз» атты ертеңгілігі аяқталды. Күзге айтарымыз, берер сыйы жылдан жылға көп болсын. Елімізде тыныштық, береке болсын!» – деп ертеңгілікті қорытындылады. Керемет көңіл-күй сыйлаған ертеңгілікті ұйымдастырғаны үшін, «Ақбота» тобының тәрбиешісі Асанова Чынара ханымға алғысымызды білдіреміз.

Ғазиза Жандосқызы.

Поделиться ссылкой: