Қоғамдық қабылдау өткізді

332 Views

Жыл басында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жарлығы жарыққа шыққан болатын. Аталмыш Жарлықта әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы талаптар мен міндеттер айтылған еді. Ел Президентінің қолы қойылған №826-шы Жарлығында «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін», – деп айтылған. Осыған орай, бүгінде әр түрлі деңгейдегі әкімдер елді мекендерді аралап, кездесулер өткізуде. Онда халықтың мұң-мұқтажы тыңдалып, шешілу жолдары қарастырылуда. Халық үніне ұдайы құлақ асып жүрген әкім­дердің арасында аудан әкімі Ернар Есіркепов те бар. Ернар Серікәліұлы бекітілген кестеге сәйкес сәрсенбі күні Өрнек ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.
Шындығын айту керек, аталмыш кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан көптеген мәселелер көтеріліп, өтініш-тілектер тыңдалды. Мәселен, өрнектіктер ауылға мәдениет үйін салу, көше жолдарын жөндеу, электр бағаналарын реттеу, көше жарығын орнату, қайтарымсыз грант алу, жеке кәсіп бастауға жер телімін алу сынды сұрақтармен қайырылды. Сондай-ақ, аталмыш ауылдың тұрғындары ауыл арасымен өтетін жолдың жөнделуіне байланысты көліктер зуыл­дап жүретінін де жасырмады. Сондықтан ауыл аумағына әсіресе әлеуметтік маңызы бар нысан­дардың алдына бейнебақылау орнату немесе жылдамдықты бәсеңдететін амалдарды қарас­тыруды өтінді. Бұл олқылықтардың енді қай­таланбауына ықпал ету үшін аудан басшысы ауылдық округтің учаскелік инспекторына жұ­мысты жандандыру үшін тиісті тапсырмалар берді. Кездесуде ауыл тұрғындары Жарлысудағы ауыз су, баспанаға қол жеткізу, ауылға апаратын жолды және су апаттарынан қорғайтын арықтар мен көпірлерді талапқа сай реттеп беруді сұранды. Ең бастысы өрнектіктер, Жамбыл жерінде қол­ға алынған пилоттық жобаның ауылда жүзеге асқанын қалайтындықтарын жеткізді.
Ернар Серікәліұлы қойылған сауалдар мен өтініштердің барлығы заң аясында кезең-кезеңі­мен шешімін табатынын және қордаланған мәсе­лелер тиісті сала басшыларына жолданып, жоспарлы жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
Түске қарай аудан әкімі дәл осындай фор­маттағы жиынды Ақниет ауылдық округінде де өткізді. Көгілдір отын келіп қуанып жүрген көпшіліктің басты мәселесі – ауылға апаратын жол. Ондағы жұртшылық сол жолдың тезірек ретке келуін асыға күтетіндіктерін өткен жиында жасырмаған болатын. Бірақ бұл жолы ол мәселені халық емес, аудан әкімі өзі көтеріп, бүгінгі күнге дейін атқарылып жатқан жұмыстарды тізбектеп берді. Әкімнің қысқаша баяндамасы түсінікті болғандықтан болар, жиынның «сұрақ-жауап» кезеңінде ақниеттіктер ешқандай өтініш-тілек білдірген жоқ. Тек ауыл ардагері Есен Бекенов ортаға шығып, ауылдың жағдайы тұрақты екенін айтып, әкімдік қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі.
Ресми жиын аяқталғаннан соң аудан бас­шы­сы Ернар Серікәліұлы кейбір тұрғындарды жеке қабылдап, олардың сауалдарына толыққанды жауап қайтарды.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: